Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Дубайдағы оқу-жаттығу жиыны аясында Түрікменстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында ешқашандай трансляция, матч хаттамасы болған жоқ. Екі құрама да осындай келісімге келген.
Магомед Адиев бапкер Грекиямен кездесу алдында ешқандай картаны ашқысы жоқ екені түсінікті. Ұлттар лигасының плей-офф бәсекесі аясында жартылай финалда ежелгі Эллада елінде алаң иелерімен жолығамыз. Сондықтан жігіттердің күшін бір байқап көрді.
Ойынға келсек, Қазақстан футбол федерациясының мәліметі бойынша кездесудің 2-минутында Ислам Чесноков Максим Самородовтың пасынан кейін есептті ашқан. Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды.
Үзілістен кейін 47-минутта Александр Зуев алыстан тоғыздықты көздеп, есепті еселеді.
Демек, Зуев ұлттық құрамадағы алғашқы голын соғып отыр. Бірақ бұл ойында хаттама толтырылмағандықтан есепке алынбайды.
Матчтың алдында Қостанайдың «Тобыл» командасының бапкерлер штабында жұмыс істейтін Евгений Набоченко пікір білдірді. Ол кезінде Түрікменстан қақпасын күзеткен.
«Жігіттер әрине қарсылық көрсетеді. Бірақ Түрікменстанға УЕФА аясында Еуропа құрамаларымен терезесі тең ойын көрсетіп жүрген командамен ойнау қиынға соғады. Түрікмен жігіттерінде де амбиция бар. Бұл құрамалар деңгейіндегі ойын. Өздерін көрсетіп, жақсы ойын көрсетуге тырысады. Оңай болмасы анық. Матчтың жабық режимде өтуіне келсек, бұл тактикаға байланысты деп ойлаймын. Кез келген жабық ойынның өзіндік мәні бар», - деген еді Евгений Набойченко.
Енді Қазақстан 21 наурызда Афиныда Грекиямен жолығады.