Вернуться к списку статей

Қарағандыдан Францияға дейін жеткен футболшы

Футбол
2K

Ол бала кезінде Виктор Абгольцты үлгі тұтып, «Шахтердің» сапында ойнауды армандаған еді. Бірақ футболдағы карьерасы Алматының «Қайратынан» басталды. Кейіннен Украинаның «Днепрінде» ойнап, сол команданың жалпы тарихындағы 50 үздік футболшының қатарына енді. Ал спорттық мансабын Франция аяқтап, кәрі құрлықта қалып қойған футболшыларымыздың бірі – Эдуард Сон туралы әңгіме қозғамақпыз.

Эдуард Сон – 1964 жылы, 18 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Футболға деген қызығушылығы ерте оянған ол алғаш танымал балалар бапкері Анатолий Чудиновтың дайындық тобына барады. Бірақ жасы жетпегендіктен қабылдамай қояды. Араға аз уақыт салып, екінші рет бағын сынап көреді. Сол кезде баланың талабына риза болған бапкерлер жаттығуға қатысуға рұқсат береді. Онымен бірге бұл топта Першин, Чухонцев, Мищенко, Дубков сияқты болашақ футбол жұлдыздары жаттығып жүрді. Келесі жылы танымал футболшы, кейіннен бапкер ретінде өзін мойындатқан Серік Бердалиннің қарамағында ойнады. Жақсы қырынан танылып келе жатқан жас бала 1978 жылы Алматы қаласында жаңадан ашылған республикалық спорт интернатына жолдама алады. Алғашқы жылы отбасы рұқсат бермей, содан келесі жылы түсуіне тура келді. Бұл жерде белгілі футболшы Евгений Кузнецовтан тәлім алды.

Ал 16 жасында Игорь Волчок жатттықтырған «Қайраттың» қосалқы құрамына ілігеді. Осыдан кейін Қазақстан жасөпірімдер құрамасына ойнауға мүмкіндік алып, жасөпірімдер арасындағы бүкілодақтық турнирге қатысады. Бұл турнирде өзінің шеберлігін дәлелдеп, КСРО жасөпірімдер құрамасынан шақырту алды.

13147

– Құрамада Игорь Петров, Павел Яковенко, Станислав Черчесов, Геннадий Литовченко, Игорь Панкратьев секілді ойыншылар болды. Бұл жігіттердің барлығы кейіннен футболда өз есімдерін қалыптастыра білді. Сосын келесі көктемде «Қайраттың» құрамында алғашқы жалақымды ала бастадым. Кейіннен мені дубльге ауыстырды. Өйткені негізгі құрамда Стукашов пен Пехлеваниди секілді үздік шабуылшылар болды. Екеуі де талантты, олармен бәсекеге түсу қиын еді. Бұл тұста Алматы командасының шабуыл шебі мен жартылай қорғаушылары мықты болатын. Сергей Ледовских, Вахид Масудов, Антон Шох, Құрбан Бердыев... Айта берсең, көп. Негізгі құрамға ілігу оңай емес, өзімше ренжіп те жүретінмін. Неліктен, басында негізгі құрамға алынбағанымды енді түсінемін, – дейді Эдуард Сон.

Алғаш «Қайраттың» негізгі құрамында 1983 жылы 19 жасында дебюттік кездесуін өткізді. Келесі жылы Сергей Стукашов Мәскеудің «Динамосына» ауысқанда екінші шабуылшы мәселесі бапкерлердің бас ауруына айналды. Ол кезде қосалқы құрамда Николай Зайцев Юрий Найдовский және осы Эдуард Сон болды. Бапкерлердің тандауы Сонға түсіп, сол сенім үдесінен шыға білді.

Алғашқы голын Мәскеудің «Спартак» командасының қақпашысы Ринат Дасаевтың қақпасына соқты. «Қайрат» сол кездері 10 жыл бойы Мәскеуде «Спартакты» жеңу былай тұрсын, тең ойынға зар болып жүрген. Әрбір ойында кемі қақпаларына 3-4 доптан жіберіп, Алматыға бос қайтатын. Міне осы сәтсіз серияны 1985 жылы Эдик үзген болатын. Құрбан Бердьевтен тамаша пас алғаннан кейіннен, Дасаевпен бетпе-бет шығады. Ринаттың қақпадан шығып кеткенін байқап, төбесінен (парашют) асыра салады. Бұл гол жанкүйер есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

13146

Ал екінші голын Тбилисидің «Динамосының» қақпасының дәл тоғыздығына тоғытты. Осы маусымда негізгі құраммен бірге 25 кездесу өткізді.

Осылайша «Қайраттың» негізгі құрамының ойыншысына айналып келе жатқан жас футболшыны аяқ астынан әскер қатарына шақырады.

– «Қайраттан» кетемін деген ешқандай ой болмаған. Командаға ешқандай сатқындық жасаған жоқпын, оны кейбір жанкүйерлер түсінбейді екен. Керсінше,

Алматыда тұрып, «Қайратта» ойнауды армандайтынмын. Маған қаланың өзі ұнайды. Біз одақтың құрамындағы елдердің астаналарын аралап көрдік, алайда ешқайсысы Алматы сияқты жақын болған емес. «Қайраттың» құрамына 15 жастан асқанда іліктім, сондықтан туғанымдай болып кеткен команда. Оның үстіне, кетпес бұрын командамен бір жетістікке жетуді қалайсың. Мәсуеудегі «Спартакпен» ойында Смоленсктің «Искра» клубының басшылары Геннадий Миневич пен Сергей Морозов отырыпты. Сол кезде олардың көзіне түскен екенмін. Мен туралы сұрастырып білгендерінде, әскер қатарында болмағанымды байқаған. Олар жылдың соңын күтіп, Мәскеудің

ЦСКА командасы арқылы өздеріне шақырып алды. Кеңес Одағының бас штабы мені тауып, Мәскеудің әскери бөліміне 48 сағат ішінде келуді бұйырды. Ал «Қайрат» басшылары ештеңе істей алмайтындарын айтып, баруым керектігін жеткізді. Бұл жағдай аздап көңілімді қалдырды, өйткені көптеген ойыншылардың осындай мәселесін Қазақстанда-ақ шешіп жүрген. Ал мені алып қалмады. Сөйтіп, заттарымды жинап, Смоленскіге ұшып кеттім. Ол жақта екі жыл ойнадым, – дейді футболшы.

«Искра» сол жылы сәтсіз ойнап, бірінші лигадан екінші лигаға түсіп қалады. Дегенмен кубоктық матчта көзге түскен Сонды «Днепрдің» селекционерлері байқап, командасына шақырады. Дәл осы кезде Украина командасының белді шабуылшылары Протосов, Литовченко командадан кетіп, орнын басатын ойыншылар қажет болды. Осы кезде команданың құрамын толықтырған – Сергей Морозов, Вадим Евтушенко, Василий Сторчак сияқты жаңа ойыншылардың арасында Эдуард Сон да бар.

13145

– Жаңа команда сапында алғашқы оқу-жаттығу жиындарына қателеспесем, Уругвайға бардық. Ол жақта шағын турнир өтті. Жарысқа «Пеньяроль», «Насьональ» және Парагвайдың «Олимпия» командалары қатысты. Жай ғана жолдастық кездесу форматындағы турнир болса да, стадионда 80 мың адам отырды. Адамдарың футболға деген фанатизмін көріп, таңқалдым. Біз бұл турнирде жеңіске жеттік. Негізі қарсыластарымыздың атақ-дәрежесі жоғары еді. Бұл біздің жарқын жеңістеріміздің бастауы болды. Ал чемпионат басталғанда бас бапкер Евгений Кучеревский ойыншы ретінде ұнайтынымды, бірақ шабуылшы шегінде сенім арта алмайтынын айтты. Өйткені Владимир Лютый пен Евгений Шахов, Вадим Евтушенко болды. Былайша айтқанда КСРО футболының гранд ойыншылары. Сондықтан тек сол қапталдағы жартылай қорғаушы болуымды өтінді. Қапталда ойнап, әрі-бері жүгіре алмайтынымды айттым. Бас бапкер ортада ойынды жүргізетін Александр Сорокалет көмектесетінін айтты. Әйтеуір, қай кезде шабуылға қосылып, қай тұста демалып алу керектігін сол көрсетіп тұратын. Осылайша, жартылай қорғаушы болып бастап кеттім, арасында гол да соғып жүрдім. Маусым соңында командадағы бомбардирлердің бірі болдым,– дейді Эдуард Сон.

Ол алғашқы маусымда сегіз гол соқты. Бұл жартылай қорғаушы үшін тәп-тәуір нәтиже. «Днепр» сапында КСРО чемпионатында ойыншы ретінде мүмкін болатын барлық жүлдеге қол жеткізді. Біріншіліктің бас жүлдесін 1988 жылы еншілесе, келесі маусымда екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ КСРО кубогымен, Федерация кубогында қанжығаларына байлады. Ал 1990 жылы 23 кездесуде 10 доп соғып, команданың ең үздік мергені атанды. Одан кейін Франция чемпионатының екінші дивизионындағы «Аяччо» командасына ауысты.

Еуропаға қоныс аударуының себебін былай түсіндірді.

90-жылдары қиын кезең басталды. Футболшылары алғашқы тобы Еуропа клубтарын жағалап кетті. Оның алдында 1988 жылы КСРО құрамасы Еуропа чемпионатында финалға жетіп, өздерін дәлелдеп тастаған болатын. Одақ футболшыларының беделі жоғары болды. 1986 жылы Игорь Беланов «Алтын доп» жеңіп алды, Александр Заваров «Ювентус» сапына ауысты. Киевтің «Динамосының» базасында құрама жасақталды. Ол кезде КСРО футболшыларының бағасы өзге шетелдік ойыншылармен салыстырғанда төмендеу еді. Ал маған кейіннен Мәскеудің«Спартак» клубының басшыларының бірі болған Григорий Есауленко Швейцарияға баруға ұсыныс жасады. Алайда «Лозаннаға» жете алмай қалдым. Сөйтіп, «Днепрға» қайта оралдым. Тек жарты жылдан кейін Францияға баратын мүмкіндік туындады. Шыны керек, одақ көлемінде барлық титулға қол жеткізгендіктен отбасымды ойладым. 90-жылдары инфляция қандай болғанын білесіздер. Францияның екінші дивизионына баруға келісім бердім. Әрине, қаржылық жағынан да, өмір сүрк жағынан да Францияда өзімді жайлы сезіндім. Тек футболшы ретінде өкінішім бар. Францияның екінші дивизионының деңгейі біздің чемпионаттан төмен еді, - дейді ол.

13144

Алғашқы маусымда ауыр жарақат алып, тоғыз айын емделумен өткізді. Клуб басшылары осыдан кейін келісімшартты бұзғысы келген болатын. Бірақ Эдик өзін дәлелдеп, келесі маусымда команданың ең үздік сұрмергені болды. Одан кейін «Аяччо» өзінің кәсіби статусынан айырылып, тек әуесқой деңгейдегі команда болып қалды. Осылай төрт жылға жасалған келісімшарты бұзылды. Дегенмен Сонға «Звали», «Дюнкерк», «Лаваль», «Тулон» сияқты командалар қызығушылық танытты. Бірақ оның таңдауы үшінші дивизиондағы «Перпипьян» командасы болды. Команда 1993-1994 жылдардағы маусымда өз дивизионында бірінші орын алып, екінші дивизионға көтерілді. Ал Эдуард 14 доп соғып, команданың бас мергені атанды. Дегенмен, бұл клубпен де қош айтысуына тура келді. Ол кезде «Перпипьянның» қаржылық жағдайы аса мәз емес еді.

Футболдағы карьерасын аяқтайтын уақыт жақындаған кезде «Руан» командасының президентімен кездесіп, ортақ келісімге келеді. Ол футболдан кеткен соң, жұмыс тауып беруге уәде береді. «Руанның» сапында төрт маусымын өткізген соң, 1998 жылы біржола футболмен қош айтысты. Осыдан кейін бизнеспен айналыса бастайды.

Эдуард Сон – қазіргі кезде Францияның Руан қаласындағы танымал кәсіпкерлердің бірі. Руан қаласы мақта-матаның орталығы. Сондықтан болар Эдуардтың кәсібі де осы бағытта.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика