Вернуться к списку статей

Италияда бес қазақ боксшысына Олимпиада жолдамасы бұйырды

Бокс
1K

Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан лицензиялық турнир өз мәресіне жетті. Қазақстан спортшыларына бес жолдама бұйырды.

Қыздардан бірде-біреуі Парижге лицензия ала алмады. Соңғы жарыс күні Валентина Хальзова мен Алуа Балқыбекова мүлт кетті.

Валентина Хальзова ширек финалда Ұлыбритания боксшысы Кинди Нгамбадан жеңілді. Қарсыласы отандасымызды 3 мәрте нокдаунға түсіріп, уақытынан бұрын жеңіске жетті. Бұл 75 келіге дейін салмақ дәрежесі болатын.

13122

Ал Алуа Балқыбекова (50 келі)германиялық Макси Карина Клоетзерден айласын асыра алмады. Қарсыласына 2:3 есебімен жол берді.

13123
Жігіттерден 63,5 келіге дейін салмақта барған Мұхамедсабыр Базарбайұлынан басқасы жолдамаға қол жеткізді.

Жігіттерден Сәкен Бибосынов (51 келі) ширек финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, ұлыбританиялық Киаран Макдональдтан айласын асырып, лицензияға қол жеткізді.

Бибосынов бірінші және екінші раундта қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, үшінші раундта бір рет нокдаун алды.

өрешілердің бірауыздан шешімімен отандасымыз Олимпиада жолдамасына ие болды.

13121

Осылайша Сәкен Бибосынов карьерасындағы екінші Олимпиадада бақ сынамақ. Ол осыған дейін Токио Олимпиадасында сынға түскен болатын.

Махмұд Сабырхан (57 келі) 2011 жылы Астана төрінде өткен жасөспірімдердің әлем чемпионатында топ жарған, сонымен қатар осы жылы әлемде ең мықты жасөспірім атағын жеңіп алған аса тәжірибелі тәжікстандық боксшы Асрор Вохидовтың осал тұсын тапты.

Аса тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша Сабырхан қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, лицензияға ие болды.

Махмұд Сабырхан алғашқы іріктеу сынында эфиопиялық Лета Фикремариам Ядесамен жұдырықтасып, 5:0 есебімен ұтса, осы турнирдегі екінші айқасында Таиланд боксшысы Саравут Суктхетті 3:2 есебімен жеңді.

Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асыланбек Шымбергенов (71 келі) ширек финалда 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әзербайжан боксшысы Вархан Алиевпен жұдырықтасып, қарсыласын 5:0 есебімен қапы қалдырды.

13126
Бұл оның Олимпиада ойындарындағы алғашқы мүмкіндігі болмақ.

Ал 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралбай ширек финалда Ирландия боксшысы Келин Кассидиді 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Нұрбектің егізі Айбек Оралбай (92 келі) ширек финалда АҚШ боксшысы Джамар Тэллиді үйіне қайтарып, Италиядағы бесінші жолдамаға ие болды.

13124

Қазіргі кезде Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) және былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаевтың (+92 келі) жолдамасы бар.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика