Әйелдер арасындағы Ресей чемпионаты кеше басталған. Бекітілген ойындар күнтізбесі бойынша 23 қазан күні мәресіне жетуі керек. Красноярскінің «Енисей» клубы алғашқы ойынын 21 сәуірде Мәскеуде «Локомотив» қыздарымен кездеседі.
Бүгін «Енисей» клубы өзінің Твиттердегі ресми парақшасына «Егер Ресей чемпионатын жеңіп алсақ, онда кубокпен және жүлделерімізбен бүкіл команда болып эротикалық фотосессия өткіземіз» деп жазды. Мұны, әрине, БАҚ өкілдері бірден қағып әкетті, енді жарыса жазып жатыр...
Жақында осы команданың сапына Қазақстан құрамасының шабуылшысы Аида Гайстенова ауысқан болатын. Ол өткен маусымда «Барыс» (Алматы) командасының намысын қорғаған.
Жалпы, «Енисей» биыл құрамын аз да болса, өзгертіп, бас бапкерін де ауыстырған. Әрі биыл жүлделі орындарға сына қағуды да теріс көрмейтіндей. Десек те, мұның жай ғана пиар-қадам болуы да әбден мүмкін...