Осыдан бір ай бұрын қыздарымыз Уэльстен 0:1 есебімен ұтылып, қонақтар қақпасына бірде-бір мардымды соққы жасай алмағанда мұның себебін бас бапкер Айтбай Жамантаев қарсыластардың деңгейінің жоғары болғанындығымен түсіндірген. Расымен де, британдықтар ФИФА рейтингінде бізден тура 30 саты жоғары тұрды. Яғни, 36-шы орында еді. Алайда, Босния және Герцеговина бұл жөнінен бізбен көршілес. Небәрі төрт саты жоғары тұр. Сондықтан, өз алаңымызда балқандықтарды ұтамыз деп үміттенгеніміз рас еді.
Қазақстан – Босния және Герцеговина 0:2 (0:1)
Голдар: Камерич 2, Николич 63
Қазақстан: Железняк, Нұрышева, Ходжашева (Демидова, 86), Қырғызбаева (Жұмабайқызы, 85), Красюкова, Вылданова, Кәрібаева, Бортникова, Николаенко, Бабшук, Мясникова (Гаистенова, 67).
Резерв: Сандалова, Тұрлыбекова, Пенькова, Әбішева, Жұмабайқызы.
Босния және Герцеговина: Ходжич, Раделич, Амира Спахич (Шакотич, 59), М. Хасанбегович, Алексич, Спасоевич, Николич, Алиса Спахич (Аида Хаджич, 67), Кулиш, Камерич (Капетанович, 84), Кршо.
Резерв: Шкорич, Лукич, Лихович, Вуядин.
Төрешілер: Фрида Нильсен, Лине-Мария Расмуссен, Фредерикке Секьяр (бәрі де – Дания).
Алайда, 3-ші минутта-ақ қақпамызда доп тулап жатты. Шабуылда Юлия Николаенко доптан айрылып қалды да, қарымта шабуылды жылдам ұйымдастырған қонақтар үш паспен-ақ қақпамызға жетіп алып, Алма Камерич есеп ашты.
Жылдам гол жіберіп алған қыздарымыз есепті теңестіру мақсатында шабуылға лап қойған. Жоғалтатын ештеңе жоқ. «Босниялықтарды ұтпағанда, басқа кімге шамамыз келеді» деген бас бапкердің өзі. Матч басында осылай деген. Расымен де, біздің топтағы қарсыластарымыздың ең әлсізі осылар. Әйтпесе, ақырып Англия тұр, Уэльстің шамасын өткен жолы көрдік, бутсыларын сайлап Ресей де дайын жүр. Бізбен деңгейлесі тек Босния және Герцеговина. Бірақ, бұл біздің ғана пікіріміз екен. Іс жүзінде біздің қыздардың шамасы оларға да жетпейтінін ойын барысында байқадық.
Екінші таймда орталық қорғаушымыз Юлия Мясникова қателесіп, допты Милена Николичтің аяғына салып берді. Бойы келіскен босниялық қыз Оксана Железняк қорғаған қақпаны екінші рет тесті.
– Уәде еткенімдей, бүгін ашық ойын көрсеттік. Қорғанысқа жатып алған жоқпыз. Үнемі шабуылдаумен болдық. Алайда, бұл команда біз ойлағаннан мықты екен. Тіпті, Уэльстен де жақсы ойнайды. Бізге гол соғатын жақсы шабуылшы жетіспейді. Келесі айда бізді түзде екі кездесу күтіп тұр. Англия және Уэльс қыздарына қарсы ойнаймыз. Бұл матчтарда бізге шабуылшы аса қажет болмайтын шығар. Өйткені, ол жақта біз негізінен қорғанысқа басымдық береміз. Алайда, алдағы уақытта бәрібірде жақсы шабуылшының болғанын қалаймыз. Осы мақсатта жұмыстар жүргізу керек. Бірақ, қайдан табам деп бас қатып жүр. Қазақстан чемпионатында небәрі бес-ақ команда. Ал сұрмергендер өте қат, - деді ойыннан кейін Қазақстан қыздар командасының бас бапкері Айтбай Жамантаев.