Вернуться к списку статей

Әйелдер арасындағы құрамамыз іріктеу турнирін төменнен бастайды

Футбол
2K
Бірінші електік кезеңнің жеребесі тартылды. Фото: uefa.com
Кеше Швейцарияның Ньон қаласында 2019 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатының Еуропадағы алғашқы іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды.

2019 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалдық додасы Францияда өтеді. Оған дүниежүзінің іріктеуден өткен 24 командасы қатысады. Бүкіләлемдік біріншілікке Еуропадан тоғыз құрама барады.

Оның біреуі белгілі. Франция арулары әлем чемпионатының қожайындары ретінде финалдық додаға тікелей жолдама алған. Қалған сегіз жолдама екі електік сатыға және қосымша бір жодама турниріне бөлініп өткізіледі.

Бірінші сатыдағы іріктеу турниіне УЕФА рейтингісінде коэффициенттері төмен 16 елдің құрама командасы қатысады. Өкінішке қарай, Қазақстан қыздары – осы лекте. Кеше осы 16 құрама төрт топқа тең бөлінді:

«A» тобы: Қазақстан, Эстония, Грузия*, Латвия

«B» тобы: Грекия, Албания*, Мальта, Косово

«C» тобы: Израиль, Молдова, Литва*, Андорра

«D» тобы: Түркия, Фарер аралдары*, Черногория, Қаратау (Црна Гора)

Ескерту: * – әр топтың ойындары осы елдерде өтеді.

Өздеріңіз де байқап отырсыздар, Қазақстан әйелдер құрамасы бірінші іріктеу турнирінде Эстония, Латвия және Грузия қыздарымен бірге бірінші топқа түсті. Төрт топтағы ойындар 6, 8 және 11 сәуір күндері жұлдызшамен белгіленген елдерде өтеді.

Төрт топта бірінші орынға ие болған құрамалар және екінші орын алғандардың ішіндегі техникалық көрсеткіші жоғарысы (сонда барлығы бес команда) келесі кезеңге шығады.

Осы ретте айта кетейік, екінші орын алған командалардың техникалық көрсеткіштері “таразыға тартылғанда”, көш соңындағы құрамамен өткізген ойындары есепке алынбайды. Тек өз топтарындағы бірінші және үшінші орындарға ие болған командалармен кездескендегі матчтары қорытындыланады.

Екінші електік саты 2017 жылдың қыркүйек айынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін созылады. Үйде және түзде жүйесімен өтеді. 35 құрама жеті топқа бөлінеді. Жеребе тарту жайлы мәліметтер (мәселен қоржындарға бөлу) кейінірек жарияланады.

Осы жеті топтың жеңімпазы Францияда өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне тікелей шығады. Ал екінші орын алғандардың ішіндегі техникалық көрсеткіштері үздік (жоғары) төртеуі қосымша жодамаға таласады.

Мұнда да көш соңындағы (5-орындағы) құрамамен өткізген ойындары есепке алынбайды. Тек бірінші-төртінші орындарды иеленген командалармен ойнаған кездесулері ескеріледі. Әрі қосымша жолдама плей-офф жүйесінде сарапқа салынады. Әуелі екі жұп түзіліп, екі ойыннан өткізеді (үйде және түзде). Жеңіске жеткендері өзара кездесіп, соңғы жолдамаға таласады (екі матч, үйде-түзде).

Біз қыздарымызға сәттілік тілейміз. Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/8-финалына дейін жетіп, Еурокубоктық додада ысыла бастаған «БИІК- Қазығұрт» қыздары ел намысын абыроймен қорғауға жарап қалды деп үміттенеміз. 

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика