– Астанада команда құруды енді бастадық. Әлбетте, бастапқыда легионерлерсіз болмайды. Сондықтан, Ресей, Украина және Қырғызстаннан футболшылар шақырдық. Бәрін қарап жатырмыз. Көкшетаудан да қыздар бар. Дегенмен, негізгі акцентті өзіміздің астаналық аруларға қоямыз, – деп бастаған Орынбасар Амангелдіқызы әрі қарай былай деп жалғастырды. – Әлі команданы толық жасақтап болған жоқпыз. Астанадағы екі апталық оқу-жаттығу жиынымыз аяқталды. Енді шетелде жаттығу жиынын өткіземіз. Міне, сол жерде бізге жаңа маусымд команда намысын кімдердің қорғайтындықтарын нақты анықтау керек.
– Ал Астанада футболшы қыздарды қайдан табасыздар?
– Бәрі де футболмен бұрыннан таныс қыздар ғой. №8 МБЖСМОР түлектері. Мен де сол жерде әйелдер футболынан жаттықтырушы болып қызмет атқарамын. Менің шәкірттерім өткен жылы 16 жастар арасындағы Қазақстан чемпионы атанған. Ал 17 жастағы аруларым қола жүлдеге қол жеткізген. Командада 16 жасқа толмаған қыздар да бар. Бірақ бәрі де дарынды.Мәселен, Аида Смағұлова 17 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасының негізгі ойыншысы.
– Әлбетте, тек жастарға иек артып, жетістікке жете алмасымыз белгілі. Алаңда кім лидер болады?
– Тәжірибелі футболшыларды айтып тұрсыз ба? Командада спорт шеберлері де бар. Мысалға Әйгерім Бисембаева Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы. Рас, аяғына ота жасатқаннан кейін бір жарым жылдай доп тепкен жоқ. Бірақ, қазір бабында. Командаға көмектесуге дайын. Өте еңбекқор, жауапты қыз. Ақырындап өзінің бұрынғы бабына қайта келеді деп сенемін. Сондай-ақ, Қазақстан әйелдер құрамасының қақпашысы Мадина Шойкина да біздің командада ойнайды.
– Команданың Қазақстан біріншілігіне қатысатыны нақты шешілді ме? «Астананың» алдына қандай мақсаттар қойылған?
– Барлық мәселе шешіліп қойды. Мақсаттарымыз асқақ. Басшылық бізге үлкен тапсырмалар жүктеп отыр. Сенімдерінен шығуға тырысамыз. Қыздар да жаттығуда барын салып, біріншіліктің басталуын тағатсыздана күтіп жүр. Егер дәл осындай құлшыныспен ел біріншілігінің ойындарында да ойнасақ, онда біз кез-келген тапсырманы орындаймыз деп ойлаймын. Астананың арулары да футбол ойнай алатынын дәлелдегіміз келеді.
– Елорданың командалары әрдайым алдыңғы қатарда болуы тиіс деген ұғым бар. Бірақ бізде басқа да мықты клубтар бар. Елорданың «Астанасы» ел біріншілігіндегі үздік командалардың бірі «БИІК» пен «Көкшеге» лайықты қарсылық көрсете ала ма?
– Неге көрсете алмасқа?! Әр команданың өз мақсаты бар. Біз де басшылықтың алдымызға қойған мақсатын орындауға тырысамыз. Әр ойында алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Футболдың мәні де осы емес пе?!
– «Астана» әйелдер командасын молдовалық маман Виктор Сениктің жаттықтыратыны белгілі болды. Тіл табыса алдыңыздар ма?
– Әлбетте, тіл табыстық. Футболға шын берілген адам екені көрініп тұр. Тез түсінісіп кеттік. Әлбетте, кез-келген мәселе талқыға түседі. Содан кейін бір-біріміздің пікірімізді тыңдаймыз да ортақ мәмілеге келеміз.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!