«Пари Сен-Жермен» осал команда емес. Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының финалына шыққан ұжым. 2014/2015 жылдар маусымында финалда бас бәйгеге таласып, немістің «Франкфурт» клубынан ұтылып қалған.
Шымкенттегі ойында Франция клубы деңгейінің жоғары екендігін іс жүзінде көрсете білді. Қазақстан чемпионынан жылдамдықтары да жоғары, командалық ойын өрнектері де көш ілгері болып шықты.
Әрі Чемпиондар лигасының 1/16 финалында Италияның «Веронасын» жеңген «БИІК-Қазығұрт» клубының ойын үлгісін әбден саралап шығыпты. Тактикалық тұрғыда да сауаттылық танытты...
Қонақтар ойынның 17-минутында есеп ашты. Содан соң бірінші тайм аяқталуға айналғанда таблодағы нәтижені еселей түсті. Екінші таймның басында үшінші рет алаң иелерін қапы қалдырды.
Бұдан кейін «Пари Сен-Жермен» қыздары осы есепті уыстарынан шығармауға тырысты. Тізгіндерін тартып, допты өздерінде көп ұстаумен болды. Өздеріне сенімді екендері сезіліп тұрды.
Қарымта матч 17 қараша күні Парижде өтеді. «Пари Сен-Жермен» клубының ширек финалға шығатынына енді ешкім де күмән келтірмейтін сияқты. Ал Чемпиондар лигасының 1/8 финалына алғаш рет шыққан «БИІК-Қазығұрт» осындай азулы командамен додаға түсіп, баға жетпес сабақ алып, тәжірибе жинақтай түседі...
«БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – «Пари Сен-Жермен» (Франция) – 0:3
Голдар: Вероника Бокете, 17. Паредес, 45+1. Паредес, 59.
«БИІК-Қазығұрт»: Железняк, Мясникова, Нганди, Машкова, Кравец, Эшер, Бабшук (Красюкова, 86), Роузборо, Мессомо (Бортникова, 89), Адуле, Габелия.
ПСЖ: Кеджинек, Жорж, Деланнуа, Диалло, Эрика, Кристиане (Сарр, 64), Ламари (Дауди, 81), Паредес, Крус-Транья, Периссе, Вероника Бокете.
Бас төреші: Олга Задинова (Чехия).