Вернуться к списку статей

"Астана" қыздары оннан кем гол соқпайды

Футбол
1K
Игита
Бүгін «Астана» қыздар командасы ел біріншілігінің 8-туры аясында өз алаңында ақтөбелік қыздармен тағы да кездесіп, қонақтар қақпасына жауапсыз 12 гол соқты.

«Астана» – №2 ОБЖСМ (Ақтөбе) 12:0 (8:0)

Голдар: Анна Костина 12, 43, 45. Ирина Чукисова 40, 41-пен. 69. Мария Ялова 18, 54. Маргарита Широкова 72, 85. Юлия Николаенко 16. Марина Пушкарева 65

«Астана»: Саратовцева (Шойкина 46), Жахина, Пушкарева, Хацкевич, Свергун (Корнецова 46), Берендеева, Николаенко, Чукисова (Бекпенбет 46), Ялова, Әлімқұлова (Гайстенова 46), Костина (Широкова 58).

№2 ОБЖСМ: Құрманғазина, Уразистова, Дакаряева, Қожахмет, Амангелді, Жәутікова, Серғали, Жақсымбай, Ақбаева, Кубесова (Сатығалиева 83), Титанова.

Төрешілер: Қарабаев, Үсенова, Құсайынов (бәрі де – Астана)

«Астана-Арена» стадионы. 50 көрермен.

Қыздар арасындағы ел біріншілігінің регламенті бойынша командалар бір қонақты үш күннің ішінде екі рет қабылдайды. «Астана» мен №2 ОБЖСМ арасындағы бірінші ойын 5 шілде күні өткен. Сол матчта алаң иелері 16:0 есебімен ойсырата жеңіске жеткен. Сондықтан, «бұл ойында қандай есеп тіркелер екен?» деген сұрақ көпшілікті кәдімгідей мазалаған еді.

Бірақ, Виктор Сеник шәкірттері бірінші ойындағыдай емес, бұл жолы Ақтөбенің кішкентай қыздарын аяған сияқты. Әр шабуылын голға айналдыруды мақсат көрмеді. Мәселен, бірінші матчта 4-минутта-ақ есеп ашқан болса, бұл жолы асықпай алғашқы голды 12-минутта соқты. Ақнұр Құрманғазина қорғаған қақпаны дәл көздеген Анна Костина еді. Артынша Анна тағы екі гол соғып, хет-трик авторы атанды.

Осылайша бірінші таймда қонақтар қақпасына сегіз гол соғып алған «астаналықтар» үзілістен кейін тағы төрт доп тоғытты.

– Голды үсті-үстіне үйіп соққанда не табамыз?! Шынын айту керек, №2 ОБЖСМ біздің деңгейдегі қарсылас емес. Күшімізді оларға емес, «БИІК-Қазығұртқа» көрсетуіміз керек. Бірақ ақтөбеліктер сапынан да талантты қыздарды байқадым. Ол жақта жүрсе, өспейді-ау. Өзімізге алсақ, мықты ойыншыларды дайындауға болар еді. Жалпы, бізге биыл «БИІК-Қазығұрттың» Чемпиондар лигасындағы тілеуін тілеу керек. Егер олар еурокубокта сәтті өнер көрсетсе, келесі жылы Қазақстанға екі жолдама беріледі. Яғни, біз де Чемпиондар лигасына қатыса алатын боламыз, - деді «Астана» арулар командасының бас бапкері Виктор Сеник. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика