Вернуться к списку статей

"Астана" арулары Ақтөбе қыздарының қақпасына жауапсыз 16 гол соқты

Футбол
1K
Игорь Шитов –
16:0. Бұл қыздар арасындағы ел біріншілігінің 7-туры аясындағы «Астана» – «№2 ОБЖСМ» арасындағы кездесуде тіркелген нәтиже. «Астана-Арена» стадионында Ақтөбе қыздарын қабылдаған елордалық арулар осы маусымдағы ең ірі есепті тіркеді.

«Астана» – №2 ОБЖСМ (Ақтөбе) 16:0 (13:0)

Голдар: Ирина Чукисова 6, 8, 14, 35, 44-пен. Мария Ялова 15, 19, 47. Анна Костина 10, 13. Юлия Николаенко 18, 26. Әйгерім Әлімқұлова 4. Алина Свергун 28. Тоғжан Бекпенбет 65. Марина Пушкарева 86.

«Астана»: Саратовцева (Шойкина 46), Жахина, Пушкарева, Хацкевич, Свергун (Корнецова 46), Берендеева, Николаенко, Чукисова (Бекпенбет 46), Ялова, Әлімқұлова (Гайстенова 46), Костина (Широкова 58).

№2 ОБЖСМ: Құрманғазина, Уразистова, Дакаряева, Қожахмет, Амангелді, Жәутікова, Серғали, Жақсымбай, Ақбаева, Кубесова (Сатығалиева 83), Титанова.

Төрешілер: Булучевский, Үсенова, Тұрсымбаев (бәрі де – Астана)

«Астана-Арена» стадионы. 50 көрермен.

Матч қарсаңында төрт күн бұрын «Астананың» жаттығуына қатысқанбыз. Әу бастағы кездерге қарағанда қыздардың шеберліктері толысып, допты кәнігі шеберлерше меңгере бастағанын сол кезде-ақ байаған едік. Тіпті, сеніңкіремей бас бапкерден, «мына жаттығып жүрген қыздар маусым басынан командада жүргендер ме? Әлде сырттан шақырғансыз ба?», - деп сұрағанбыз.

– Жолай қосылған ешкім жоқ. Маусым басында кімдерді шақырдық, солармен жаттығып жүрміз. Бұл әлі басы ғана. Әлі де көсіле шабатын болады, - деген болатын Виктор Сеник.

Матч басталғаннан-ақ қонақтарды қыспаққа алған алаң иелері 4-ші минутта-ақ есеп ашты. Гол соққан – Әйгерім Әлімқұлова. Есеңгіреп қалған «ақтөбелік» қыздарды «астаналықтар» аяған жоқ. Үсті-үстіне голдарды үйіп, бірінші-таймда-ақ қонақтар қақпасына доптан «үй жасап» тастады.

Үзіліске дейін қақпасына 13 гол жіберген «Ақтөбе» қыздары екінші таймда аздап қарсылық көрсете бастады. Елордалықтар да кішкене босаңқырап қалған еді. Бас бапкер Виктор Сеник те негізгі құрамдағы ойыншыларының бірқатарын алмастырып, жарақатынан енді жазылып келе жатқан қыздарына да мүмкіндік берді. Бірақ, соның өзінде Мария Ялова бастаған арулар тағы үш гол соғып, таблодағы көрсеткішті 16:0-ге жеткізді. Соның бесеуі – пентатрик авторы Ирина Чукисованың еншісінде.

– 16 голу соғу – мақсатымыз емес еді. Дегенмен, маусым басында ел кубогының аясында өткен кездесуде біз олардың қақпасына екі таймда әзер дегенде жеті доп соққанбыз. Қазір прогресс көрініп тұр. Қыздар футбол дегеннің не екенін түсіне бастады. Алайда, әлі де ойынымызды күшейтуіміз керек. Әлбетте, басқаларды да естен шығармаймыз. Бірақ, біздің басты қарсыласымыз – «БИІК-Қазығұрт». Солардан басым түсіп, ел чемпионы атануымыз қажет, - деді ойыннан кейін «Астана» футбол клубының бас бапкері Виктор Сеник. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика