Вернуться к списку статей

Калоян Петков – Қазақстан құрамасына мықты легионер тарту қиын

Футбол
1K
Калоян Петков - Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері
Ойыннан кейін бас командамыздың бас бапкері болгариялық маман Калоян Петковты құттықтап, аз-кем сұхбат өрбіткен едік.

Кеше Қазақстан әйелдер құрамасы «Еуро-2017» іріктеу додасының аясында Шымкентте Израиль қыздарын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл жерлестеріміздің осы іріктеу турниріндегі алғашқы жеңісі. 

Қазақстан - Израиль матчы жайында

– Калоян мырза, кешегі ойынды сараптап, талдап болған шығарсыз. Кездесу қандай әсер қалдырды?

– Бізге қалайда жеңіс қажет болды. Өйткені, қалай екенін қайдам, бұған дейін олар Уэльстен тең есепті жұлып алған болатын. Одан бөлек, біз де Израильмен түзде өткен кездесуде тең түсіп қалғанбыз. Яғни, олардың еншісінде екі, бізде бір-ақ ұпай бар еді. Жеңістен басқа нәтиженің барлығы бізді өз тобымызда соңғы орында қалдырады. Сондықтан, қыздар бар шеберліктерін ортаға салды. Ойыннан кейін әрқайсысына жеке-жеке алғысымды айтып шықтым.

– Бұл матчқа қалаған ойыншыларыңыздың барлығын шақыра алдыңыз ба?

– Жоқ, өкінішке қарай, матч қарсаңында үш-төрт ойыншымыз жарақат алып қалды. Бір футболшымыз дисквалификациясына байланысты көмектесе алмады. Осылайша негізінен 1996 жылғы өрімдей жас қыздарға сенім артуға тура келді. Он күн оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сол жерде біраз қыздарымыздың дайындықтарын пысықтадық. Нәтижесін алаңда көрдіңіздер.

Ерлер құрамасында Смақовтың рөлі қаншалықты болса, қыздар құрамасында Мария Ялованың маңызы соншалықты зор

– Ендеше жастардың жағдайы қалай екен? Олар мұндай деңгейдегі ойындарға дайын ба екен?

– Әлбетте, қобалжып, аздап сасқалақтап ойнағандары байқалды. Бірақ болашақтарынан мол үміт күтуге болатындықтарын білдік. Тек қастарына тәжірибелі ойыншыларды қосып отыру керек. Осындайда құрамада Мария Ялова сынды саңлақтың болғаны қандай жақсы. Естіген шығарсыздар, жақында ғана әкесі қайтыс болған. Моральдық тұрғыда оған футбол ойнау былай тұрсын, доп тебудің өзі қиын болатын. Соған қарамастан, алаңда жанын сала ойнады. Жеңіс голын соққан да сол.

– Соңғы кезде Мария Яловаға байланысты кейбір мамандардың «шау тартқан футболшы. Оның дәурені өткен» деген сынды пікірлерін естіп жүрдік...

– Шыны керек, мен де бұл туралы талай естідім. Тіпті, өзіме келіп, «Яловадан басқа шабуылшы жоқ па?» дегендер де болды. Ешқайсысына құлақ түрмедім. Ялова – қазақ қыздар футболының тірі аңызы. Ерлер футболында Самат Смақовтың мәртебесі қандай болса, қыздар футболында Машаның статусы сондай. Ол ұлттық құрамаға қажет футболшы.

Қарсыластар жайлы

– Енді соңғы турда Норвегия қыздарымен кездесеміз. Оған дейін әлі үш ай бар. Десек те, бұл матчтан не күтуге болады?

– Норвегия – біздің топтың көшбасшылары. Сондықтан, ол жақта біз екінші нөмірмен ойнайтын боламыз және өз бағымызды қарымта шабуылдардан іздейміз. Иә, әр ойында алаңға тек жеңіс үшін шығамыз ғой. Дегенмен, норвегиялықтарға қарсы кездесуде үш ұпайдан дәмелену әбестік болатын шығар. Біз олардан өз жерімізде де ірі есеппен жеңілгенбіз. Алайда, бабымыз бен бағымыз қатар шауып жатса, тең есептен үміттенуге болады.

– Жалпы, өзіміздің топта барлық командамен кездестік қой. Қай ойындар және қай командалар есте қалды?

– Әр ойын өз алдына ерекше ғой. Командалардың жайын білесіздер. Норвегия бұрыннан қыздар футболында әлемнің үздіктерінің бірі. Аустрияда негізінен Неміс Бундеслигасында ойнайтын қыздар доп тебеді. Екі елдің арасы жақын, оның үстіне туыстық байланыстары бар болғандықтан Аустрияны Германияның екінші құрамасы деп те айтуға болады. Германия әйелдер құрамасына ілікпей қалған қыздардың барлығы Аустрияда ойнайды. Ал Уэльстің қыздары Англия ашық біріншілігінде доп теуіп, тәжірибе жинақтағандар.

Легионерлер мен өзіміздің қыздар

– Калоян мырза, жалпы қалай ойлайыз, Аустрия құрамасы секілді бізге де қыздар құрамасына сырттан ойыншылар тартып, Қазақстан азаматтығын беру қажет пе?

– Әу баста біз Гүлнара Габелияны ұлттық құрамаға алғымыз келген. Әзірбайжан тумасы. Қазақстан чемпионатында доп теуіп жүргеніне біраз жыл болды. Осында сіңісіп те кетті. Қазір «БИІК-Қазығұртта» ойнайды. Дегенмен, құжаттарды рәсімдеу барысында оның кезінде Әзірбайжан сапында алаңға шыққаны белгілі болды да, Қазақстанның намысын қорғауға рұқсат берілмеді. Жалпы, Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясында ұлттық құрамаға жақсы легионерлер тарту қиын. Өйткені, екі паспорт рұқсат етілмейді. Осы орайда Испанияға қызығамын. Өткенде Чемпиондар лигасының финалында мадридтік қос команда кездесті. Ойыншыларының барлығы жан-жақтан. Көбісінің екі азаматтығы бар. Ал Қазақстанда ұлттық құрамасында ойнау үшін легионер өз елінің азаматтығынан бас тарту қажет. Оған екінің бірі келісе бермейді. Не командаң мықты болуы тиіс немесе ірі көлемде ақша ұсынуың қажет. Сондықтан, біз легионерлер тақырыбынан бас тартқанбыз. Өз қыздарымызды тәрбиелейміз.

– Жалпы, осы іріктеу додасында сіздің алдыңызға қандай тапсырмалар қойған еді?

– Нақты тапсырмалар қойылған жоқ. Өйткені, қыздар құрамасының әлеуеті белгілі еді. Қазір буын алмасу кезеңі. Біраз ардагер ойыншылар карьерасын аяқтады. Құраманың негізі жастар. Қазір ең бастысы ФИФА рейтингінде ұпай жинап, жоғары көтерілу. Бәлкім, келесі іріктеу додасында қандай да бір мақсаттарды көздеуге болатын шығар.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика