Вернуться к списку статей

Италия, Голландия, Чили... Қазақстанмен "тағдырлас" ТОП-10 құрама

Футбол
1K
Италия, Голландия, Чили... Қазақстанмен
Назарларыңызға 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатынан тыс қалып қойған ұлттық құрамалардың ТОП-ондығын ұсынамыз.

Келесі жылы Ресейде өтетін Әлем чемпионатына қатысатын 32 құраманың барлығы іріктелді. Бұл ФИФА-ға мүше 211 қауымдастықтың ең таңдаулылары. Дегенмен, мундиальға жолдама ала алмаған мықтылар да аз емес. Солардың өзінен де жеке бір әлем чемпионатын жасап жіберуге болатындай. Бүгінгі тақырыбымызда Әлем чемпионатына қатыспайтын ТОП-10 құрамаға тоқталмақпыз.

1. Италия (Еуропа, УЕФА)


ФИФА рейтингіндегі орны – 15

Бұған дейін өткен 20 Мундиальдің 18-іне қатысып, әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған Италия құрамасының Ресейдегі төрт жылдық дүниежүзілік додаға жолдама ала алмауы расымен де ең үлкен сенсация болды. Топтық кезеңде Испанияны алға шығарып, електік кезеңде Златансыз Швецияға жол берген «Скуадра Адзурра» енді Ресейдегі әлем чемпионатын теледидардан ғана тамашалайды. Бұл жерде бәрінен де қақпашысы Джанлуиджи Буффонға обал болды. Ол ұлттық құрамадағы карьерасын бұлай аяқтамауы тиіс еді.

Айта кетейік, Мундиальдің төрт алтынынан бөлек, Италия құрамасы екі рет әлемнің вице-чемпионы атанып, бір мәрте қола жүлдегер болған. Сондай-ақ, бір рет Еуропа чемпионы атағына қол жеткізіп, екі рет финалист, бір рет жартылай финалға дейін жеткен.

2. Голландия (Еуропа, УЕФА)


ФИФА рейтингіндегі орны – 20

Голландия ұлттық құрамасы – Әлем чемпионаттарының болмасын, Еуропа чемпионаттарының болмасын, әрдайым басты фавориттерінің бірі. Бірақ, ешқашан мундиальді жеңіп көрмепті. Рас, 1988 Германияда өткен «Кәртамыс құрлық» додасында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені иеленген. Одан басқа жеңістері жоқ. Ал соңғы кездері Голландия футболының деңгейі тіптен түсіп кетті. 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында финалға дейін жетіп, тек 116-шы минутта ғана испаниялықтардың жеңіс голын жіберіп алған, одан кейін 2014 жылы Бразилияда жартылай финалға жеткен Нидерланды футболшыларының сол буынынан жанкүйерлер үлкен үміт күткен. Бірақ 2016 жылы Еуропа чемпионатына жолдама ала алмады, енді міне, Ресейге де бармайтыны белгілі болды. Іріктеу турнирінде өз тобында 19 ұпай жинап, Франция мен Швецияға жол берді.

Осылайша, өкінішке қарай, әлем чемпионатынан Уэсли Снейдер, Робин Ван Перси сынды ардагерлерді айтпағанда Дейли Блинд, Джорджиньо Вейналдум, Мемфис Депай сынды таланттарды көре алмайтынымыз өкінішті.

3. Чили (Оңтүстік Америка, КОНМЕБОЛ)


ФИФА рейтингіндегі орны – 9

Әлем чемпионатына қатысатын құрамалардың кейбірін айтамыз да. ФИФА рейтингінде Оңтүстік Корея 62-сатыда, Сауд Арабиясы 63-ші, ал Ресей 65-ші сатыға орналасқан. Ал Чили 9-орында. Әділетсіздік деп айтуға болады. Бірақ, соңғы турда Бразилиядан 0:3 есебімен ойсырай ұтылған өздерінен көрсін. Тым болмағанда тең түскенде, онда Перу құрамасын артқа тастап, електік ойындарына қатысуға мүмкіндік алар еді.

Алайда, әлем чемпионатынан Алексис Санчес, Артуро Видаль сынды мықтыларды көре алмайтынымыз өкінішті. Соңғысы тіпті, соңғы сәтсіздіктен кейін ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді.

4. Уэльс (Еуропа, УЕФА)


ФИФА рейтингіндегі орны – 14

Уэльс – Әлем чемпионатына қатыспайтын құрамалардың ішінде рейтингі жөнінен Чилиден кейін екінші орында. Яғни, ФИФА рейтингінде 14-ші сатыда тұр. Бірақ, Уэльс әлем чемпионатын айтпағанда «Кәртамыс құрлық» додасына да бар болғаны бір-ақ рет қатысқан. Алайда, 2016 жылғы Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен бұл командадан тағы бір ерлік күткен. Өкінішке қарай, Гарет Бэйл де, Аарон Рэмси де көмектесе алған жоқ, Уэльс өз тобында Сербия мен Ирландияны алға шығарып, Мундиальдан тыс қалып қойды.

5. АҚШ (Солтүстік Америка, КОНКАКАФ)


ФИФА рейтингіндегі орны – 27

Бұған дейін қатарынан жеті әлем чемпионатына қатысқан АҚШ құрамасының Ресейде өтетін мундиальға бармауын саясатпен байланыстыратындар көп. Ол жағы бізге беймәлім. Тек бір айта кетерлігі, 2017 жылы КОНКАКАФ жеңімпазы атанған америкалықтардың іріктеу турнирінің соңғы турында топ аутсайдері Тринидад және Тобагодан қалай ұтылып қалғаны біз үшін шынымен де жұмбақ. Әйтпесе, қалпақпен қайырып алатын қарсылас еді. Тым болмағанда тең түскенде, онда әлем чемпионатының тікелей жолдамасын жеңіп алар еді.

6. Украина (Еуропа, УЕФА)


ФИФА рейтингіндегі орны – 30

Андрей Шевченко баптаған Украина құрамасына жанкүйерлер үлкен үміт артқан. Алайда, өз тобында 17 ұпай жинап, турнир кестесінде 3-ші орын алып қалды да, алға Исландия мен Хорватияны жіберіп қойды. Жалпы, украиндардың тағдыры соңғы турда шешілді. Өз алаңында хорваттарды қабылдаған, 0:2 есебімен ұтылып қалды. Егер жеңгенінде електік кезеңге қатысар еді.

7. Түркия (Еуропа, УЕФА)


ФИФА рейтингіндегі орны – 33

Іріктеу турнирінде Түркия құрамасы да Исландия, Хорватия және Украинамен бір топта болған. Бірақ, төртінші орынмен шектелді. Жалпы, әр іріктеу кезеңі сайын мундиальға бір табан жақындап тоқтайтын түрік бауырларымыз әлем чемпионатына үш-ақ рет қатысқан. Соңғы рет 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда жартылай финалға дейін жетіп, қолаға қол жеткізген. Содан бері бақтары жанбай келеді. Өкінішті, Түркия қай турнирдің болмасын сәнін келтіретін еді.

8. Камерун (Африка, КАФ)


ФИФА рейтингіндегі орны – 42

Қыста Габонда өткен Африка ұлттарының кубогында жеңімпаз атанған Камерун футболшылары жарты жылдың ішінде доп тебуді ұмытып қалды дегенге сену қиын. Алайда, расымен де камерундықтар іріктеу кезеңінің өз тобында төрт команданың ішінде Нигерия мен Замбиядан кейінгі 3-ші орын алып қалды да, «Қара құрлықтың» басты сенсациясын жасады. Жалпы, әлем футболына Роже Милла, Самуэль Это'о, Жереми Нжитап, Ригобер Сонг сынды футболшыларды сыйлаған Камерун расымен де Ресейге баруға лайықты еді. Қалай десек те біз олардың жаңа креативті формаларын сағынатын боламыз.

9. Гана (Африка, КАФ)


ФИФА рейтингіндегі орны – 52

Гана футболы да таланттарға кенде болған емес, құрамасында Асамоа Гьян, Андре Айю сынды мықтылар әлі де бар. Осы жылы қыста Габонда өткен Африка ұлттарының кубогында чемпион атанған Камеруннан ғана жеңіліп, жартылай финалға дейін жетті. Бірақ, «Қара құрлықтың» командалары тұрақсыз дейтіні рас екен ғой, өз тобында төрт команданың ішінде Египет пен Уганданы алға шығарып, небәрі үшінші орынмен шектелді.

10. Кот-д’Ивуар (Африка, КАФ)


ФИФА рейтингіндегі орны – 61

Әлбетте, қатарынан үш әлем чемпионатына қатысқан Кот-д’Ивуар құрамасында қазір Дидье Дрогба, Коло Туре, Яя Туре, Эмануэль Эбуэ, Дидье Зокора сынды мықтылар жоқ, бірақ шеберлері әлі де жетерлік. Мысалға, Жервиньо, Саломон Калу, Сейду Думбия, Вильфрид Бони сынды шеберлердің әлі бір атарлары бар екені анық. Алайда, биыл бұл құраманың жолы болмай-ақ қойды. Африка ұлттарының кубогында топтан шыға алмағаннан кейін Бельгиядан бас бапкер ретінде Марк Вильмотсты шақырған. Ол да жарытпады. Ивуарлықтар Марокконы алға шығарып алып, әлем чемпионатынан тыс қалып қойды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика