Вернуться к списку статей

Мәссаған, безгелдек – Әлем чемпионатының финалында 48 команда ойнайды

Футбол
1K
ФИФА кеңесі әлем чемпионатының финалында ойнайтын құрама командалар санын 32-ден 48-ге көбейту туралы шешім қабылдапты. Бұл 2026 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтын болыпты.

Финалдық додаға 48 құрама жолдама алып, олар 16 топқа үш командадан бөлінеді екен. Әр топтан екі құрама финалға шығады. Үшіншісі бірден үйіне қайтады. Әрі қарай – 1/16, 1/8, 1/4, 1/2 финалдық ойындары мен финал.

Сонда финалға шыққан құрамалар барлығы жеті матч өткізеді. Яғни қатысушылар саны артқанымен, әр құраманың өткізетін ойындары саны артпайды. Бірақ әлем чемпионатының финалында өтетін жалпы матчтар саны 64-тен 80-ге артады.

Бірақ әлем чемпионаты қазіргідей 32 күннің ішінде өткізіліп шығады екен. Әрі футболшыларға қосымша жүктеме түсірілмей, әр ойын арасындағы демалыс күндер де бұрынғы (қазіргі) үлгідегідей сақталып қалмақ көрінеді.

Тағы бір көңіл аударарлығы, әлем чемпионаты мұндай үлгіде өтетеін болса, тең ойын деген болмауы тиіс көрінеді. Бұл мәселе әлі егжей-тегжей жарияланған жоқ. Бірақ осындай сөз бар. Әрине, плей-оффта тең ойын болмайды. Себебі екі құраманың біреуі келесі кезеңге шығуы керек. Ал топтық ойындар кезінде қалай болары – әлі белгісіз.

Сондай-ақ, әр құрлыққа бөлінетін жолдамалар саны әзірше төмендегідей болады деп жарияланған: Еуропа – 16 құрама, Африка – 9,5 құрама (қосымша жолдама сарапқа салынады), Азия – 8,5 құрама, Солтүстік және Орталық Америка, Оңтүстік Америка – 6,5 құрамадан, Мұхит жағалаулары – 1 құрама.

Бұдан байқайтынымыз, Еуропаға небәрі үш (тіпті екі) жолдама ғана қосылған. Ал қалған құрлықтардың жолдамаларының саны шамамен екі есе артқан. Бұған 2018 жылғы әлем чемпионатының әр құрлыққа бөлінген орындар (квоталар) санынан байқай аласыздар:   

Еуропа – 13 құрама (және чемпионат қожайыны – Ресей), Африка – 5 құрама, Азия – 4,5 құрама, Оңтүстік Америка – 4,5 құрама, Солтүстік және Орталық Америка – 3,5 құрама, Мұхит жағалаулары – 0,5 құрама.

Былайша айтқанда, әлем чемпионатындағы құрамалар санын көбейту кейбіреулерге (әсіресе, еуропалықтарға) ұнап та жатқан жоқ. ФИФА-ның жаңа президенті Джанни Инфантиноға “бұртиып” өкпелеп жүргендер де бар.

Мәселен, әлем чемпионатын өткізетін елге түсетін ауырлық пен жүктеме бірнеше есе артады. 12 топтағы 48 команданың ойынын өткізу үшін қаншама стадион, база, қонақ үй және басқа да инфрақұрылымдық нысандар керек?!

Бірақ ФИФА әлем чемпионатының финалында додаға түсетін құрамалар санын арттыру арқылы жанкүйерлер легін бірнеше есе көбейтуге болатындығын көлденең тартады. Тіпті 2026 жылғы әлем чемпионатында 640 миллион доллар пайда табуды жорамалдап отырған да көрінеді.

«Мұның бәрін ФИФА президенті басқа құрлықтардың жолдамасын көбейте отырып, өз беделін өсіру үшін істеп отыр», – деушілер де бар. Қалай десек те, әлем чемпионатының финалдық додасына ондаған жылдар бойы қатыса алмай жүрген бірнеше елдің мұндай бақытқа қол жеткізері анық.

Бірақ бізге бәрібір қиындау сияқты. Өйткені Еуропаға үш-ақ жолдама қосылған. Ал Азиядан Өзбекстанның әлем чемпионатына баруы... бек мүмкін. Қалай болар екен, ә?!

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика