Допты бермей қою
Әлбетте, «Славияны» Прагада ұту былай тұрсын, олармен тең түсудің өзі де оңай емес. Дегенмен, ұтылмайтын команда болмайды. Кез-келген ұжымның өз әлсіз жері болады. Чехтардың әлсіздігін Еуропа лигасының 4-ші турында Испанияның «Вильярреалы» көрсетіп берді. Естеріңізде болса, 3 қарашада Прагада өткен ойын 2:0 есебімен испаниялық клубтың пайдасына шешілген болатын. Рас, «Астананы» «Вильярреалмен» салыстыруға болмас. Алайда, елордалық клубтың сапында да Серікжан Мужиков, Иван Маевский, Срджан Граховац сынды допты ұстай алатын жігіттер бар. Егер «Вильярреалдың» тактикасына сүйеніп, алаң иелерін допсыз жүгіртіп қойсақ, чехтардың міндетті түрде мысын баса аламыз.
Қос қапталмен ойқастау
Басқа шептерін пайтпағанда, «Астананың» қос қапталы мықты екенін Қазақстанда барлық команда мойындаған. Еуропалықтар да бұған көз жеткізіп келеді. Ендеше «Славияны» қалай жеңеміз велосипед ойлап шығарудың қажеті не? Оң қапталдан Твумаси ойқастаса, сол қапталда Марин Томасов пен Роман Муртазаевтың бірі атой салса, онда «Славияның» қорғанысы ерте ме, кеш пе, бәрібір сыр беретіні түсінікті. Бұлардың қатарына сол қапталды жалғыз өзі-ақ мойнына ала алатын Дмитрий Шомконы қосыңыз. Егер осы футболшылар матчқа дұрыс дайындықпен келсе, Чехия астанасынан маңызды үш ұпаймен оралуымыз әбден мүмкін.
Қарымта шабуылға иек арту
Қалай болған күнде де, «Астана» бүгін бірден алға атойламай, қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға иек арта ойнайтыны түсінікті. Ең бастысы, соны дұрыс пайдалана білуіміз қажет. Рас, Ненад Эричтің жұмысы көп болады. Алайда, егер қақпашымыз өз иелігін абыроймен қорғап, қорғаушыларымыз сауатты ойнай білсе, қарымта шабуылда бір амалын табуға болар. «Астана» түзде де гол соға алатынын «Вильярреал» және «Маккабиге» қарсы кездесулерде дәлелдеген.
Шкоданың аяғынан сақ болу
«Славияның» басты сұрмергені – Милан Шкода. Кезінде карьерасын қорғаушы ретінде бастап, кейін алғы шепке өткен шабуылшы соңғы үш маусымда прагалықтарды өрге сүйреп жүр. Былтыр 15 голмен Чехия чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Биыл 16 ойында 7 гол соқты. Яғни, ең бастысы осы футболшыдан көз жазып қалмауымыз қажет. Әйтпесе, басқа гол соғатын жігіттері көп емес. Былтыр Шкодамен қатар босниялық Мурис Мешанович те біраз голдар топырлатып тастаған еді, бағымызға орай, бұл шабуылшы қазір лазаретте жатыр.
«Слован» тәжірибесі
«Славияның» «Вильярреалдан» ұтылғанын испаниялықтардың мықтылығынан деп білсеңіздер, онда олардың өз алаңында Либерецтің «Слованынан да жеңілгенін ойлап қойыңыздар. Ал бұл команда «Вильярреалды» айтпағанда, «Астанадан» да мықты емес. Ендеше прагалықтардан үш ұпай алуға болады. Бұл үшін «Слован» тәжірибесін пайдаланып көрсек те болатын шығар. Чехия чемпионатының жағдайынан бейхабар жандар үшін айта кетейік, қазанның 22-сі күні өткен «Славия» – «Слован» матчында либерецтіктер жылдам шабуылға иек артып, бірінші минуттан бастап алаң иелерінің қақпасын піспектеді. Рас, бірінші минуттарда гол соғу мүмкін болған жоқ. Есесіне 35-ші минутта есеп ашты да, қорғанысқа жатып алды. Ал екінші таймда «Славия» футболшылары тайлы-тұяғымен шабуылға көшіп, қорғанысты ұмытқанда «Слован» күтпеген жерден қарымта шабуыл ұйымдастырып, прагалықтардың қақпасына екінші голды соқты. Жалпы, ойын 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталған.
Міне, біздің пікір осындай. Әлбетте, «Астананың» бас бапкері Станимир Стойловтың өз ойлағаны бары анық. Ең бастысы, бүгін елордалықтарға сәттілік серік болсын дейміз.