Вернуться к списку статей

«Вильярреал» шабуылшысы – Испаниядағы қазан айының ең үздік ойыншысы

Футбол
1K
Испания чемпионатының қазан айындағы ең үздік футболшысы Астанаға келді. Фото: villarrealcf.es
«Вильярреал» клубының ресми сайты Седрик Бакамбудің Испания чемпионатының өткен айдағы ең үздік ойыншысы болып танылғандығын жариялады.

Джуниор Кабананганың тарихи отандасы өткен айда Испания чемпионатында алты гол соғыпты (7-9 турларда). «Эйбар» клубының қақпасына үш гол салса (3:0), түзде «Жирона» командасын екі рет қапы қалдырған (2:1). Одан кейін «Лас-Пальмас» клубын ойсырата ұтқанда, бірінші голды соққан болатын (4:0).

«Сары субмариналардың» (яғни «сүңгуірлердің») шабуылшысына бұл жүлде Испанияға барған соң, алдағы жексенбіде, яғни келесі турда «Севильямен» өтетін ойының алдында салтанатты түрде табысталады екен.

Өздеріңіз білесіздер, «Вильярреал» қазір Испания чемпионатында 6-орынды иемденіп тұр. Олар 1 қазаннан бері алты ойын өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті де, екі рет тең түсті.

Ал Седрик Бакамбуге келер болсақ, ол қазір – Астанада. «Вильярреал» қазақтың бас қаласына бүгін VIP-ұшақпен ұшып келген. Ертең Қазақстан чемпионымен кездеседі. Жалпы, «Сары сүңгуірлер» Сарыарқа төсіне 19 ойыншы әкелді:

қақпашылар – Мариано Барбоса, Андер Кантеро, Диего Фуоли;

қорғаушылар – Марио Гаспар, Антонио Рукавина, Адриан Марин, Хауме Коста, Виктор Руиз, Даниэле Бонера, Альваро Гонсалес;

жартылай қорғаушылар – Родриго Эрнандес, Ману Тригерос, Пабло Форнальс, Бруно Сориано, Рамиро Гуэрра, Даниэль Раба;

шабуылшылар – Седрик Бакамбу, Карлос Бакка, Никола Сансоне.

Жарақаттанып қалғандар мен жарақатынан әлі айығып кетпегендер (келе алмағандар):

Серхио Асенхо, Андрес Фернандес (екеуі де – қақпашы), Рубен Семеду (орталық қорғаушы), Самуэль Кастильехо, Денис Черышев (екеуі де – жартылай қорғаушы).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика