Вернуться к списку статей

Мысы басып «Маккабиді» атой салды «Астана»

Футбол
2K
«Астана» – «Маккаби» – 4:0. Фото: fca.kz
«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі үшінші ойынын өз жерімізде өткізіп, «Маккаби» (Тель-Авив) клубын ойсырата жеңді.

Ойын басталған бетте «Астана» футболшылары ширақ қимылдап, басымдық танытты. Қонақтарды қыспаққа алып, қарқындарын үдете түсті. «Маккаби» де қарап қалмады. Ебін тауып, қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Бірақ Қазақстан чемпионы құйындай орап соғып, Тель-Авив клубының қорғаушыларын әбден састырды.

Басқа амалдары қалмаған «Маккаби» қорғаушылары «Астананың» шабуылын тоқтату үшін ойын ережесін бұзуға дейін барды. Әрі мұндай жағдай жиілей түсті. 32-минутта қонақтар алға ентелеген Джуниор Кабананганы шалып құлатты. Төреші айып соққысын белгіледі...

Айып соққысын Дмитрий Шомко орындап, допты шірене тепкен. Қақпашы құрған тосқауылдан жанамалау ұшқан допты Дор Перец қолымен тоқтатты. Бас төреші оған ескерту жасап, 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Пенальтиді Патрик Твумаси мүлтіксіз орындады. Қақпашы орнында сілейіп тұрып қалды да, доп оның оң жақ бұрышында тулап жатты.

Шомко – Твумаси жұбы 42-минутта тағы бір гол соқты. Дмитрий әдеттегідей сол қапталмен атойлап алға шауып, айып алаңына тағағанда, допты көлбеулете ортаға тастады. Твумаси сол кезде алаңның келесі қанатымен құстай ұшып, бар екпінімен допты қақпаның өзіне қарама-қарсы бұрышына «қадады». Қонақтардың қорғаушылары да, қақпашысы да, тіпті кірпік қағып үлгермей, қапы қалды.

«Астана» екінші таймды да жоғары қарқында бастады. «Маккаби» матчтың бірінші жартысындағы екі голдан кейін еңсесін тіктей алмаған сияқты. Енді Джуниор Кабананганың жұлдызы жанды. Соңғы ойындарда мергендігімен көзге түсе алмай жүрген Конго ДР шабуылшысы гол соғудан жаңыла қоймағандығын дәлелдеп, екі гол соқты. Әуелі алыстан қақпаның алшақ бұрышын дәл көздесе, іле-шала допты доғаша иіп, қақпашыдан асыра салды.

Осы екі гол «Маккабидің» сағын сындырмаса да, ұнжырғаларын түсіріп жіберді. Қонақтар тек «ойын тезірек аяқталса» екен деп жүргендей болды. Ал «Астана» айылын жиған жоқ. Үздіксіз шабуылдады. Бірақ өз қақпасына гол жіберіп алмауды да ойлады. Бұдан кейін гол соғудың сәті түспеді.

«Астана» – «Маккаби» – 4:0 (2:0)

Голдар: Твумаси, 33-пенальтиден. Твумаси, 42. Кабананга, 47. Кабананга, 52.

Ескертулер: Мұжықов, 13. Шитов, 61 – Перец, 33. Блэкмен, 41.

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Мужиков (Граховац, 68), Маевский, Бейсебеков (Тағыберген 85), Муртазаев (Томасов, 74), Твумаси, Кабананга.

«Маккаби» (Тель-Авив): Райкович, Давидзаде, Бабен, Бен-Хаим 1, Шпунгин, Баттокьо, Йейни, Перец (Рикан, 46), Блэкмен, Сушич (Атар, 46), Кьяртанссон (Тиби, 75).

Төрешілер: Бойко, Плужник, Володин (бәрі де – Украина).

19 қазан. Астана. «Астана Арена».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 18 – 5
Тура соққы: 7 – 1
Қиыс кеткені: 10 – 2
Тойтарылғаны: 1 – 2
Бұрыштама соққылар: 3 – 2
Офсайдтар: 3 – 2
Доп иелену: 48% – 52%
Пастар дәлдігі: 89% – 88%
Пастар: 507 – 539
Дәл пастар: 452 – 476
Ескерту (сары қағаз): 2 – 2
Ереже бұзу: 17 – 10

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика