Вернуться к списку статей

"Астананы" "Селтикке" жығып берген төреші Глазгодағы ойынға қайта бекітілді

Футбол
1K
Өткен жылы «Астананың» екі ойыншысын алаңнан қуып, қақпамызға екі пенальти белгілеген румын төрешісі Иштван Ковач ертеңгі «Селтик» – «Астана» кездесуінде қайта қызмет етеді.

Бұл төреші былтыр да «Селтик» – «Астана» кездесуінде қызмет еткен. Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясындағы жауапты ойын болатын. Қақпамызға 45-ші минутта бірінші пенальтиді белгілеп, Ли Гриффитс оны соқты. Одан кейін Агим Ибраими таразы басын теңестірген. Бірақ 90-шы минутта Ковач тағы да «Астана» қақпасына пенальти тепкізді. Бұл жолы Мусса Дембеле жеңіс голын соғып, «Селтикті» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығарды. Бұдан бөлек, румын төрешісі қосымша уақытта Игорь Шитов пен Дмитрий Шомконы алаңнан қуған.

Дегенмен, ертең Иштван Ковач бас төреші емес, қосалқы арбитрдің қызметін атқарып, қақпа сыртынды тұрады.

Ал бас төреші – Овидиу Хацеган. 37 жасар румын – өте тәжірибелі арбитр. Былтыр «Селтиктің» бір ойынында қызмет атқарған. Каталониядағы сол кездесуде «Барселона» шотландиялықтарды 7:0 есебімен ойсырата жеңген. Одан бөлек, Әлем және Еуропа чемпионаттарының финалдық ойындарында, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде, сондай-ақ, Еуропа лигасының жартылай финалында төрелік еткен.

Хацеганға бұл ойында қос қапталдан отандастары Октавиан Совре мен Себастьян Георге көмектессе, Иштван Ковач пен Себастьян Колтесу қақпа сыртында қарап тұрады.

Жалпы, УЕФА-ға 55 ел мүше. Әрқайсысында кем дегенде 4-5, кейбіреулерінде 10-нан астам төреші УЕФА ойындарында қызмет атқара алады. Бірақ, аталмыш ұйымның дәл осы румындарға байланып қалғаны таңғалдырады. Әйтеуір, арты қайырлы болсыншы.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика