Вернуться к списку статей

«Астана» – «Селтик» кездесуінің билет бағасы екі есе қымбаттады

Футбол
1K
«Астана» – «Селтик» кездесуінің билет бағасы екі есе қымбаттады
«Астана» футбол клубы 22 тамыз күні «Селтикке» қарсы өтетін ойынның билет бағасын жариялады. Осының алдында болған «Легияға» қарсы кездесумен салыстырғанда билет бағасы екі есе қымбаттаған.

Әуелі айта кетейік, 16 тамыз күні Глазгода шотландиялықтарға қарсы бірінші ойынын өткізіп қайтатын «Астана» жауапты матчты 22 тамыз күні «Астана-Аренада» қабылдайды. Ойын сағат 21:30-да басталады.

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің аясында өткен «Астана» – «Легия» (Польша) кездесуінің билеттері 500 бен 2500 теңгенің арасында болатын. Клуб әкімшілігі плей-офф кезеңіне билет бағасын екі есе қымбаттатыпты. Яғни, аталмыш кездесудің билет бағасы 1 000 теңге мен 5 000 теңге аралығын құрайды. Дегенмен, болмашы концерттердің кіру құны 10 000 теңгеден басталып жатқан да Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі үшін 5 000 теңге дегенің әсте қымбат емес.

Билеттер 6 санатқа бөлінген. 1-ші санат – 1000 тг, 2-ші санат – 1 500 тг, 3-ші санат – 2 000 тг, 4-ші санат – 2 500 тг, 5-ші санат – 3 000 тг және көпшілік арасында VIP сектор ретінде танымал 6-шы санаттың билеттері 5 000 теңгеден.

Ойын билеттері алдағы күндері Ticketon.kz сайты арқылы онлайн жүйеде сатылымға шығарылады. Стадион кассаларының жұмыс уақыты туралы ақпарат қосымша кейінірек хабарланады.

Студенттер мен мектеп оқушыларына 50% жеңілдік қарастырылған. Зейнет жасындағы адамдарға (зейнеткер екендігін дәлелдейтін құжаттарын көрсеткен жағдайда) ойынға кіру тегін. Зейнеткерлерге ыңғайлы болу үшін W1 секторы арнайы бөлінген.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика