Вернуться к списку статей

Еуропа лигасында «Ертістің» «Црвена Звездаға» шамасы жетпеді

Футбол
1K
«Црвена Звезда» (Сербия) – «Ертіс» (Қазақстан) – 2:0. Фото: crvenazvezdafk.com
Павлодардың «Ертісі» Белградта «Црвена Звезда» клубынан ұтылып, Еуропа лигасындағы өнерін екінші кезеңде тәмамдады.

Әр маусым сайын емес, тіпті әрбір трансфер кезеңінде құрамын өзгертіп отыратын «Ертіс» Еуропа лигасының үшінші електік кезеңіне өте алмады. Биыл Павлодар клубының жолын шежіресі мол «Црвена Звезда» клубы кесті. Болгария маманы Димитар Димитров бұл жолы Сербия клубынан айласын асыра алмады.

«Ертіс» түзде де тырысты. Аянған жоқ. Жанкештілік танытты. Бірақ деңгейі сәл жоғарылау белградтықтар дес бермеді. «Ертіске» бесаспап шабуылшы керек-ақ. Шабуыл өтінде ұстараның жүзіндей лыпылдаған бір сұрмерген болғанда, есе жібермес те ме еді. Команда сапына кейіннен қосылған Игорь Бугаевтің дәл қазіргі қабілеті бір-ақ ойынға жеткендей...

Өкінішті, «Ертісте» гол соғатын шабуылшы жоқ. Алда да, тылда да, шабуылда да, қорғаныста да – сол баяғы Карлуш Фонсека. Тыным таппай, зыр қағып жүргені. Одан кейін – Стефан Живкович. Мүмкіндік болса, қорғанысты тастай беріп, сол қапталмен алға қарай құстай ұшады...

Алаң иелері ойынның басында-ақ бір гол соғып алды. 10-минутта Дамир Дәуітов ойын ережесін бұзып, «Црвена Звезда» айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болған. Митчелл Дональд допты доғаша иіп, қақпаның өзіне жақын бұрышына дөп түсірді. Әдемі гол!

Тосқауыл құрып тұрған үш ойыншымыздың бірі кеш секіріп, жаза басты. Қақпашы Давид Лория ышқына секіргенімен, допқа жетпеді. Осындайда қақпашының бойы үзын болғаны қандай жақсы десеңізші. Әлде тосқауылға құрғанда тағы бір-екі ойыншы қосу керек пе еді?..

Содан бір сағаттан астам уақыт бойы «Ертіс» табан тіресе додаға түсті. Бірақ ойын аяғына қарай футболшыларының көбісі титықтап қалғандай болды. Ал алаң иелері қарқындарын үдетіп, тағы бір соқты. Сол қанаттан көлбеу ұшқан допты Славолюб Срнич қорғаушыдан бұрын қимылдап, қақпаға бағыттап үлгерді.  

Сөйтіп, «Ертіс» те Еурокубок додасынан шығап қалды. Осы ретте айта кетерлігі, Павлодар клубы Еуропа лигасында биыл бесінші рет бақ сынады. Алғашқы екеуінде бірінші кезеңде-ақ ауып қалса, қалған үшеуінде екінші сатысынан өте алмай қойды...

«Црвена Звезда» (Сербия) – «Ертіс» (Қазақстан) – 2:0 (1:0)

Голдар: Дональд, 10. Срнич, 77.

Ескертулер: Стойкович, 7. Срнич, 77. Ле Таллек, 90+5 – Живкович, 60.

«Црвена Звезда»: Манойлович, Анджелкович, Ле Таллек, Савич, Стойкович, Дональд (Рачич, 90+1), Йовичич, Рикардиньо, Срнич (Пешич, 83), Канга, Боакье.

«Ертіс»: Лория, Кислицын (Дарабаев, 66), Дәуітов, Маслач, Стаменкович, Живкович, Родриго, Гетериев (Фофана 82), Калинин, Фонсека (Попов, 84), Бугаев.

Төрешілер: Сан, Де Алмейда, Санджованни (бәрі де – Швейцария)

20 шілде. Белград. «Райко Митич» стадионы.

Бірінші ойын – 1:1.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 5
Тура соққы: 4 – 3
Қиыс кеткені: 6 – 1
Тойтарылғаны: 0 – 1
Бұрыштама соққылар: 6 – 4
Офсайдтар: 2 – 2
Ескерту (сары қағаз): 3 – 1
Ереже бұзу: 12 – 12

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика