Вернуться к списку статей

Гректердің ең қымбат ойыншысы алаңға шықпайды немесе Олимпиакос – Астана туралы 10 дерек

Футбол
1K
Константинос Фортунистің құны 10 млн. евро
Бүгін ел чемпионы «Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңінің 3-туры аясында түзде Грекияның «Олимпиакос» командасымен кездеседі. Назарларыңызға әдеттегідей осы текетірес туралы он фактіні ұсынамыз.

1. Матч бейсенбіден жұмаға ауған түні Астана уақытымен сағат 01:05-те басталады. Кездесудің тікелей трансляциясын «Оң тв» телеарнасы ұсынады. 

2. Афины мен Астананың уақыт айырмашылығы төрт сағатты құрайды. Ал ауа-райы Пирейде бүгін кешкісін футбол ойнауға қолайлы болмақ. Бірнеше күн тынбай жауған жауыннан кейін бүгін ол жақта күн ашық болмақ. Ауа-райы бағамы 21 градусты көрсетеді деп күтілуде.

3. Букмекерлердің басым бөлігі бұл ойында «Олимпиакос» жеңеді деп отыр. Көпшілік букмекерлік кеңселер алаң иелерінің жеңісіне 1,34 коэфициентімен бәс қабылдауда. Тең ойын тіркеледі дегенге 4,6 коэфициент. Ал қонақтар ұтады дегенге 8,8 коэфициент.

4. Кездесуге Тобиас Штилер бастаған неміс төрешілері қызмет етеді. Оған қос қапталда отандастары Майк Пикел мен Ян Зайдель көмектеседі. Резервтегі төреші – Марко Ахмюллер. Соңғы рет 35 жастағы Штилер еурокубок додасында «Шахтер» мен «Брага» арасындағы кездесуге төрелік еткен. Сол матчта рефери футболшыларға алты сары қағаз көрсетіп, бір ойыншыны алаңнан қуған.

5. «Астана» сапында жарақатына байланысты алаңға Азат Нұрғалиев шыға алмайды. Сондай-ақ, Агим Ибраимидің де алаңға шығу-шықпауы белгісіз. Ал «Олимпиакостың» бас бапкері Паулу Бенту көпшілік күтпеген шешім қабылдап, үздік ойыншыларының бірі неміс Марко Маринді алдағы ойынның хаттамасына тіркемепті. Сондай-ақ, жарақатына байланысты тағы бір хавбек Константинос Фортунис те бүгінгі ойынға қатыса алмайды.

6. Transfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, «Астана» футболшыларының жалпы бағасы 15,8 млн. евроны құраса, «Олимпиакос» футболшыларының жалпы бағасы 76,9 млн. евро. «Астананың» ең қымбат ойыншысы – Неманья Максимович (2 млн. евро), ал гректердің ең қымбат футболшысы – Константинус Фортунис (10 млн. евро).

7. УЕФА рейтингінде «Олимпиакос» 27-орында, «Астана» 127-ші орында. IFFHS рейтингінде «Олимпиакос» 28-ші сатыда, ал «Астана» 66-орында тұр.

8. «Астана» биылғы еурожорығы жайлы талай жаздық. Ал «Олимпиакос» Грекия чемпионы ретінде Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінен бастап, Израильдің «Хапоэль Б-Ш» командасынан ұтылып қалды. Одан кейін Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде Португалияның «Арока» клубын тізе бүктіріп, топтық кезеңге жолдама алған.

9. Еуропа лигасының екі турынан кейін «Астана» бір ұпаймен «В» тобында 3-орында тұр. Жерлестеріміз алдымен түзде «Аполден» 1:2 есебімен жеңіліп қалып, екінші турда өз алаңында «Янг Бойзбен» ұпай бөлісті. «Олимпиакос» бірінші турда түзде «Янг Бойзды» ұтқанымен, екінші турда өз алаңында «Апоэлге» есе жіберіп, осы топта екінші орынға жайғасқан. Ал Грекия чемпионатында пирейліктер 5 турдан кейін 12 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді.

10. Жалпы, «Астана» мен «Олимпиакос» бұған дейін бір-бірімен кездеспеген. Бірақ 2007 жылы Қостанайдың «Тобылы» Интертото кубогының аясында Грекияияның тағы бір командасы «ОФИ» клубымен кездесіп, екі матчта да 1:0 есебімен ұтқан. Ал 2013 жылы Қарағандының «Шахтері» Еуропа лигасының топтық кезеңінің аясында Афинының «ПАОК» командасымен бір топқа түсіп, екі матчта да ұтылған (0:2, 1:2).

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика