Вернуться к списку статей

“Астана” мен “Янг Бойз” – екі ұпай жоғалттық...

Футбол
1K
«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екінші турда Швейцарияның «Янг Бойз» командасын қабылдап, 0:0 есебімен тең түсті.

Ашығын айтайық, бұл ойында «Астанадан» тек қана жеңіс күткен едік. Бұл ретте, «Янг Бойз» клубының Еурокубок додаларындағы ойындарына көңіл бөліп, түзде өткізген соңғы бес кездесуінде де ұтылып қалғанын ескерген едік. "Жеңуіміз керек" деп жұтынбай қайтейік, осы матчтардағы доп айырмасы 2:18 екен...

Оның үстіне, Швейцария клубының бас бапкері айтқандай, «Янг Бойздің» негізгі құрамдағы бірнеше ойыншысы Сарыарқа төсіне келе алмаған болатын. Алайда, «Астана» алғаш рет 4550 шақырым жер жүріп, Швейцария клубтары ішінде бірінші болып осындай алыс сапарға шығып, рекорд жаңартқан Берн клубынан айласын асыра алмады.

Матч басталған бетте қонақтар ширақ қимылдап, емін-еркін ойнады. Бірнеше рет допты ойынға бұрыштан қосып, шабуылдаумен болды. Бірінші таймның ортасында Йорик Раве «Астананың» бірнеше қорғаушысын алдап өтіп, көрермендердің зәре-құтын алды. Абырой болғанда, Эрич бөгет жасап, сасқанынан қақпадан сәл биік тепті.

Тек осыдан кейін ғана «Астана» қарқынын үдетіп, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Әсіресе, Джордже Деспотовичтің аяғымен қайшылап тепкен добы қақпа маңдайшасына тиіп, кері серпілгенде, стадиондағы көрермендер аһ ұрды...

Екінші таймда да екі команда алма-кезек шабуылдап отырды. Бірақ жылдамдықтары аса жоғары болған жоқ. Әйтсе де, «Астананың» гол соғатын бірді-екілі мүмкіндігі болды. Бірақ допты қақпа торына тулатудың сәті түспей-ақ қойды.

Айтпақшы, «Астана» бұл ойынды екі шабуылшымен бастады. Бір қызығы, Патрик Твумаси тағы да қосалқы құрам орындығында қалды. Сірә, елорда клубының бас бапкері Гана футболшысының кейбір ойындардағы жүрдім-бардым ойындарынан көңілі қатты қалса керек.

Содан не керек, екінші таймның аяғында көрермендер «Тву-ма-си, Тву-ма-си» деп қиқуға басты. Енді гол соғатын адам керек. Гананың ұстараның жүзіндей лыпылдаған жігіті үміттің соңғы "жұрнағы" іспетті еді. Алайда «Астананың» бас бапкері сонда да оны алаңғка шығармады. Әрі ойыншыларын тым кештеу алмастырғандай болды.

Десек те, ойынға тыңнан қосылған футболшыларымыз да гол соға алмады. Тіпті қауіпті соққы бағыттаудың да қисынын таппады. Алаң иелерінің қос қапталдан әуелетіп берген пастары қонақтардың еңгерзедей қорғаушылары мен қолдары ұзын қақпашысының оңай олжасына айналып отырды...

Ал алаңнан Кабананга кеткен соң әуелетіп пас берудің өзі тиімсіз болып шықты. «Астана» футболшылары «Янг Бойз» клубының қорғанысын бұзып-жарып өте де алмады, алыстан соққы бағыттап, қақпаны дәл “көздеудің” де ретін таппады.

«Астана» (Қазақстан) – «Янг Бойз» (Швейцария) – 0:0

«Астана»: Эрич, Шитов, Аничич, Малый, Шомко, Каньяс, Максимович, Бейсебеков, Мұжықов (Нұрғалиев, 84), Деспотович (Нөсербаев, 74), Кабананга (Тағыберген, 84).

«Янг Бойз»: Мвого, Саттер, Нуху, фон Берген, Лецякс, Бертоне, Сулеймани (Шик, 81), Закария, Раве, Кубо (Эбишер, 90+1), Фрай (Дуа, 81).

Бас төреші: Саймон Эванс (Уэльс)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 8

Тура соққы: 3 – 2

Қиыс кеткені: 5 – 6

Тойтарылғаны: 2 – 0

Қақпа маңдайшасы: 1 – 0

Бұрыштама соққылар: 3 – 6

Офсайдтар: 10 – 0

Доп иелену: 56% – 44%

Пастары: 346 – 214

Дәл пастары: 318 – 181

Пастар дәлдігі: 91% – 84%

Қорғаныста доп тартып алу: 32 – 29

Ескерту (сары қағаз): 0 – 2

Ереже бұзу: 9 – 16

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика