«Астана» футбол клубының ресми сайты стадионға келетін көрермендерінің басым көпшілігі студенттер мен оқушылар болғандықтан билет бағасын арзандатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін, дәлірек айтқанда, қыркүйектің ортасында «Астана» – «Янг Бойз» матчының билеттері 2 000 – 10 000 теңге аралығында деп жарияланған болатын. 7 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады, бірақ олар – орынсыз (алдыңызға алып отыруыңыз керек).
Сонымен, «Астана» – «Янг Бойз» кездесуінде ең арзан билет 1 000 (мың) теңге, ал ең қымбаты (1-санатты) 7 000 теңге тұрады екен. Жалпы, билет бағаларының реті төмендегідей:
1-санат (W3-7 жұмсақ орындар) – 7 000 теңге;
2-санат (W4-6, E 4-6) – 4 000 теңге;
3-санат (W2-3, 7-8, Е 2-3, 7-8) – 2 500 теңге;
4-санат (W1-2 (жоғарғы), 8 (жоғарғы) -9, Е 1-2 (жоғарғы), 8 (жоғарғы)-9)– 1 500 теңге;
5 және 6-санаттар (қақпаның арты мен бұрыштағы секторлар) – 1 000 теңге.
Сонымен қатар, «Астана» футбол клубы ресми сайтының баяндауынша, студенттер мен оқушыларға арналған 50 % жеңілдіктер де бар көрінеді. Ал зейнеткерлер (зейнеткерлік кітапшасын көрсетсе) ойынды тегін тамашалай алады екен. Оларға W1 секторы арнайы бөлінген.
Ал билетті бұрынғы қымбат бағамен сатып алып қойғандарға, баға айырмасы бойынша басқа шаралардың билеттеріне, ticketon.kz онлайн жүйесі арқылы дисконт (шегерілім) ұсынылатын болыпты.
«Астана» футбол клубы дәл қазір fca.kz және ticketon.kz сайттарында онлайн жүйесі арқылы билеттер сатып алуға болатындығын да құлаққағыс жасап отыр. Ал стадион маңындағы кассалар кешеден бері жұмыс жасап жатыр. Жұмыс уақыттары – 11:00-ден 20:00-ге дейін. Матч өтетін күні, яғни 29 қыркүйекте кассалар сағат 10:00-ден бастап ашық болады.
Ең өкініштісі, билеттердегі сөздер (деректер) – тек орыс және ағылшын тілдерінде...