Вернуться к списку статей

“Астана” тағдыр тарту еткен үш ұпайды уысынан шығарып алды

Футбол
2K
АПОЭЛ (Кипр) – «Астана» (Қазақстан) – 2:1. Фото: uefa.com
Бүгін «Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізіп, Никосияда жергілікті АПОЭЛ клубынан 1:2 есебімен ұтылып қалды.

Ел чемпионатының ХХVІ турында «Қайраттан» ойсырай ұтылып қалған «Астана» Никосияда негізгі құрамына аздап өзгеріс енгізіпті. Ең бастысы, қорғаныстың орта шебі Сергей Малыйға сеніп тапсырылыпты. Ол Марин Аничипен бірге орталық қорғаушы міндетін атқарды.

Игорь Шитов қорғаныстың оң қапталында ойнап, Абзал Бейсебеков оның алдында зыр жүгіріп, жартылай қорғаушы ретінде өнер көрсетті. Бірақ бекініс шебіндегі серіктеріне көмектесіп те жүрді.

Патрик Твумаси мен Азат Нұрғалиев қосалқы құрам орындығына жайғасып, алаңға бірінші минуттан бастап Джордже Деспотович шықты. Қалған ойыншылар – өз орындарында.

Алаң иелері ойын басталғаннан бастап, атойлап алға шауып, Қазақстан чемпионын өз қақпасына қарай тықсырып тастады. Бірақ «Астана» қорғаушылары сауатты түрде қорғанып, олардың шабуылдарын тойтарумен болды.

Шамамен 20-минутқа таман қақпашымыз Ненад Эрич жаза басып, допты Кипр клубы ойыншыларының біріне бере салды. Абырой болғанда, өз қатесін өзі түзеп, АПОЭЛ ойыншысының соққысын тойтарды.

Жарты сағаттай уақыттан кейін алаң иелерінің қарқындары сәл де болса бәсеңсіп, «Астананың» қарсы шабуылдары жиілей бастады. Ал бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минутта Максимович есеп ашып, АПОЭЛ футболшыларын сең соққандай күйге түсірді.

«Астананың» сирек шабуылдарының бірін алаң иелерінің қорғаушылары тойтарған еді. Бірақ кері ұшқан теңбіл доп Максимовичтің аяғына келіп түсті.  Неманья оны шиіре тепті. Жерге тиіп, дедек қаққан ала доп қақпа ішінен бір-ақ шықты. Бейқам тұрған қақпашы сан соғып қала берді.

Жалпы, Максимович – Никосияда гол соғуға шебер. Былтыр тамыз айында АПОЭЛ клубының қақпасына гол соғып һәм есепті теңестіріп, «Астананы» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан болатын...

Екінші таймда АПОЭЛ тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Айылдарын жимай, қарқындарын үдетті. Басында «Астана» олардың толассыз шабуылдарын тойтарып, жеңісті есепті уысынан шығармауға тырысты-ақ.

Алайда Кабананга алаңнан кеткеннен бастап, допты алғы шепте аз да болса ұстап, қорғаушыларды дамылдатып алу мүмкін болмай кетті. Твумасидің бос жүгірістерінен де, бетін басып жатып алғанынан да ештеңе шықпады.

Ақыры АПОЭЛ «Астананың» қорғанысын бұзып тынды. Тіпті бір емес, екі рет... 75 минут бойы алаң иелерінің жойқын шабуылдарына төтеп берген Қазақстан чемпионы соңғы 15 минутта екі мәрте қателесті.

Әуелі әуелеп ұшқан доп Абзал Бейсебековке тиіп, кері серпілді. Бірақ Винисиус біздің қорғаушылардан бұрын қимылдап, есепті теңестірді. Қорғаушыларымыз да, қақпашымыз да орталарындағы бір ойыншының допты қақпаға тебуіне мүмкіндік беріп қойды.  

Ал АПОЭЛ ойыншылары мұнымен шектеліп қоймады. Матч тең аяқталса да, жаман болмас еді. Бірақ тағы да әуелеп жеткен доп, тағы да қорғаушыларымыз Кипр клубы шабуылшысына бөгет бола алмады.

Ал қақпашымыз допқа қарсы жүгіріп шықпақ түгілі, оны қағып та ала алмады, бауырына басып та қала алмады. Теңбіл доп қолының астынан сынаптай сусып өтіп кетті...

Осылай, «Астана» тағдырдың тосын сыйын, яғни үш ұпайдың тым бомаса біреуін уысында ұстап қала алмай, жеңіліске ұшырады. Екінші таймда тек бекініс құрып, қорғана бермей, допты өз қақапасына алысырақ ұстауға тырысқандары жөн ба еді?!

Ал «Астана» екінші таймда сәл шегініп, алаң иелерін қарсы шабуылдарымен сан соқтырып кетуге тырысқандай. Қалай десек те, тактикалық тұрғыда да қателескендей болды...

АПОЭЛ (Кипр) – «Астана» (Қазақстан) – 2:1

Голдар: Максимович, 45+1 (0:1). Винисиус, 75 (1:1). де Камарго, 87 (2:1).

АПОЭЛ: Ватерман, Лаго, Карлао, Астис, Миланов, Эфрем (де Камарго, 70), Орланди (Бертольо, 56), Винисиус, Мораиш, Сотириу, Янниотас (Вандер, 78).

«Астана»: Эрич, Шомко, Малый, Аничич, Шитов, Каньяс, Максимович, Бейсебеков, Мұжықов (Тағыберген, 77), Деспотович (Твумаси, 57), Кабананга (Нөсербаев, 70).

Бас төреші: Александар Ставрев (Македония).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 24 – 7

Тура соққы: 9 – 1

Қиыс кеткені: 5 – 6

Тойтарылғаны: 10 – 0

Бұрыштама соққылар: 7 – 0

Офсайдтар: 1 – 7

Доп иелену: 69% – 31%

Пастары: 465 – 132

Дәл пастары: 417 – 108

Пастар дәлдігі: 89% – 81%

Ескерту (сары қағаз): 3 – 6

Ереже бұзу: 12 – 17

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика