Вернуться к списку статей

Беларусьтің БАТЭ-сі қазақтың “Астанасынан” қаймыға ма?..

Футбол
1K
Чемпиондар лигасының биылғы додасында жолы болмаған «Астана» енді Еуропа лигасында бақ сынап көреді. Қарсыласы – БАТЭ (Беларусь) клубы.

БАТЭ де Чемпиондар лигасында бастаған...

Негізі, БАТЭ де биылғы Еурододаны Чемпиондар лигасында бастаған. Екінші електік кезеңде Финляндия чемпионы СИК (Сейняйоки) клубымен жолы түйісіп, өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жетіп, түзде 2:2 есебімен тең түсті. Жалпы есеп – 4:2. Беларусь чемпионы келесі кезеңге өтті.

Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысында Ирландияның «Дандолк» клубымен додаға түсті. «Борисов-Аренада» 1:0 есебімен тең түскенімен, Дублинде 0:3 есебімен ойсырай ұтылып, Чемпиондар лигасынан тыс қалды.

Беларусьтардың қазақ чемпионымен кездескісі келмеп еді...

БАТЭ клубының бас бапкері де, белді ойыншылары да «Астанамен» кездесуді қалаған жоқ болатын. Өйткені олар Қазақстан чемпионын жақсы біледі. Былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде тәп-тәуір ойын үлгісін көрсеткенін де көрген. Өз алаңында ешбір клубтан ұтылмай жүргендігінен де хабардар.

Басқасы басқа, бірақ «Атлетико», «Бенфика» және «Галатасарай» сынды азулы командалардың өздері «Астананы» Сарыарқа төрінде жеңе алмай, тең түскендеріне шүкіршілік еткендерін де көріп, тәнті болған. 2013 жылы Қарағандының «Шахтерінен» “таяқ жегендерін” де ұмытпаған (0:1, 0:1).

Өткен жұмада Ньонда Еуропа лигасының жеребесі тартылып, БАТЭ «Астанаға» тап болғанда, Беларусь басылымдары қуана қойған жоқ. Олар тіпті «жалпы, Қазақстан чемпионының деңгейі Борисов клубынан аса жоғары емес, әйтсе де, жеребе мүлде жеңіл түскен жоқ» деп қынжыла жазды.

Үмітсіз шайтан ғана...

Әрине, БАТЭ-нің бас бапкері де, ойыншылары да, жанкүйерлері де, тіпті Беларусь мамандары мен журналистері де «Астанадан» қаймығады. Бірақ оны білдіртпейді, әрине. Әрі айлаларын асырып, “тазы болып шалып”, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуды ойлайды.

«Үмітсіз шайтан ғана» дегендей, БАТЭ де, үміт сәулесі көмескі болса да, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуді көксейді. Олар тіпті «Астана-Аренадағы» бірінші матчта қанша ойыншымыздың жасыл алаңға шыға алмайтындықтарын әлден санап отыр.

«Селтик-Аренадағы» шектен тыс шиеленісті ойында «Астананың» тоғыз ойыншысы ескерту алып, екеуі алаңнан қуылған болатын. Енді Шитов, Шомко, Мұжықов, Кабананга, Ибраими келесі ойында жасыл алаңға шыға алмайды.

Сондай-ақ, Беларусь басылымдарының қайсыбіреуі «Астананың» «Жальгиристі» әзер жеңіп, екінші електік сатыдан әупіріммен шыққандығына да көңіл бөліпті.    

Ақша. Бюджет. Трансфер...  

Беларусь басылымдарының деректеріне сенсек, БАТЭ клубының бюджеті алты миллион доллар көлемінде ғана екен. «Ал “Астананың” бюджеті – жеті жарым есе көп, әрі бай-қуатты демеушісі бар» деп жазады осы елдің спорттық басылымдары.

Алайда немістің беделді transfermarkt.de сайтының деректеріне жүгінсек, БАТЭ клубы ойыншыларының жалпы нарықтық бағасы 18,8 миллион еуроны құрайды екен. Ал «Астана» ойыншыларының нарықтық бағасы – 15,8 милион еуро. Иә, Беларусь чемпионы қымбаттау болып тұр.

БАТЭ клубының ең қымбат үш ойыншысы – Неманья Милунович (2,5 миллион еуро), Мирко Иванич (2 миллион еуро), Денис Поляков (1,7 миллион еуро). Ал «Астананың» қымбат үштігі – Неманья Максимович (2 миллион еуро), Агим Ибраими (1,75 миллион еуро), Рохер Каньяс (1,5 миллион еуро).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика