Вернуться к списку статей

“Астана” Шотландияда жаттығу жұмысын өткізді

Футбол
1K
Чемпиондар лигасы үшінші електік сатысындағы қарымта матчын Глазгода өткізетін «Астана» футбол клубы кеше Шотландия астанасына ұшып барып, жаттығу жұмыстарын өткізе бастады.

Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысында Шотландияның 47 дүркін чемпионымен, яғни әйгілі «Селтик» клубымен жолы түйіскен «Астана» кеше Глазгоға аттанып кеткен-ді. Бірінші ойын елодада өтіп, Қазақстан чемпионы айқын басымдық танытқанымен, бақтары жанбай, 1:1 есебімен тең түскен болатын.

Ертең түнде қарымта кездесу өтеді. Әрине, өз жерінде «Селтиктің» көсіле сілтеп, жеңіске жетуге тырысатындығы – айдан анық. Мүмкіндігі де мол, әлеуеті де жетеді. 60 355 көрермен сыйып кететін «Селтик Парк» стадионына жиналған көрермендерінің де демеп-жебеп отыратындықтары, айтпаса да түсінікті.

Әйтсе де, «Астана» футболшыларының да намысты қолдан бермеуге тырысатындықтарына сенеміз. «Үмітсіз – шайтан ғана» дегендей, қазақстандық жанкүйерлер де Қазақстан чемпионының жанкешті жігіттеріне көңілге қонымды нәтиже күтеді.

Бәрін де «Селтиктің» мол шежіресі мен атақ-даңқтары емес, жасыл алаңдағы дүлей дода шешетінін «Астана» клубының ойыншылары жақсы біледі. Өз алаңында Глазго клубы ойыншыларының екі аяқтарын бір етікке (бутсыға) “тыққан” Қазақстан чемпионы түзде де гол соға алатындарына сенімді сияқты.

Кеше таңертең «Астана» Глазгоны бетке алып, тоғыз сағат ұшып барды. Елорда әуежайында оларды жанашыр жанкүйерлері сәттілік тілеп, шығарып салды.

Қазақстан чемпионы Шотландия астанасына мына құрамда аттанды:

қақпашылар – Ненад Эрич, Александр Мокин, Абылайхан Дүйсен;

қорғаушылар – Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Марин Аничич, Игорь Шитов, Сергей Малый, Біржан Күлбеков;

жартылай қорғаушылар – Азат Нұрғалиев, Серікжан Мұжықов, Асхат Тағыберген, Рохер Каньяс, Неманья Максимович, Агим Ибраими, Абай Жүнісов, Геворг Наджарян;

шабуылшылар – Патрик Твумаси, Джуниор Кабананга, Джордже Деспотович.

Өкінішке қарай, команда капитаны Таңат Нөсербаев жарақатынан әлі айығып кеткен жоқ. Ал Мәди Жақыпбаев еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасы сапында, Сербияда оқу-жаттығу жиынында жүр. Екеуі де Глазгоға бара алмады. Қалғандары – қатарда.

«Астана» қарымта матч қарсаңындағы жаттығу жұмыстарын кеше кешкісін бастаған. Қонақ үйге орналасып алған соң ертеңгі матчқа дайындықтарын бастап кетті. Астанамен уақыт айырмасы – 5  сағат.

Естеріңізге сала кетейік, Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысындағы «Селтик» пен «Астана» арасындағы қарымта матч ертең, яғни сәрсенбіден бейсенбіге ауған түні, біздің уақытпен 00:45-та басталады. 

Өз кезегімізде еліміздің чемпионы "Астана" клубына сәттілік тілейміз. Ертеңгі матчта жеңіске жетіп немесе 2:2 есебімен тең түсіп, плей-оффқа шығуына тілектеспіз. 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика