Вернуться к списку статей

“Астананың” келесі қарсыласы – “Селтик”... миллионерлерінің санын көбейтпек

Футбол
2K
«Астана» 2016/2017 жылдар маусымындағы Чемпиондар лигасының үшінші електі сатысында Шотландияның әйгілі «Селтик» клубымен кездесетін болды.

«Селтик» Чемпиондар лигасының екінші електі сатысында Гибралтардың 14 дүркін чемпионы «Линкольн» командасымен кездескен болатын. 2013 жылдың 24 мамырында ғана УЕФА құрамына қабылданған бұл елдің чемпионы бірінші ойында Шотландияның әйгілі клубын 1:0 есебімен жеңіп кетіп, көпшілікті таң қалдырды.

Кеше түнде «Селтик» Глазгода «Линкольнді» қабылдап, 3:0 есебімен ойсырата ұтып, келесі кезеңге шықты. Осы ретте айта кетуіміз керек, Шотландия чемпионы осы үш голды төрт минуттың ішінде соғып (бірінші тайм ортасынан ауа), содан кейін тізгіндерін тартты.

Енді, Чемпиондар лигасының үшінші електі сатысында «Астана» мен «Селтик» кездеседі. Екі матчтан тұратын кездесуде басым түскені плей-оффта бақ сынау құқығына қол жеткізеді. Ал ұтылып қалғаны немесе бағы жанбағаны Еуропа лигасына ойысады.

Жалпы, «Селтик» – шежіресі мол, азулы команда. Өз елінің 47 дүркін чемпионы. 36 рет Шотландия кубогының жеңімпазы атанған. 1967 жылы Еуропа чемпиондары кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасын) жеңіп алып, 1970 жылы финалында ойнаған. Сондай-ақ 2003 жылы УЕФА кубогының иегері атанды.

«Селтик» Қазақстанды және «Астана-Арена» стадионын жақсы біледі. 2013 жылы Чемпиондар лигасының плей-офф сатысында Шотландия чемпионы Қарағандының «Шахтерімен» кездескен. Астанада өткен бірінші ойында 0:2 есебімен ұтылып қалып, өз алаңында 3:0 есебімен есе қайтарып, екі матчтың қорытындысы бойынша топтық кезеңге жолдама алған.

Олар «Астананың» былтырғы ерен жетістігінен де – хабардар. Бәрін көріп-біліп, саралап отыр. Қазақстанның қазіргі чемпионына өту үшін алдағы екі матчқа дейін құрамын күшейтіп алуды ойластырып отырған көрінеді. Еуропада жазғы трансфер кезеңі әлі біткен жоқ.

Атап айтқанда, «Селтик» бапкерлері «Манчестер Сити» клубының «Астон Виллаға» жалға берген жартылай қорғаушысы Скотт Синклерге қызығып отырғандай. Бұл футболшы 2005-2010 жылдары «Челсидің» құрамында ойнаған... 2011 жылға дейін Англияның 17-21 жастар арасындағы барлық (бес) құрамасының сапында ойнап шыққан.  

Сондай-ақ  «Блэкберн» клубы мен Ирландия құрамасының қорғаушысы Шейн Даффиге де көздері түсіп, келіссөздер жүргізіп жатқандай.

Жалпы, немістің transfermarkt.de деген әйгілі сайтының деректеріне сенсек, «Селтиктің» барлық ойыншыларының трансферлік бағаларының қосындысы 51,3 миллион еуро екен. Ал «Астананың» жалпы трансферлік бағасы – 15,3 милион еуро “ғана”.

Осы ретте айта кетейік, «Селтик» сапындағы ең қымбат ойыншылар – жартылай қорғаушы Патрик Робертс (5 млн еуро), команда капитаны Скот Браун (4,5 млн еуро), қорғаушы Микаэль Лустиг (3,5 млн еуро). Бес ойыншысы үш миллион еуроға бағаланады. Сондай-ақ тағы үш футболшысының бағасы екі миллион еуродан асады.

Ал «Астананың» ең қымбат ойыншысы әзірше екі миллион еуроға ғана бағаланады (Неманья Максимович). Шотландия чемпионында мұндай екі миллионға бағаланып отырған футболшы саны – екеу.

Айтпақшы, кеше түнде «Селтиктің» қымбат ойыншылары сенімді ақтады. Үш голды Патрик Робертс, Микаэль Лустиг және Ли Гриффитс (2 млн еуро) соқты.

Әйтсе де, теңбіл доп додасында жасыл алаңдағы кездесу тағдырын футболшылардың бағасы емес, ұжымдық ойын үлгісі мен ойыншылардың жанкештіліктері шешеді. Бұл жағынан «Астана» жігіттері «Селтиктің» миллионерлерінен асып түседі деп сенеміз.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика