Вернуться к списку статей

“Қайрат” пен “Маккаби” тең түсіп, Аршавин мен Бенаюн гол соқты

Футбол
2K
Еуропа лигасының үшінші електік сатысысындағы бірінші ойынын Алматыда өткізген «Қайрат» Тел-Авивтен келген «Маккабиді» ұта алмады.

Бұл ойын толассыз жаңған жаңбырдың астында өтті. Құдды, Андрей Аршавин мен Йосси Бенаюн «Тұманды Альбиондағы» бәсекелері Алатау бөктерінде жалғасын тапқандай болды. Бірақ екеуі алаңда бір-біріне төрт-ақ минут қарсы ойнады. Әйтсе де, өз голдарын соқты...

Айтпақшы, Предраг Райкович осыдан бір жыл бұрын «Црвена Звезда» сапында Алматыда болған. Сонда оған «Қайрат» футболшылары әр ойында екі голдан соғып еді. Биыл сол “жоспар” орындалмады...

Ал ойынға келер болсақ, кездесуді «Қайрат» тәп-тәуір бастады. Ширақ қимылдап, 8-минутта гол да соқты. Бірақ Жерар Гоудың бұл добы оффсайдтан соғылып, есепке алынбады.

Бірақ «Маккаби» өте тәжірибелі команда екен. Ойыншылары теңбіл допты ұршықша үйіріп, бір-біріне қақпақылдап, «Қайратты» қақпасына қарай тықсыра бастады. Бірнеше рет қақпашы Плотников қас шеберлік танытып, қауіпті соққыларын тойтарды.

Ал «Қайрат» қарсы шабуылдарымен піспектеуге көшті. Осындай шабуылдарының біреуі өте сәтті аяқталып, Гоудың артына қарай ысыра салған добын Аршавин қақпаның оң жақ бұрышына сүңгітті. Гол!

Бірінші тайм осылай аяқталып, ойынның екінші жартысында да қонақтар жиі шабуылдаумен болды. «Қайраттың» қорғанысын қос бүйірден де, ортамен де бұзып өтуге тырысты.

Ойының бірінші жартысында допты басымен ұрып, Плотниковке гол соға алмаған Игиебор екінші таймда «Қайрат» қақпашысымен бетпе-бет шығып, тағы да айласын асыра алмай, санын емес, екі бетін соққылады...

«Қайрат» та айылын жиған жоқ. Қарсы шабуылдарымен қонақтарының екі аяқтарын бір етікке тығып отырды. Бірақ «Маккаби» алаң иелерін қақпаларына жақындатпауға тырысып, допты алғы шепте көп ұстауға талпынды.

Ойын аяғына қарай, «Қайрат» футболшылары шаршап қалды ма, әлде “болды енді, матч осылай аяқталады“ деп ойлады ма, сәл-пәл босаңсып қалғандай болды. Оң қапталдан әуелете асырылған допты Бенаюн ыңғайына салып алып, қақпаға қарай тепті.

Қорғаушы да бөгет бола алмай қалды. Бұған дейін «Маккабидің» небір қауіпті шабуылдарын тойтарып, небір жойқын соққыларын тосқауыл бола білген Плотников бір орында қозғала алмай тұрды да қалды...

Содан алаң иелері тайлы-таяғымен соңғы шабуылға шығып, Сүйімбаев шірене тартып гол да соққан еді. Алайда бас төреші қапталдағы көмекшісімен ақылдасып, осы шабуыл барысында «Маккаби» қорғаушысын шынтағымен бе, қолының қарымен бе, қағып жіберіп, шалқасынан түсірген Исламханды алаңнан қуып, өте маңызды голды есепке алмады.

Енді, «Қайратқа» қиын болады. Қарымта матч бір аптадан кейін Израильде өтеді. Жеңбесе де, кемі екі гол соғып тең түсуі керек...

"Қайрат" (Қазақстан) – "Маккаби" (Тель-Авив, Израиль) – 1:1

Голдар: Аршавин, 29 (1:0). Бенаюн, 90+1 (1:1).

90+3-минутта Исламхан алаңнан қуылды

«Қайрат»: Плотников, Сүйімбаев, Маркович, Лунин, Қуантаев, Тимощук, Бакаев, Исламхан, Исаэл, Аршавин (Қуат, 77), Гоу (Тавамба, 83).

«Маккаби»: Райкович, Перец, Бен-Хаим 1, Тиби, Рикан, Альберман, Медунянин (Голаса, 90), Бен-Хаим 2 (Бенаюн, 73), Миха, Игиебор (Ицхаки, 86), Орланду Са.

Бас төреші: Антти Мунукка (Финляндия)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 11

Тура соққы: 7 – 6

Қиыс кеткені: 1 – 3

Тойтарылғаны: 2 – 2

Бұрыштама соққылар: 3 – 8

Ескерту (сары қағаз): 1 – 1

Аластату (қызыл қағаз) 1 – 0

Ереже бұзу: 10 – 8

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика