Вернуться к списку статей

Чемпиондар лигасы: “Астана” “Жальгиристі” жеңе алмады

Футбол
2K
«Астана» 2016/2017 жылдар маусымындағы Чемпиондар лигасының Вильнюсте тең ойынмен бастады. Есеп – 0:0.

Жаңа маусымдағы Чемпиондар лигасының екінші електік сатысында «Жальгириспен» жолы түйіскен «Астана» Вильнюсте өткен бірінші ойында тең түсті.

Елордалықтардың былтыр тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде “азуы алты қарыс” дес бермегендігін ескеріп, Литва астанасында «жеңіске жетеді ғой» деп үміттегенбіз.

Әрине, «Жальгирис» те оңай шағылатын “жаңғақ” емес. Литваның алты дүркін чемпионы. Әрі соңғы үш жылда өз елінде үстемдік құрып, саф алтынды басқа командаға ұстатпай келеді.

Әйтсе де, біз өз чемпионымыздан тек жеңіс күткенбіз. Алайда «Астана» жеңе алмады ма, әлде «Жальгирис» жеңілмеді  ме, Чемпиондар лигасындағы биылғы маусымның тырнақалды матчы тең аяқталды.

Негізі, бірінші таймда Қазақстан чемпионы басымдау болды. Допты өздерінде көп ұстап, алаң иелерін бос сандалтып қойып, емін-еркін ойнады. Екі команданың да азын-аулақ мүмкіндіктері болды. Десек те, елордалықтардың шабуылдары қауіптілеу көрінді.

Екінші таймда тура осылай басталған-ды. «Астана» ойыншылары тағы да допты бір-біріне қақпақылдап, «Жальгиристің» жанкешті жігіттерін біраз жүгіртіп, жініктіргендей болды. Бірақ алаң иелері сонда да қайтпады, тізгіндерін тартпады.

Керісінше, ойын аяғына қарай, қарқындарын үдетті. Батылырақ қимылдай бастады. Өз жерлерінде гол соғып, жеңіске жетпесе, қазақтың сайын даласында Чемпиондар лигасының келесі кезеңі жолдамасына қол жеткізу өте қиын екенін біледі. Сондықтан бар күш-жігерлерін салды.

Матч соңындағы шабуылдары аса қауіпті болды. Тіпті гол да соқты. Бірақ пас берген ойыншылары оффсайдта болып, қақпа торында тулаған доп есепке алынбады.

Енді бірде теңбіл доп қақпа бағанасына тиді. Ал соңғы шабуыдарының бірінде шабуылшылары асып-сасып, Ненад Эричтен айлаларын асыра алмай, тамаша мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Әлде шеберліктерінің деңгейі осы ғана ма?..

Ал «Астаан» былтырғы қасықтап жиған беделі мен деңгейіне сай ойын өрнегін көрсете алмады. Жеңіске деген құлшыныс байқалмады. «Әйтеуір жеңілмеспек болды» дегендей, аяқтарын санап басып жүріп алды.

Сонымен, тең ойын. «Астана» үшін мүлде жаман нәтиже емес. Енді тек, 20 шілде күні Сарыарқа төсінде кезкелген есеппен жеңу керек. Қазақ топырағында да есеп ашылмаса, екі матчтық дода тағдырын қосымша уақыт пен пенальти шешеді. Ал басқадай тең аяқталған ойында қонақтардың бағы жанады. Бірақ біз Станимир Стойлов пен шәкірттерінен тек қана жеңіс күтеміз. Оған әлеуеттері де, қабілеттері де жетеді деп сенеміз.

«Жальгирис» (Литва) – «Астана» (Қазақстан) – 0:0

«Жальгирис»: Клевинскас, Слийнгард, Мбоджи, Климавичюс, Вайткунас, Благоевич, Куклис, Пилибайтис (Льюич, 59), Миколюнас (Эливенто, 64), Лукша, Калуджерович.

«Астана»: Эрич, Шомко, Логвиненко, Аничич, Шитов, Каньяс, Максимович, Мұжықов, Ибраими (Тағыберген, 80), Твумаси (Деспотович, 90+2), Нөсербаев (Кабананга, 72).

Төрешілер: В.Глодович, Д.Петрович, С.Живин (бәрі де – Сербия).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 11 – 11

Тура соққы: 5 – 6

Қиыс кеткені: 3 – 3

Тойтарылғаны: 3 – 2

Қақпа бағанасынан қайтқаны: 1 – 0

Бұрыштама соққылар: 4 – 11

Ескерту (сары қағаз): 1 – 1

Ереже бұзу: 9 – 9 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика