Вернуться к списку статей

“Чукарички” Шымкентте де шыр айналдырды

Футбол
2K
«Ордабасы» 2016/2017 жылдар маусымындағы Еуропа лигасынан алғашқы електе-ақ шығып қалды. Екі ойынның қорытындысы бойынша "Чукарички" клубынан 3:6 есебімен ұтылды.

Осыдан бір апта бұрын Белградта «Чукарички» клубынан 0:3 есебімен ұтылып қалған Ордабасы өз алаңында есе қайтара алмады. Осыдан бірер минут бұрын аяқталған матч 3:3 есебімен аяқталды. Сербия командасы Шымкентте де үш гол соқты. Жалпы есеп – 3:6.

Ойын басталғанда селт етіп, таң қалдық. Құдды, Бақтияр Байсейітов алаңға жартылай қосалқы құрамын шығарғандай. «Ертістен» қалап алған Гогуа да, үздік шабуылшылары Касалица да, тәжірибелі қорғаушысы Абдулин де – қосалқы құрам орындығында.

Есесіне, Қазақстан премьер-лигасы ойындарында жасыл алаңға оқта-текте бір шығатын Қайқыбасов пен Ерланов – негізгі құрамда. Сонда қалай, «Ордабасы» қонақтарын қалпақпен ұрып аларына сенімді болғаны ма?! Әлде, керісінше, өз алаңында да Сербия клубын жеңе алмайтындықтарын білдіріп, тайсақтағандары ма?!

Матч басында «Чукарички» тайтаң қақты. Айналасы 20-21 минуттың ішінде үш гол соқты. Тіпті төртеу соға жаздады. Бір шабуылшысы тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Алайда Шымкенттің аптап ыстығы әсер етті ме, белгісіз, бірте-бірте тізгіндерін тарта бастады.

Жасырып қайтеміз, матч басында «Ордабасы» командасының ойыншылары білгендерінен жаңылып, жиі қателесті. Үш гол да олардың өздерінің өрескел қателіктерінен кейін соғылды деуге болады. Бір-біріне пас бергенде, жаза басып, опық жеді.

Әйтсе де, қонақтардың қарқындары басыла бастағанда, алаң иелері алға қарай ентелеп, жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалмауға тырысты. Әрі бірінші таймның аяғында бір гол соғып, есепті қысқартты.

Екінші таймда алаңға Гогуа мен Касалица шықты. Енді «Ордабасы» шабуылдауға көшті. Аптықтарын Шымкенттің аптап ыстығы басқан қонақтарын тықсыра бастады. Көп ұзамай тағы бір гол соғып есепті мейілінше қысқарты.

Қонақтар болса, гол соққаннан гөрі, осы есепті сақтап қалуды ойлайтындай. Ал «Ордабасы» ойыншыларының төккен терлері зая кеткен жоқ. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда алаң иелері таразы басын теңестіріп, жанкүйерлерін дүр сілкіндірді.

Осымен болды. Уақыт та бітті. Амал-айла да түгесілді. «Ордабасы» командасының Еуропа лигасындағы өнері де тәмамдалды. Маусым басында «мақсатымыз – Еурододаның топтық кезеңіне шығу» деген бас бапкердің сөздері де желге ұшты...

«Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан)  «Чукарички» (Белград, Сербия) 3:3

Голдар: Мандич, 10 (0:1). Мандич, 14 (0:2). Каевич, 21 (0:3). Гейнрих, 45+2 (1:3), Тұңғышбаев, 67 (2:3). Ерланов, 90+3 (3:3).

«Ордабасы»: Бойченко, Төлебек, Трайкович, Чатто, Адырбеков, Диакате (Гогуа 45), Гейнрих, Симчевич, Ерланов, Қайқыбасов (Касалица, 46), Тұңғышбаев (Бейсенов, 78).

«Чукарички»: Стеванович, Пиасентин, Янкович, Джурич, Живкович, Срнич (Машович, 75), Каевич, Лагатор, Кнежевич, Фофана (Йованович, 80), Мандич (Матич, 59).

Бас төреші: Денис Щербаков (Беларусь)

Бірінші ойын – 0:3. Жалпы есеп – 3:6.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика