Вернуться к списку статей

Еуропа лигасы: “Ақтөбе” мен “Будапешті” теңестірген – пенальти

Футбол
2K
Бүгін Қазақстан клубтары үшін Еуропа лигасының 2016/2017 жылдар маусымындағы алғашқы ойындары өтіп, алаңға ең бірінші болып «Ақтөбе» шықты.

«Ақтөбе» өз алаңында Венгрияның МТК деп аталатын клубын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Екі гол да бірінші таймда соғылды.

Әуелі Будапешт командасының ойыншысы Дарко Никач оң қапталмен ентелеп, Сорокинді алдап өтті де, допты көлбеулете қақпаның алдына қарай ысыра қойды. Шандор Торгелле іштей өлшеп-пішіп, созыла теуіп, теңбіл допты асқан ұқыптылықпен қақпа ішіне сүңгітті.

Көп ұзамай алаң иелері таразы басын теңестірді. «Ақтөбе» алаңның ортасына таман тұстан айып соққысын орындаған. МТК қақпасының алдында, әуелеп келген допқа ұмтылған Куасси Куаджаның үстіне, онымен қатар секірген Торгелле «шығып» кетті. Мойнына отырып алды ма, әйтеуір, Кот-д'Ивар қорғаушысына тырп еткізбей, бөгет жасады.

Төреші ойланбастан пенальти беріп, оған қонақтар наразы болды. Ал Дидар Жалмұқан қақпашы Лойош Хегедушті қапы қалдырды. Таразы басы теңесті.

Екінші таймда екі команда да шабуылдап, қанша тырысса да, ешқайсысы есепті өзгерте алмады. Қонақтар өздеріне аса сенімді болмаған сияқты. Олар түзде тең түскендеріне көңілдері толатындай.

Қазақстан чемпионатының соңғы ойындарында жанкүйерлерін қуанта алмай жұрген «Ақтөбе» бұл ойында да жеңіске жете алмады. Бірақ ұтылған жоқ. Енді бұл жұптан қайсысының келесі кезеңге шығатыны 7 шілде күні Венгрияның Дьёр қаласында шешіледі.  

«Ақтөбе» (Қазақстан) – МТК (Будапешт, Венгрия) – 1:1

Голдар: Торгелле, 30 (0:1). Жалмұқан, 44-пенальтиден (1:1).

«Ақтөбе»: Отарбаев, Куаджа, Қайыров, Цвейба, Сорокин, Митошевич, Ситдиков, Крюков, Жалмұқан, Бочаров, Дао (Голубов, 62).

МТК (Будапешт): Хегедуш, Баки, Гргич, Водоной, Поор, Сотмари (Борбей, 88), Вошш, Конто, Никач (Дойч, 90), Торгелле, Геро.

Бас төреші: Саша Амхоф (Швейцария).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика