Бүгінде елордамыздағы №8 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 2001 жылғы жеткіншектерін жаттықтыратын Бейсенбек Қайыркенұлымен «Астана-Арена» стадионында кездестік. Шәкірттерін әуесқой футболдан елорда біріншілігінің кезекті турына ертіп келіпті. Осы турнирдің ең жас футболшылары екендігіне қарамастан командасы ешкімнен қаймықпайды. Алдымен 53 жасқа толуымен құттықтап, бапкерді ақырындап әңгімеге тарттық.
– Бұл балаларды жаттықтырып жүргеніме жеті жылдан асты-ау. 2010 жылдың соңы болтын. Астанаға алғаш келіп, №8 БЖСМОР-ға жұмысқа орналасқанымде 9-11 жастағы балаларды берді, – деп бастаған Бейсенбек Қайыркенұлы алдымен өз командасын аз-кем таныстырды. – Содан бері өзімнің ұлдарым секілді болып кетті. Бәріне де үлкен үміт артып отырмын. Арасында қазірдің өзінде кәсіпқой клубтарда ойнай алатын ойыншылар бар. Мәселен, Бауыржан Ахаев пен Әділжан Нұрбайды бір-екі жылдың ішінде-ақ үлкен ойындардан көріп қалуларыңыз әбден мүмкін. Былтыр «Астана» футбол орталығы да бізден бір-екі ойыншы алды. Солардың ішінде Байжан Мәделхан Қазақстан құрамасында ойнап жүр. Дегенмен, әр баланың талантының ашылуы әртүрлі. Бірі 17 жасында-ақ жасындай жарқылдап жүреді, екіншісі 23-25 жасында пісіп, жетіліп, бәрінен үздік болып шығады. Сондықтан, ешкімді бөле-жара атағым келмейді. Бәрі де мен үшін бірдей. Көз алдымда жетіліп келе жатқан шәкірттерім. 2013 жылы Италияға бардық. 2015 жылы «Бәйтеректің» атынан шығып, Қазақстан чемпионы атанды. Келесі жылы вице-чемпион болдық. Қытайдағы халықаралық турнирге қатысып, екінші орынды еншіледік. Өкінішке қарай, кейін «Бәйтерек» жабылып қалды. Соған қарамастан спорт мектебінің директоры Ербол Қошановтың қолдауының арқасында өсіріп келеміз. Қазір пісіп жетілген кездері. Енді бәрі өздеріне байланысты.
– Иә, бәрі жақсы. Дегенмен, енді ары кетсе екі жыл спорт мектебінде жаттығар. Одан кейін бұлардың да түлеп ұшатын кездері болады ғой. Сонда қайда жібересіздер? Мәселен, елордамызда бір-ақ клуб бар. Онда да «Астанада» басымдықты легионерлерге береді. Ол жақта басқа мектептерді айтпағанда, өз шәкірттеріне де орын жетпей жатыр. Басқа қалаларда да жағдай жетісіп тұрған жоқ. Шәкірттеріңізді, осылар сияқты басқа жас футболшыларды далада қалдырмаудың қандай амалы бар?
– Жанды жерімнен басып, жарамды тырнадыңыз ғой. Соны ойласам, өзімнің де шашым ағарады. Шынымды айтсам, кәсіпқой клубтардан орын таба алмай, амалсыздан әуесқой футбол лигаларын жағалап жүрген қазақтың талантты жас футболшыларын көргенде менің де жүрегім қан жылайды. Амал не, бұл қалыпты жағдай болып кетті. Футбол әлемінен өз орныңды табуың үшін сен бәрінен үздік болуың қажет. Мықтылар ғана «Астанада» ойнай алады. Мәселен, пара беріп қызметке тұруға болатын шығар. Бірақ пара беріп футболшы болып кете алмайсың. Бәрібір, командадан шығып қаласың. Шәкірттерімен үнемі осылай ақылымды айтам. Тынбай еңбектенулерін, шаршамай жаттығуларын сұраймын. Бәрі өз қолдарында. Шын мықтыға тұсау жоқ.
– Дегенмен, өзіңіз айтпақшы, бір футболшылар ерте жетіледі, енді бірінің таланты кешірек ашыла бастайды. Жас кезінде жарамсыз деп тапқан футболшының шеберлігі 23-25 жасында көріне бастауы мүмкін ғой. Олардың үміттерін ерте сөндіріп алмаймыз ба?
– Рас айтасыз. Былтыр Шымкентке турнирге барғанымда бір бапкермен әңгімелесіп қалдым. Жақсы нәрселер айтты. «Премьер-лига, Бірінші лига және Екінші лигамыз бар, жетеді деп қарап отырмай, республикалық біріншіліктердің санын көбейтіп, олардың қатысу жарнасын азайту керек» деген пікір білдірді. Расымен де, егер Үшінші, Төртінші лигалар ашып, қала чемпионаттарынан бөлек, аймақтық біріншіліктер өткізіп, олардың қатысу жарналарын азайтар болсақ, футболға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер де көбейер еді. Шағын меценаттар команда құрып, сол біріншіліктерге қатысар еді. Өйткені, футболға қызығатын көп кәсіпкерлерді, шыны керек, Бірінші, Екінші лигалардың қатысу жарналары шошытады. Ал Лигалар саны көбейсе, жергілікті жас футболшыларға да орын табылып, 25-27 жасында да Премьер-лигада дебютін өткізіп жатар еді. Англиядағы Джейми Варди де «Лестерге» әуесқой футболдан 25 жасында ауысып, ұлттық құрамаға 28 жасында шақыртылған жоқ па?
– Жаңа «Астана» футбол орталығы сіздің шәкірттеріңізді алып жатқанын айтып қалдыңыз. Талай жыл жаттықтырып, есейтіп, жетілдіріп, дайын қылып шығарасыз. Сол үшін клуб сізге өтемақы төлей ме?
– Ондай кезде өтемақы туралы ойламайсың да ғой. Шәкіртің «Астанаға» ауысып жатса, жеке басыңның пайдасын ойлап жататын шама болмайды ғой. Еңбегіңнің еш кетпегеніне қуанасың. Шәкіртің тілеуін тілейсің. Дегенмен, Еуропада мұндай тәжірибе бар екен. 2013 жылы бізге «Фейеноордтың» балалар академиясының бапкерлері келді. Арасында кезінде Робин Ван Персиді жаттықтырған маман да бар екен. Өздеріндегі жағдайды айтып берді. Сөйтсек, оларда балалар турнирлерінде сенен жеңіс талап етпейді екен. Жүз рет ұтыласың ба, соңғы орын аласың ба, жеңімпаз боласың ба, бәрібір. Оған қарамайды.ф Бапкердің еңбегі шәкіртінің шеберлігімен бағаланады. Егер тәрбиелеген ойыншыңды кәсіпқой клубтар алып жатса, кейін ол жұлдыз болып өссе, саған және спорт мектебіне белгілі мөлшерде процент түсіп отырады екен.
– Жалпы, Қазақстанда балалар бапкерлерінің еңбектері қалай бағаланып жатыр?
– Өткенде мынадай мәліметті естідім. Өкінішке қарай, Қазақстанда ең төменгі жалақы музыкалық мектептің ұстаздарына, спорт мектептерінің жаттықтырушыларына және бала-бақша тәрбиешілеріне тиесілі екен. Осыдан кейін-ақ, балалар бапкерлерінің еңбектері қаншалықты бағаланатынын ойлай беріңіз. Ересектермен кез-келген есі бар маман жұмыс жасай алады, ал сен есін енді ғана біліп келе жатқан балаларды тәрбиелеп көр. Олардың ата-аналарымен қарым-қатынас орнату өз алдына тағы бір шаруа. Бәрі де өз балаларын үздік деп санайды. Ешқайсысы ойын барысында баласының командадан тыс қалып қойғанын қаламайды. Сол үшін шу шығаратындар да болады. Бәрімен тіл табыса білуің керек. Мәселен, жақында жолым түсіп, спорт басқармасына барып қалдым. Басқарма басшысына арыз айтуға бір баланың анасы да барыпты. Спорт мектебімізде балаларды жаттықтыруда ұзақ жылдық тәжірибесі бар Вагиз Мифтахов деген бапкер бар. Соны меңзеп тұр. Баласын бір турнирге апармай қойыпты. Екеуміздің әріптес екенімізді білетін болуы керек, «ол балаларды бөледі» деп маған да назын айта бастады. «Кешіріңіз, біз ешкімді бөлмейміз, біз үздіктерді таңдаймыз» деп әзер тынышталдырдық. Расымен де, турнирде барлық баланы бірдей ойната алмайсың ғой. Арасынан үздіктерін таңдайсың. Ал қалғандары жаттығу барысында жақсы жағынан көрінсе, келесі турнирлерге қатысады. Соны түсінбейтін жандар да болады. Осындай кезде басшылықтың да қолдауы өте маңызды. Қайта бізде бұл жағынан проблема жоқ. Қазіргі директорымыз Ербол Қошанов қарамағындағы барлық жаттықтырушылардың жақтаушысы. Сол келгелі қатысатын турнирлеріміз де көбейді, спорттық жабдықтардан кемшін көріп жатқан жоқпыз. Қысы-жазы балалардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Мұны түсінетін ата-аналар да баршылық. Көбісімен бір отбасындай араласып кеттік.
– Жалпы, баланы қай жастан бастап футболға берге дұрыс?
– Әр баланың қабілеті әртүрлі ғой. Кейбірі ерте жетіледі, енді біреуінің бұғанасы кеш қатаяды. Дегенмен, менің ойымша баланы футболға неғұрлым ерте беру керек.
– Ендеше баланы қанша жаста футболға беру кеш болады?
– Меніңше, 14 жастан асқан соң бұған дейін доп теппеген баланы футболға әкелудің қажеті жоқ. Тіпті, қазіргі кезде 12 жастың өзі де кеш. Өйткені, модернизация жылдам дамып жатыр. Қатарластарыңнан қалып қойғаннан кейін оларды қуып жету өте қиын болады.
– Ал өзіңіздің балаларды жаттықтырып жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Бұрынғы Торғай облысының Амангелді ауданынанмын. Футболға ешқашан қатысып көрмегем. Бірақ аяқдопқа қатты құмар болдым. Балаларды жинап алып, оларға доп тебуді үйреткенді жақсы көретінмін. 1987 жылдан бастап жаттықтырушылықпен кәсіби түрде айналыса бастадым. Шәкірттерім аудандық деңгейде чемпиондықты ешкімге бермеген кездері де болды. Астанаға 2010 жылдың күзінде келіп, осында №8 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне бапкер болып қабылдандым. Биыл сегізінші жыл ғой. Ербол Орынбайұлы келгелі көп нәрсе өзгерді. Тәртіп орнап, турнирге де жиі шыға бастадық. Қытайдағы турнирге жіберген де Ербол Қошанов. Сондықтан ғой, соңғы кездері нәтижелеріміз де жақсарып келеді. Енді осы шәкірттерім өздеріне команда тауып кетсе екен деймін. Алайда, Астана секілді алып қалаға бір кәсіпқой клуб аз ғой. Кем дегенде үш команда болуы керек деп ойлаймын. Сонда жас футболшылар болашағына алаңдамай, бар күштерін жаттығуларға салар еді.