Вернуться к списку статей

Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығы балалар футболынан бас тартты ма?

Футбол
2K
ҚФФ басшылығы балалар футболынан бас тартты ма?
Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығы балалар футболына бас ауыртпайтын секілді. Олай дейтініміз, былтыр ғана қолға алынып, әжептеуір бастама алған «Жас Қыран» лигасынан бас тартыпты.

«Жас Қыран» лигасының құрылтайшылары жазған хаттың бір көшірмесі біздің де қолымызға тиді. Қазақстан футбол федерациясына бағытталған екен. Онда Лига президенті Берік Қаниев «Жас Қыранның» өткен жылдағы жұмыстары қорытындылай келе жобаның Қазақстан футбол федерациясынан қолдау таппағанын жазған.

– Қазақстан футбол федерациясының 2016-2026 жылдарға арналған «Футбол жолы» бағдарламасына сәйкес, «Жас Қыран» балалар-жасөспірімдер футбол лигасы өткен жылы еліміздің әр аймақтарында балалар футболын дамытуды қолға ала бастады. «Жас Қыран» лигасы ҚФФ вице-президенті және «Жас Қыран» лигасының президентінің әр аймақ әкімдерімен кездесуінің нәтижесінде өңірлерде Лиганың филиалдары ашылды, - деп жазылған хатта. 

Жалпы, хаттағы мәліметтерге сүйенсек, бірнеше халықаралық турнирлер де республикалық додалар ұйымдастырылыпты. Бұл турнирлерде бас-аяғы 17 мыңнан астам жас футболшыларды қамтыпты. Бірақ, биылдан бастап «Жас Қыран» лигасы өз жұмысын тоқтатпақ.

– Балалар-жасөспірімдер футболын дамыту үшін және аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін «Арлан» футбол клубы мен жекелей демеушілердің есебінен 2015-2016 жылдар аралығына 300 миллионнан астам қаржы жұмсалған. Бірақ, бізге түсініксіз жағдайларға байланысты бұл бастама Қазақстан футбол федерациясының жаңарған басшылығы тарапынан қолдау таппады. Осы хатпен «Жас Қыран» лигасының құрылтайшылары жобаның жабылғаны жайлы және ҚФФ құрылтайшылары қатарынан шығатындығы туралы хабарлайды, - деп көрсетілген хатта. 

Әлбетте, біз өткен жылы «Жас Қыран» лигасы керемет өтті дей алмаймыз. Кемшін тұстары да болды. Ұйымдастыру жағы да әлсіздеу болатын. Бірақ, бастама жаман емес еді. Алматы, Қарағанды, Семей, Байқоңыр қалаларында Лиганың финалдық кезеңдері өтті. Егер қолдап жібергенде «Кока-Кола Былғары доптың» дәрежесіне жетуі тиіс еді. Өкінішке қарай, Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығынан қолдау тапқан бастаманы жаңа басшылық қажетсіз деп тапты. Сонда Қазақстан футболында басшылық ауысса болды, көңіл күйіне қарай жобалар да жойылып немесе қайта жаңара бере ме?

Айтпақшы, былтыр ҚФФ-тың сол кездегі президенті Ерлан Қожағапанов қарамағындағылардың «қолдарын көтертіп» жүріп, «Футбол жолы» деген бағдарламаны енгізген еді. Сол бойынша бірінші кезекте балалар футболы мен спорттық инфрақұрылым дамуы тиіс болатын. Исландиялық тәжірибеге сәйкес жасалған бағдарламаның көптеген тұстары көпшіліктің көңілінен шықпағанымен негізгі идеясы дұрыс болатын. Бағдарламаның барысына іші жылыған мамандар да болды. Алайда, басшылық ауысқандықтан ол жобаның да болашағы бұлыңғыр болып тұр.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика