Турнир тарихында тұңғыш рет финалдық ойын еліміздің басты стадионы «Астана-Аренада» өтіп, бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысының жеткіншектері жеңіп алды.
2002-2003 жылғы жеткіншектер арасындағы додаға еліміздің барлық мектептерінен 4 мыңға жуық оқушы қатысып, солардың ең үздік үш жүзі елордаға жиналыпты. Астанаға еліміздің барлық өңірлерінен 16 команда келді. Төрт командадан төрт топқа бөлінген олардың үздіктері жартылай финалға жолдама алды. Топтан суырылып шыққандар – Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы, Маңғыстау және Астана қаласы болатын.
Жартылай финалда маңғыстаулықтар алматылықтарды жеңіп, шымкенттіктер астаналықтардан басым түсті. Сөйтіп, финалда Оңтүстік Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысының жеткіншектері ойнаған. Батыстықтар «Астана-Аренаның» жаңа төселген төсенішін жатырқап жүргенде кез келгеннің тілін тез тауып, кез келген жерге жылдам сіңісіп кететін шымкенттіктер ойында 3:1 есебімен жеңіп жатқан еді. Намысқа тырысқан маңғыстаулықтар таразы басын теңестіре алып, матчты пенальти сериясына дейін жеткізді.
Міне, барлық қызық осы кезде басталды. Ойын барысында небір қауіпті шабуылдардың бетін қайтарып, сан соққыларға тосқауыл болған қақпашылар бірде-бір допты қайтара алмай, нүктеге жақындаған әр ойыншы гол соғып жатты. Ақыры есеп 10:10-ға жетті. Маңғыстаулықтардың негізгі құрамындағы соңғы ойыншысы нүктеге жақындап, допты қақырата тепкен еді, қақпа маңдайшасы дір ете қалды. Тізерлей құлаған әлгі ойыншының еңіреп жылағанын көрсеңіз ғой, жүрегіңіз езіледі. Өз кезегінде шымкенттіктердің соңғы ойыншысы қақпашы мен допты екі жаққа жіберіп, командасына осы ойындағы жеңісті ғана емес, «Coca-Cola – Былғары доптың» бас кубогын әперді.
Бір қызығы, шымкенттіктердің құрамы кіл өзбек балаларынан құралыпты. Ойыншылары ғана емес, жаттықтырушылары да өзбек ұлтынан. Сөйтсек, Оңтүстік Қазақстан облысын жеңіп алып, финалға шыққан бұл команда Өзбекстан Республикасына жақын орналасқан Сайрам ауданының Қарабұлақ ауданынан екен. Бәрі де «Қайнарбұлақ» орта мектебінің жеткіншектері.
– «Coca-Cola – Былғары доптың» бұл маусымы өткен жылдың қыркүйегінде басталған. Алдымен өз мектебімізде жеңіске жетіп, кейін ауылды, ауданды, облысты ұттық. Міне, республикалық турнирде де бас жүлде алып отырмыз. Болашақта Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағым келеді, - деді финалдан кейін ағынан жарыла сөйлеген жеңімпаз команданың шабуылшысы Муроджон Халматов
Жабылу рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов, ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюк қатысып, үздіктерді марапаттады.
Турнирдің үздіктері:
Үздік қақпашы – Жамшид Рашидов (ОҚО)
Үздік қорғаушы – Баян Әділбек (Алматы облысы)
Үздік жартылай қорғаушы – Ислам Мусаров (Астана)
Үздік шабуылшы – Бекзат Дәнебаев (Маңғыстау облысы)
Бірінші орын – Оңтүстік Қазақстан облысы
Екінші орын – Маңғыстау облысы
Үшінші орын – Алматы облысы