Вернуться к списку статей

Балаларға – Астанада қай футбол үйірмесі үздік?

Футбол
3K
Астана қаласында футболға деген қызығушылық жыл емес, күн санап артып келеді. Бұған ешкімнің таласы да жоқ. Тәрбие тал бесіктен дегендей, балаларымыз зор қызығушылық танытып отырған футбол мектептері де жетерлік. Егер сізде өз балаңызды футбол үйірмесіне бергіңіз келсе, төмендегі ақпараттарды біле жүріңіз.

Балалар футбол орталығы

Астана футбол федерациясының 2015 жылдың 1 мамырында ашылған «Балалар футбол орталығына» 5-14 жастағы балаларды қабылданады. Бүгінде орталықта 120-дан астам жеткіншек аяқдоп өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр.

Мұнда әр шәкіртіне мұқият қарап, әрқайсысын өз баласындай көретін жаттықтырушылар жұмыс жасайды. Бәрінің де «С» санаттағы жаттықтырушылық лицензиялары бар. Орталықта балаларды футболға ТМД-ның ең білікті мамандарының бірі Анатолий Юревич бекіткен бағдарлама бойынша баулиды.

Биыл жазда Балалар футбол орталығы мен «Астана» футбол клубы өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойған. Меморандумға сәйкес, әр жарты жыл сайын «Астананың» бапкерлері осы орталықтың жаттығуларына қатысып, өздеріне ұнаған дарынды балаларды іріктеп алып кетіп отырады.

Жаттығулар – аптасына үш рет. Балалар жазда «Сарыарқа» велотрегінің алаңында, «Сайран» алаңында және «Жас Батыр» стадионында, ал қыс мезгілінде «Алау» және «Жас батыр» стадионының кешенінде жаттығады. Бағасы айына 15 мың. Дегенмен, үш айға бірден төлейтін болсаңыз, 20 пайыз жеңілдік беріледі.

Айтпақшы, балаңызды осы орталыққа берсеңіз, бастан-аяқ «Joma» спорттық киімімен киіндіріледі. Яғни жас жеткіншектер әлемге танымал брендтің сапалы киім-кешектерімен қамтамасыз етіледі.


 

 «Футбол фабрикасы» мектебі

5-14 жас арлығындағы балаларды өз қатарына қосуға ниетті. Астана мен Алматыда қатар жұмыс істейтін мектептің бағалары да бірдей, әрі жаттықтыру деңгейлерімен ерекшеленеді.

Мысалы, Light санатындағы жаттығуға балалар Алау мұз айдынына аптасына, 2 рет бір жарым сағат уақыттарын бөледі. Бағасы – 19 000 теңге.

Ал Pro деңгейінде балалар аптасына бір жарым сағаттан 3 жаттығу және бір рет гимнастикалық жаттығу жүргізеді. Бағасы 30 000 теңгені құрайды. Бұл орталықта балалар 3 жас ерекшелігі бойынша топтастырылған:

  1. 5-7 жас.
  2. 8-11 жас.
  3. 12-15 жас.

Орталық өзінің артықшылықтары ретінде мына ерекшеліктерін атап отыр:

-УЕФА тарапынан сертификатталған мамандар.

-Заманауи, сапалы жаттығу алаңдары.

-Гимнастика және акробатика (аптасына бір рет).

-Сапалы, қазіргі заманғы спорттық құрал-жабдықтар.

-Шәкірттерін жаттығуға өздері алып кетіп, әкеп тастайды.

-Бұл орталық балаларға бастапқы кезеңнен бастап жылдам шешім қабылдауды, допты бақылауды, допты алып жүру техникасын жетілдіруді бапкерлер баса назарда ұстауға  тырысады.



«Pro Football» академиясы

Шәкірттерін жан-жақты дамытып, командалық және жеке ойын шеберлігін арттыру жағын бірінші орынға қояды екен. Орталықтың еншісінде қала бойынша бес филиал жұмыс істейді. Академия жаттықтырушылары және көмекшілерінің барлығы да – УЕФА-ның В және С санатындағы лицензиясын иеленгендер.

Жас ерекшеліктері бойынша: "BabyStart" (3-4.5 жас), "Beginners" (5-6 жас), "Ювеналдар" (7-8 жас), "Ювеналдар 2" (9-12 жас), "Жасөспірімдер" (13-16 жас)  деген бөлімдер құрылған.

Одан бөлек  екі бірдей абонемент бойынша жұмыс істейді. Бірінші, “LIGHT” абонементі бойынша аптасына тек демалыс күндері жаттығу жасайды. Яғни, айына 8 жаттығу қарастырылған. Жаттығулар – бір жарым сағаттан. Осының бәріне қоса ойын формасы тегін.

Екінші бір  “INTENSIVE” абонементінде жаттығулар аптасына 3 рет, екі күнде бір өткізіледі. Бірақ тек бір сағат қана. Қос абонементте де бірінші жаттығу тегін. Бір айта кетерлік жайт академияда ерекше статусы бар шаңырақ иелеріне жеңілдіктер мен арнайы бағдарламалар қарастырылған.

Бүгінде бұл академия 800-ге жуық баланы тәрбиелеп шығарыпты. Егер ұлыңызды осы академияға берер болсаңыз айына 14 800 теңге төлеуіңіз қажет.



 «Санлин» футбол академиясы

2014 жылы аталмыш білім беру орталығының бастамасымен ашылған. Құрылған екі жыл ішінде 4-16 жас арасындағы 2000 бала тәлім алған. Астанадағы 7 филиалынан бөлек академия филиалдары Алматы мен Павлодарда да ашылған.

Жаттығулар осы филиалдардың бәрінде өтеді. Жаттығу бағдарламасында ерлер кіші 4-7 жас, орта 8-12 жас, жоғарғы 13-16 жас деңгейлеріне бөлінсе, қыздарда тек 8-16 жасқа арналған жалпы топ қана бар. Жаттығулар «SIMPLE»,  «INTENSIVE»  абонементтері бойынша өтеді.

«SIMPLE» бойынша жаттығулар тек демалыс күндері бір жарым сағаттан өтеді. Ал «INTENSIVE»  бойынша аптасына бір жарым сағаттан үш рет тек «Сарыарқа» велотрегінде өткізілді.

Мұнда бағалар жаттығу өтетін орталықтарға қарай бекітіледі. Мысалы: «Жастар» сарайында – 16 990 теңге, «Астана» спорт кешені – 15 990 теңге, «Астана Солар» кешенінде – 11 990 теңге, «Сарыарқа» велотрегінде – 14 990 теңге, Меге Орталық жанындағы «QSI мектебі» – 15 990 теңге, «Тәшенов 16А» спорт кешені – 14 990 теңге.

Барлық жаттығулар бір жарым сағаттан 2 реттен өтеді. Орталықтың бір артықшылығы олар Испанияның «Барселона», Италияның «Милан» сынды футбол клубтарымен әріптестіктік қатынас орнатқан.

Академия жылда өз түлектерін әріптестерінің футбол лагерлеріне аттандырады. Тіпті сонда арнайы іріктеуден өтсе, сол жақта оқуын жалғастыру мүмкіндігі беріледі. Академияда сіздің балаңызға қажетті барлық қажеттіліктер тегін беріледі.



"Динамо (Астана)" футбол мектебі

8-15 жас арасындағы балаларды футболмен шұғылдануға шақырады. Мектеп 2015 жылдың 1 тамызында ашылған. Аптасына үш рет барлық жаттығуларын «Алатау» спорт кешенінде өткізеді. Балаларға спорттық формалар тегін беріледі. Мектеп өз жаттығуларын тексеру үшін қалалық, халықаралық жарыстарда бақ сынап тұрады.

Автор: Шамкен Байырбек
Яндекс.Метрика