Биыл оныншы рет ұйымдастырылған «Coca-Cola – Былғары доп» додасының финалдық кезеңін тамашалау үшін УЕФА-дан арнайы мамандар да келіпті. Турнирдің барысымен танысып шыққан олар масштабының кеңдігіне тамсанып, қойын дәптерлеріне өздеріне қажетті көптеген нәрсені түртіп алған екен. Жалпы, айта кету қажет, жыл сайын бұл турнирде еліміздің барлық аймағының 6200 мектебінен 400 мыңнан астам оқушылар қатысады. Ал он жылдық тарихында бұл турнир барлығы милионнан астам жеткіншек қатысқан екен. Бір сөзбен айтқанда еліміздің балалары арасындағы ең ауқымды спорттық шара болып табылады.
– Осы он жылдың ішінде турнир Қазақстан футболына талай дарынды футболшыларды ашып берді. Көбісі бүгінде еліміздің танымал клубтарында өнер көрсетіп, ұлттық құрамамыздың намысын қорғауда. Олардың арасында Бауыржан Исламхан, Рауан Сариев, Серікжан Мужиков, Сергей Хижниченко, Бауыржан Байтана сынды жұлдыздар бар. Бұлардың барлығы өздерінің үлкен футболдағы алғашқы қадамдарын осы турнирде бастаған, - деді турнирден кейін өз пікірін білдірген «Coca-Cola – Былғары доп» додасының үйлестірушісі Фархат Сейітов.
Сонымен, биылғы доданың финалында Тараз бен Қостанай қалаларының жеткіншектері кездесті. Бұлар осыдан екі жыл бұрын орта жас топтары арасында да ақтық сында өзара кездескен. Сол кезде тараздықтар еш қиындықсыз бас жүлдені жеңіп алған еді. Бұл жолы да қарсыласын қалпақпен қайырып аламыз деп ойлаған секілді. Алаңға өздеріне тым сенімді шықты. Бірақ осы екі жыл ішінде қостанайлықтардың да шеберліктері толысқан екен, намысты қолдан бермейтіндіктерін бірден сездіріп, қарымта шабуылдар арқылы оңтүстіктің өрендерін әбден әбігерге салды. Оның үстіне, елордамызда ауа-райы да күрт суытып, жылдың бұл мезгіліндегі мұндай құбылысқа үйренбеген тараздықтар өз ойынын таппай, сарсаңға түсті. Солтүстікілер керісінше, жаңбыр себелеп жауған сайын күштеріне ене түсті. Сөйтті де, қарсыластарын қателесуге мәжбүрлеп, пенальтиден есеп ашты. Екінші тайм бастала бере тағы бір гол соғып, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Тек ойын соңында ғана денелері қызған тараздықтар бір тура соққымен жауап қайырғанымен одан әріге шамалары жетпеді. Бас жүлде Қостанай жеткіншектерінің еншісінде.
Үшінші орын үшін өткен ойында Талдықорғаннан келген бозбалалар атыраулық құрдастарының қақпасына бірінші таймда-ақ үш гол соғып, қола жүлдеге қол жеткізді.
Финалдық ойындардан кейін турнирдің марапаттау рәсімі өтіп, жеткіншектерді Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Икрамұлы Байшақов марапаттады. Ал одан кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихатына кезек келіп, ұйымдастырушылар өз әсерлерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Турнирдің жыл сайын дамып келе жатқандығы қуантады. Өзім финалдық ойындардан керемет әсер алдым. Оның үстіне, осыған дейін Тараз футболшылары үлкен топ арасында үш жыл қатарынан чемпион атанып келген еді, биыл бас жүлдені Қостанай жеңіп алып отыр. Бұл да футболдың басқа аймақтарда да дамып жатқанын көрсетеді. «Coca-Cola» компаниясы өз тарапынан бұдан кейін де бұл додадан қолдауын аямайды, - деп ағынан жарылды «Кока-Кола Алматы Боттлерс» компаниясының Коммуникация және билікпен байланыс жөніндегі директоры Алима Исембаева.
Айтпақшы, бұған дейін жыл сайын турнир чемпиондары Әлем немесе Еуропа чемпионаттары өтетін елдердегі футбол турнирлеріне қатысатын. Бірақ балалардың қауіпсіздігін ойлаған олар биыл бұл идеядан бас тартыпты. Өйткені, чемпион команда Еуропа біріншілігі өтетін Францияға аттануы тиіс. Ал бұл елде аттап бассаң теракт болудың қаупі зор екенін естен шығармауымыз қажет.
Қазақстан футбол федерациясының Балалар және жасөспірімдер футболы департаментінің жетекшісі Игорь Утробиннің айтуынша «Coca-Cola» компаниясы бұл жобаға зор көңіл бөліп жатыр екен. Алдағы уақытта турнирдің ауқымын тіптен кеңейтіп, үш жас тобы аралығында емес, одан да көп топтар аралығында өткізуді де қолға алмақ көрінеді.
– Сонымен қатар, «Coca-Cola – Былғары доп» додасының аясында қыздар арасында да осындай турнир ұйымдастырсақ дейміз. Алдағы уақытта әлі талай ақылдасамыз, сондай-ақ футзалдан да балалар арасындағы республикалық турнирді қолға алуымыз қажет, – деді Игорь Владимирович.Камран Искандиров, Coca-Cola компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы:
– Әлемде қазір Coca-Cola компаниясының тұлғасы ретінде танымал футболшыларды жарнамаға тарту үрдісі қалыптасқан. Бірі Роналдуды, екіншісі Мессиді шақырып жатады. Біз алдағы уақытта өз еліміздің футболшыларын Coca-Cola компаниясының тұлғасы ретінде пайдалануды ойлап жүрміз. Бұл біріншіден отандық ойыншыларға деген құрметті арттырса, екіншіден сол футболшыға ұқсағысы келетін балалардың санын көбейтпек.