1-орын. “Ордабасы” (Шымкент)
«Ордабасы» Қазақстан премьер-лигасының атымтой жомарты болып тұр. Еуропа лигасы басталар кезде ең үздік ойыншыларын «Астана» мен «Қайратқа» жібере салды. Азат Нұрғалиев «Астана» жейдесімен ел біріншілігінде бір ойын өткізіп үлгерсе, Ғафуржан Сүйінбаев «Қайраттың» қорғанысын нығайтатын сияқты.
Алайда Сүйінбаевтың «Қайратқа» ауысатындығы әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Бұл трансфер таяу күндері шешілуі керек сыңайлы. Есесіне, Дәуренбек Тәжімбетов те «Тараз» сапында бір ойын өткізіп, тіпті бара сала ір гол соқты.
Өкінішке қарай, Белградта «Ордабасы» командасына Нұрғалиев пен Сүйінбаев жетіспегендей болды. Екеуінің орны үңірейіп тұрғандай. Юнузович пен Тәжімбетов те жоқ, шабуылы да бұрынғыдай пәрменді емес сияқты ма?..
2-орын. “Қайрат” (Алматы)
«Қайраттың» қорғанысының бел ортасы әлсіреді. Бойлары сырықтай Жарко Маркович пен Бруно Соарес жұбы жоқ қазір. Бразилиялық орталық қорғаушысы жарақаттанып, маусым аяғына дейін қатардан шығып қалған.
Серб саңлағының жанына өзіміздің Тимур Рудосельский қосылған-ды. Бірақ екеуінің алаңға бірге шыққан ойындары сиреп барады. Не біреуі жарақат алады, не болмаса ескертулеріне байланысты алаңға шыға алмайды. Кеше Албанияда да екеуі бірге ойнай алмады.
Бірақ «Қайрат» әлі орталық қорғаушы алған жоқ. Өз сапынан тапты! Кеше түнде «Теута» командасымен додаға түскенде, орталық қорғаушы міндетін хавбек Станислав Лунин атқарды. Кахабер Цхададзе мұнысымен қоймай, «тағы бір ойыншыдан орталық қорғаушы шығаруды ойластырамыз» деп отыр.
3-орын. “Астана”
«Астанаға» керісінше, қорғаушы емес, шабуылшы керек сияқты еді. Бірақ елорда клубы маусым басынан бері қорғаушыларының санын көбейтіп жатыр. Үш орталық қорғаушысы болатын. Жақында төртіншісін алды (С.Малыйды).
Осы ретте айта кетейік, ал «Қайрат» орталық қорғаушыға зәру болса да, жартылай қорғаушылары мен шабуылшыларының санын көбейтіп жатыр (Асеведо, Тұрысбек). Осы екі команданы түсініп көр... Кім біледі, енді «Астана» да құрамындағы ойыншыларының ішінен бір сұрмерген шығаратын шығар.
Айтпақшы, елорда клубы басшылары құрамын күшейтіп алды. Кеше ғана Италиядан келген жиеніміз Марко Абай Трабукки командаға Бас менеджер болып бекітілді. Аталарымыз «үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан» дейтін, көрейік...
4-орын. “Ертіс” (Павлодар)
«Ертіс» құрамын әлі екшеп жатыр. Жақында команда сапынан Сенегал шабуылшысы Байе Джибби Фаль кетті. Нақтылай айтқанда, сенімді толық ақтамағандықтан, легионер орнын босатты. Шынымен де, бұл шабуылшының соққан голдарынан гөрі мипаздап тараған шашы есімізде ғана қалды. Содан соң Ираклий Дзария да сынақтан өтпей, келген жолымен кері кетіпті.
Десек те, өткен жолы айтқанымыздай, «Ертіс» Гогуаның орнына бәрібір бір грузин алды. Ол да – жартылай қорғаушы. Аты-жөні – Шота Григалашвили. Сондай-ақ Павлодар командасы құрамын жергілікті қорғаушы Дамир Даутовпен толықтырды.
«Қайраттан» Виталий Ли маусым соңына дейін жалға алынды. Сонымен қатар Норвегияның «Хёугесунна» деген клубынан Карикари Кваме деген бойшаң (190 см) шабуылшы жалға алынды. Ол бұрын «Интернешнл Эллиес» (Гана), «Балыкесирспор» (Түркия) және Швецияның АИК, «Дегерфорс», «Хальмстад» секілді клубтарының сапында ойнапты.
5-орын. “Ақжайық” (Орал)
«Ақжайық» бас бапкерлік тізгінін Владимир Никитенкоға ұстатты. Биыл 11 мамырға дейін «Атырауды» жаттықтырған – отандық маман. Батысқа қайта барды. Енді өзінің білікті бапкер екендігін дәлелдеуі керек. Өкінішке қарай, «Ақжайық» екінші айналымда «Атыраумен» ойнап кетті. Әйтпесе, Никитенконың бұрынғы командасымен «шайқасқанын» көрер едік.
Рас, Орал командасы Никитенконың ұлттық құрамаға кеткен Талғат Байсуфиновтің орнына бас бапкер болып тағайындалғанын ресми түрде әлі мәлімдеген жоқ. Бірақ аталған бапкер «Ақжайықты» ХІХ-турға дайындап жатыр.
6-орын. “Шахтер” (Қарағанды)
Чемпионат кестесінің соңындағы командалар арасында да бәсекелестік қыза түсті. Ешқайсысының да келесі жылы І-лигада ойнағысы келмейді. Сондықтан аутсадерлер де құрамдарын күшейтіп жатыр. Мысалы, «Шахтер» бүгін құрамына словакиялық екі легионерді қосты.
Оның бірі –жартылай қорғаушы Штэфан Зошак. Өз елінің жастар арасындағы құрамасында ойнап, 2004 жылы әлем чемпионатына да қатысқан. Екіншісі – 26 жастағы шабуылшы Филип Серечин. 18 ойында сегіз-ақ гол соққан «Шахтердің» шабуылы енді құйындай орап соғатын шығар.
7-орын. “Тараз”
«Тараз» құрамын әлі нығайтып әлек. Қақпашы Григоренкоға да лайықты ізбасар керек. Бұл тұрғыда тараздықтар «Ордабасы» командасының қосалқы құрамында отырған Кирилл Короткевичке тоқталыпты. Содан соң «Ертістен» тәжірибелі қорғаушы Александр Киров келді. Ол тіпті өткен турда жасыл алаңға шығып, «Тобылды» тізе бүктіргенде өз үлесін қосты да.
Ертең «Тараз» Қарағандыда кеншілер командасымен сынға түседі. «Шахтер» – басты бәсекелестерінің бірі. Ұтылса, ұзатып алады. Бірінші турда, содан кейін соңғы ХVІІІ-турда ғана жеңіске жеткен тараздықтар ертең бар күш-жігерлерін салу керек. Енді жеңістерінің арасы 17 турға созылмайтын шығар.
8-орын. “Ақтөбе”
«Ақтөбе» жеңісті ұмытқалы біраз болды. Екінші айналымда әлі жеңіске жетіп көрген жоқ. Иә, ХІІ-турдан бері екі мәрте тең түсіп, бес рет жеңілістің кермек дәмін татты. Доп айырмасы – тым сөкеттеу (7-19).
Кеше Еуропа лигасының алғашқы електік сатысында да Венгрия клубымен тең түсті. Енді жексенбі күні «Ақжайықты» қабылдайды. Жеңіссіз жеті турда үш саты төмен сырғып, алғашқы алтылықтан алыстай түскен. Енді қамшыны басатын шығар.
9-орын. “Жетісу” (Талдықорған)
Екінші айналымды өте жоғары қарқында бастаған «Жетісу» соңғы екі турда ұтылып қалды. Жексенбі күні Албаниядан жол соғып, шаршап келетін «Қайратты» қабылдайды. Алыс жолдан титықтап келетін Алматы клубын аяқтан шала ала ма, жоқ па?
«Қайрат» «Теутаға» қонаққа кеткенде, «Жетісу» қол қусырып бос отырмай, өзінің жастарымен (қосалқы құрамымен) жолдастық кездесу өткізген болатын. Жауапсыз бес гол соғып, басымдық танытты. Енді сол голдарының жартысына жуығын алматылықтардың қақпасына соға алар ма екен?
10-орын. “Атырау”
Қазақстан чемпионатының жазғы трансфер кезеңінде құрамдарына көп өзгеріс енгізбей жүрген командалар да бар, премьер-лигамызда. Сондай некен-саяқ ұжымдардың бірі – «Атырау». Стойчо Младенов команда тізгінін ұстағалы қарамағындағы футболшылармен нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Жеңіске жетелейтін жігітерде сырттан іздеп жүрген жоқ.
«Атырау» жексенбі күні Шымкентте додаға түседі. «Ордабасы» да Еуропадан шаршап-шалдығып келді. Әрі Сербияда оңбай ұтылып қалғанын білесіздер. Ал «Атыраудың» қақпашысы ХV-турдан бері (403 минут болды) өз қақпасына гол жібермей келеді. Оңтүстіктен де олжалы орала ма екен?..
11-орын. “Оқжетпес” (Көкшетау)
«Оқжетпес» те құрамын көп “сапырған” жоқ. Бұған дейін жазғанымыздай, тек қорғанысын күшейтті. Әрі тәжірибелі ойыншыларының бір Анатолий Богданов қатарға қосылды. Ол ел кубогы жолындағы «Ертіспен» өткен ойында жарақаттанып қалған болатын.
Жалпы, Көкше клубы соңғы ойындарда еңсесін қайта тіктеді. Екінші айналым басталған бетте Алматыда оңбай сүрініп (0:6), одан кейінгі үш ойыннан төрт ұпай еншілеген болатын. Ал соңғы үш турда мүлде ұтылған жоқ, жеті ұпай олжалады. Әрі соңғы бес ойында 14 гол соқты.
Бір қуаныштысы, ІV-турдан кейін гол соқпай кеткен Әлібек Бөлешев қайтадан мергендігімен көзге түсе бастады. 12 тур бойы теңбіл допты қақпа торында тулата алмаған ардагер шабуылшы соңғы екі ойында да гол соғып, командасын жігерлендіре түсті.
12-орын. “Тобыл” (Қостанай)
Омари Тетрадзе бас бапкер болғалы үйде демей, түз демей жеңіске жете бастаған «Тобылдың» аптығы басыла бастағандай. ХІV-ХVІІ тур аралығында үш рет жеңіске жетіп, тек «Астанадан» ұтылып қалған болатын.
Алайда ХVІІІ-турда түзде «Тараздан» “таяқ” жеп қайтты. Осыдан екі күн бұрын екінші турдың кейінге шегерілген матчын өткізіп, Жайық жағасында «Атыраумен» ұпай бөлісіп келді. Жексенбі күні «Ертісті» қабылдайды. Бірінші айналымдағы Павлодарда өткен ойында 1:3 есебімен ұтылып қалған. Есе қайтара ала ма екен?..