1-орын. “Ордабасы” (Шымкент)
«Ордабасы» командасында ауыс-түйіс қызып тұр. Соңғы деректерге сенсек, Азат Нұрғалиевтің «Астанаға» ауысатындығы “болар болып, бояуы сіңіп” қойған іс сияқты. Дәуренбек Тәжімбетовтің «Таразға» ауысқанын ОҚО клубының ресми сайты да жазды. Қайрат Әшірбеков пен Темірлан Ерланов «Ақтөбемен» сөз байласып алғандай...
Осылай қазақтары азайып жатқан «Ордабасы» бүгін грузин шабуылшысы Отар Марцваладземен келісімшартқа отырғандарын жариялады. Мұның алдында «Ертістен» Гогита Гогуа келген. Сонда қалай, шырайлы Шымкенттің Грузия футболшыларына көңілдері ауғандай ма...
2-орын. “Ертіс” (Павлодар)
Гогуа Шымкентке кетсе, кете берсін. «Ертісте» Лория жалғыз грузин болмайтын сияқты. Команда сапына Ираклий Дзария келіпті. Әзірше сынақтан және медициналық тексерістен өтіп жүргенге ұқсайды. Ал қорғаушы Сергей Малый «Қайратқа» емес, «Астанаға» ауысатын секілді.
Павлодар командасы өткен турда елордада «Астанамен» тең түскен. Бұл олардың көңіл-күйлерін көтеріп, өздеріне деген сенімділіктерін артыра түскендей.
Ал басты бәсекелестері, яғни «Астана» мен «Қайрат» ертең өзара кездеседі. Біреуі немесе екеуі де ұпай жоғалтуы керек. «Ертіс» болса, сенбі күні «Жетісуды» қабылдайды. Ішің білсін, әлу-ай...
3-орын. “Қайрат” (Алматы)
«Қайрат» – қазір премьер-лигадағы ең көп гол соққан команда. 17 ойында 39 доп соқты. Әсіресе, екінші айналым басталғалы қарсыластарын “аяусыз” төпелеп жүр. Соңғы алты ойында 27 гол соғыпты! Орта есеппен, әр ойында – 4,5 (төрт жарым) голдан. Яғни шабуылы – өте жойқын.
Алайда, қорғанысының топсасы соншалықты берік емес. Осы алты ойында өз қақпасына сегіз гол жіберіп алды. Бұл аз емес. Ертең алматылықтар Алатау бөктерінде «Астананы» қабылдайды.
Ал елордалықтар – премьер-лигада өз қақпасына ең аз гол жіберген команда. Сонымен ертең көреміз, «Қайрат» дүлей шабуылымен басым түсе ме, әлде көшбасшы тасқамал қорғанысымен айласын асыра ма?!
4-орын. “Астана”
«Астана» голды аз соғады. 17 ойында – 26 доп. Бұл – орта есеппен, әр ойында шамамен 1,5 (бір жарым) голдан деген сөз. Бірақ елордалықтар жазғы трансфер кезінде шабуылшы іздеп жүрмеген сияқты.
Бас бапкері Станимир Стойловтың соңғы айтқан сөздеріне сенсек, түріктің «Карабюкспор» деген клубына жалға берілген Джуниор Кабананга команда құрамына қайта алынатын көрінеді.
Содан соң тағы да бір қорғаушы мен шабуылдаушы жартылай қорғаушы іздеп жүргендері баспасөз беттерінде жарияланды. Яғни Чемпиондар лигасында да қазіргі шабуылшыларына сенім артатын секілді – Нөсербаев, Деспотович, Кабананга.
Айтпақшы, маусым барысында команда сапына қосылған, дәлірек айтқанда жалға алынған Аруна Лукман мен Бесарт Абдурахими Кәсіпқой футбол лигасы сайтында “тіркеуден шығарылғандар” ретінде көрсетіліп тұр.
5-орын. “Атырау”
Әзірше «Атырау» тиыш. Тек «Тараздан» Берік Айтбаев қайтып келген. «Шахтерден» Мақсат Байжановты да қайтарып алғылары келгендей. Ең бастысы, қайсыбір ойыншысын “кеудесінен итеріп”, команда сапынан аластатып жатқанын естіген жоқпыз.
Команда тізгінін жақында ғана қолына алған болгар маманы келген бетте «қазіргі құрамдағы жігіттеріміз де жаман емес, осы футболшыларымызбен алғашқы алтылыққа енуге тырысамыз» дегендей еді.
Стойчо Младенов сөзінде тұрып, қарамағындағы футболшылармен-ақ жеңіске жетіп келеді. Атырауға келгелі үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетті. Осы үш матчта оның командасы жеті гол соғып, өз қақпасына бір-ақ гол жіберіп алды. Тамаша нәтиже!
6-орын. “Тараз”
«Тараз» командасында да ауыс-түйіс көп. Бауыржан Байтана мен Марат Шахметов трансферге қойылғандай. Украин Александр Алиев пен орыс Антон Григорьевтен кейін тағы Украинадан Андрей Яковлев келген.
Бүгін тәжік қорғаушысы Давронжан Эргешевтің де «Тараз» командасының намысын қорғайтындықтары белгілі болды. Сондай-ақ Шымкенттен Дәуренбек Тәжімбетов келетін болды. Осы Давронжан мен Дәуренбектен бірдеңе шықпаса... Ал Берік Айтбаев «Атырауға» қайта кетіпті.
7-орын. “Ақтөбе”
«Ақтөбе» маусым басында толықтай дерлік жаңадан құралған команда еді. Бірақ әлі де бүтіндей жасақталып болмаған сияқты. Төрт айдан кейін төрт ойыншысын босатты. Олар – Тотай, Давлатов, Михалёв және Петролай. Соңғысы жарақатына байланысты КФЛ тіркеуінен шығарылды.
Әзірше құрамына екі ойыншы қосты. Олар – Вук Митошевич (Сербия) және Лассина Дао (Кот-д'Ивар). Қалғандарының орындарын Қазақстан чемпионатындағы футболшылармен толықтыру қарастырылып жатқандай.
Бұл ретте, ең әуелі «Ордабасы» командасының қосалқы құрамында отырып қалған Қайрат Әшірбеков аталған. Басқа да ойыншылардың есімдері аталып жүр. Бірақ қайсысы «Ақтөбе» жейдесін киеді, оны алдағы күндерде білеміз. Ал екінші айналым басталғалы жеңіске жетпеген «Ақтөбе» 5-орыннан 8-орынға сырғыды.
8-орын. “Ақжайық” (Орал)
«Ақжайық» өткен турда «Шахтердан» ұтылып қалып, бас бапкері Талғат Байсуфинов қатты қапаланған болатын. Тіпті қызметінен кететін болып бекінгендігін де айтып салған. Бірақ Орал командасының басшылары оны жіберер емес.
Енді Талғат Маруанұлына іске қайта кірісу керек. Ал екінші айналымның қалған бес ойынындағы қарсыластарына – әрбір ұпай маңызды. Олар – үшінші орыннан үмітті «Ордабасы», алтынға ұмтылған «Астана» және алтыншы орыннан дәмелі үш команда («Тобыл», «Жетісу», «Ақтөбе»).
Негізі, «Ақжайық» жазғы трансфер кезінде құрамын біршама нығайтып алған. Әсіресе, шабуылын күшейтті. Енді соңғы екі ойында жеті гол жіберіп алған қақпашысы мен қорғаушыларын бір “сілкілеп” алып, бекінісінің жік-жапсарын бітеу керек сияқты.
9-орын. “Жетісу” (Талдықорған)
«Жетісу» шабуылшысы Душан Савичтің «Астанаға», ал қорғаушысы Дидье Борис Кадионың «Ордабасы» командасына кетпейтіндіктерін ресми түрде жариялады. «Мұның бәрі – қауесет» деп жазыпты Талдықорған командасының баспасөз қызметі.
Бірақ «Ақтөбеден» кеткен Абылайхан Тотай мен Швецияның төменгі лигасынан келген Мамаду Вагтың комада сапында сынақтан өтіп жүргендерін теріске шығармаған.
Осы ретте айта кетейік, жақында ғана «Жетісудың» бір ойыншысы «Қайратқа» ауысты. Ол – жартылай қорғаушы Бауыржан Тұрысбек. Есесіне, «Астанадан» жалға доп тебуді Бразилиядан үйреніп келген Берік Шайыхов алынып отыр.
10-орын. “Шахтер” (Қарағанды)
Кеншілер клубы қайсыбір ойыншыларымен қоштасты. Атап айтқанда, осыдан бірер күн бұрын маусым басында Финляндиядан келген жартылай қорғаушылары Эрфан Зенели мен Моштаг Ягуби келген іздерімен кері қайтты. Украина қорғаушысы Алексей Курилов та отбасылық жағдайына байланысты еліне кетіпті.
Айтпақшы, «Атырау» командасы қайта шақырып, “құда түссе” де, Мақсат Байжанов Қарағандыда қалатын болыпты. Кеше Андрей Финонченконың туған күні болып, команда капитаны 34-ке толды.
11-орын. “Оқжетпес” (Көкшетау)
«Оқжетпес» Ресейдің екінші лигасынан келген шабуылшысы Александр Алхазовты рахметін айтып, үйіне қайтарыпты. Енді, бітіргені – шамалы. Ресми деректерге сенсек, төрт ойында ғана алаңға шыққан. Қақпаны дөп көздей алмаған...
Есесіне, қорғаушылары аз командаға «Ертістен» Александр Кислицын келген болатын. Сөйтіп, онсыз да голды аса көп жібермейтін команданың қорғанысы тәжірибелі ойыншымен толысты.
12-орын. “Тобыл” (Қостанай)
«Тобыл» өткен турда Талдықорғаннан үш ұпай олжалап қайтты. Жалқы гол ойынның соңында пенальтиден соғылды. «Жетісудың» ойыншылары мен бас бапкері «пенальти болған жоқ» деп, зар иелді. Ал Омари Тетрадзе «болды!» депті сенімді түрде.
Енді сенбі күні түзде «Таразбен» ойнайды. Бұл команда – ашулы. Әрі құрамын күшейтіп жатыр. «Тобылға» қамшыны басу керек, әйтпесе ойын сайын соңғы секундтарда пенальти бола бермейтін шығар.
Бір атап өтерлігі, соңғы ойындарда «Тобылдың» қақпашысы Instat компаниясының әр тур сайын қорытындылап отыратын техникалық сараптамасында үздік голкиперлер тізіміне жиі ілігіп жүр.