1-орын. “Оқжетпес” (Көкшетау)
Кеше Ақтөбеде лаңкестер салған қанды қырғында оққа ұшып, опат болғандарды бүкіл ел болып аза тұттық. Ресми түрде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Осы қаралы күнде «Оқжетпес» футбол клубының ресми сайты ғана мерт болғандардың отбасылары мен туыстарына қайғырып, көңіл айтты.
Рас, басқа клубтар да 9 маусым аза тұту күні екендігін жазып, мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауын тілейтіндіктерін, елімізде тыныштық болғандығын қалайтындықтарын білдірді. Бірақ олар ресми сайттарында емес, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында аза тұтты. Ал «Оқжетпес» ресми сайтынан орын “аяған” жоқ...
2-орын. “Ақтөбе”
Соңғы үш турда екі мәрте тең түсіп, бір рет ұтылған «Ақтөбе» ертең «Тобылды» қабылдайды. Ең бастысы, бұл ойын лаңкестік қауіптің “қызыл” деңгейі жарияланған қалада өткелі отыр. Футболшылардың тартысты ойын өрнегімен жанкүйерлерді ырза қылады деп сенеміз. Әрі соған тілектеспіз.
Жасыл алаңда қазақ футболының көрнекті тұлғалары Самат Смақов пен Нұрбол Жұмасқалиев кездеседі. Әрі екі Ресей бапкері тактикалық сайысқа түседі. Бұл ойын «Ақтөбе» мен «Тобыл» үшін ғана емес, «Атырау», тіпті «Жетісу» үшін де – маңызды. Алаң иелері сүрінсе, өкшесін басқан командалар ұпай айырмасын қысқартып, 6-орынға жақындай түседі.
3-орын. “Ордабасы” (Шымкент)
Оңтүстікқазақстандықтар соңғы үш турда үй демей, түз демей ұтылды. Мұны аз десеңіз, ХІV-турдан бергі үзіліс кезінде Қазақстан жастар құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, оларға да 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Жалпы, екінші айналым басталғалы жеңілістен көз ашар емес.
Ол, ол ма? Команданың бас бапкері Бақтияр Байсейітов «командада үнемі негізгі құрамда алаңға шыға алмай, ұжымға кері әсерін тигізетін екі-үш футболшы бар, мұндай ойыншыларды аямау керек екенін түсіндім» деп салды, отандық басылымдардың біріне берген соңғы сұхбаттарының бірінде.
Содан ба, әйтеуір «Ордабасы» жазғы трансфер кезеңі ашылмай жатып-ақ құрамын екшеуге белсене кірісті. Команда құрамынан кеткені де, келгені де бар. Алда – Еуропа лигасы. Сонымен қатар, әзірше алғашқы алтылықтағы командалардың ішінде тек осы команданың ғана бас бапкері – отандық маман.
Алайда өкшесін басқан командалар 6-орындағы шымкентіктерді басып озуды көксейді. Айтпағымыз, Байсейітовке артылар жүк – өте ауыр. Көтере ала ма, сенімді ақтай ма, жоқ па?
4-орын. “Ертіс” (Павлодар)
Ерке Ертіс жағасында басталған “Гогуа жырына” Бадам өзені сағасында нүкте қойылды. Грузин футболшысы Павлодар командасынан кетіп, «Ордабасы» клубымен келісімшартқа отырды (естуімізше, бір жарым жылға).
Қызық болғанда, Шымкентке кетуі тез болған Гогита Гогуаның ертең «Ертіске» қарсы шығуы әбден мүмкін. Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасында заңды түрде тіркелсе, шығып та қалар. Әлде... Самат Смақовты өздеріне қарсы әлі күнге дейін қарсы ойнамайтындай етіп қойған «Қайрат» сияқты, «Ертіске» де Гогуаны “дұғалап” тастау керек па еді?..
5-орын. “Қайрат” (Алматы)
Кешелі бері еліміздегі кейбір футбол клубтары мен электронды басылымдар «Қайраттың» қожайыны Қ.Боранбаевты немерелі болуымен құттықтап жатыр. Қайрат Советайұлының үлкен қызы Әлима мен күйеу баласы Айсұлтан Назарбаевтың тұңғыштары дүниеге келді.
Осылар бірдеңе білетін шығар, «Қайрат» футбол клубы Байқаушы кеңесінің төрағасын біз де құттықтаймыз...
Ал Аршавин болса, Еуропа чемпионатына ақыры бара алмайтын болды. Ресейлік кейбір мамандар соңғы сәтте жарақат алып қалған Денисовтің орнына шақыртыла ма деп, үміттенген. Алайда Ресей құрамасының бас бапкері Леонид Слуцкий «Андрей 2000 жылдардағы – үздік ойыншы» деумен ғана шектелді.
6-орын. “Ақжайық” (Орал)
Қазақстан ұлтық құрамасы ел чемпионатының алғашқы екі турынан кейін жолдастық кездесулер өткізіп келген болатын. Әуелі Әзірбайжан құрамасын ұтып, содан кейін Грузия футболшыларымен тең түскен-ді. Осы екі жолдастық кездесуден кейін «Ақжайық» азуы алты қарыс «Қайратты» тізе бүктірді...
Жақында Қазақстан ұлттық құрамасы түзде Қытай футболшыларын тізерлетіп келді. Талғат Байсуфинов құрама сапынан келе сала, «Ақжайықпен» тағы да жеңіске жетсе, таң қалмаймыз.
Ұлттық құрама жеңісінің бас бапкер тұрмақ, жанкүйерлердің өздерін жігерлендіріп жіберетін анық. Қытайдағы жетістік те Талғат Байсуфинов үшін өте маңызды жеңіс деп ойлаймыз. Сонымен, «Ақжайыққа» бұл жолы «Тараз» төтеп бере алар ма екен? Әлде «Қайраттың» кебін кие ме?
7-орын. “Атырау”
«Атырау» тізгінін Стойчо Младеновқа ұстатты. Қазақстан премьер-лигасындағы үшінші болгар бапкерінің атыраулықтарды алғашқы алтылыққа алып шықпақ ойы бар көрінеді. Көрейік, қалай боларын. Тоғыз ойынның ішінде «Атырауды» тоғызыншы орыннан алтыншы орынға өрлетсе, өресі жоғары жаттықтырушы болғаны.
Қазір Младеновтың жаңа командасының 6-орындағы командадан жеті ұпайы кем. Алайда қалған тоғыз ойынының жартысынан көбінде екінші алтылықтағы командалармен кездеседі. Қазақ додасындағы алғашқы емтиханын білікті Владимир Мухановтың командасымен өтетін ойында тапсырады.
8-орын. “Тобыл” (Қостанай)
Біз жоғарыда атап өткен маманға (жалпы, болгар бапкерлеріне) әу баста «Тобыл» да “құда түскен”. Бірақ екеуі мәмілеге келе алмағандай. Содан Қостанай клубы бірер тур бас бапкерлік қызметті Лотовқа тапсырып, өздеріне лайықты маман іздестірді. Ақыры Ресейден Тетрадзені шақырды.
Омари Тетрадзе алғашқы ойында жерге қаратқан жоқ. «Тобыл» өткен турда, өз алаңында «Ордабасы» командасын тізе бүктірді. Егер осы бапкермен алғашқы алтылықа іліксе, онда – қателеспегендері. Ал егер, Младенов «Атырауды» үздік алтылықа сүйреп алып шығып, қостанайлықтардың алдын орап кетсе, онда бармақтарын тістейді...
9-орын. “Астана”
«Астана» Чемпиондар лигасы басталғанда, негізгі күш-жігерін Еурододаға салады. Ол айтпаса да түсінікті сияқты. Сондықтан қазір ел чемпионатында ұпай жоғалтпай, басты бәсекелестерінен ұзай түсуді теріс көрмейді.
Бірақ енді ұзай түсу мүмкін емес шығар. Ең бастысы, қазіргі ұпай айырмасын сақтап қалу сияқты. Әрине, басты мақсаттары – жазғы транфер кезеңінде құрамын күшейтіп алу. Бұл ретте «Астана» әлі қазақтандық жанкүйерлер мен мамандарды таң қалдыра қойған жоқ.
10-орын. “Тараз”
Юрий Максимов «Таразды» көш соңындағы орнына жоғары шығару үшін жанталасып жатқандай. Жазғы трансфер кезеңін пайдаланып, команда құрамын күшейтіп алмақ. «Ақжайықтан» кеткен Сергей Гридинді сынақтан өткізіп көрген. Бірақ бұл шабуылшы көңілінен шықпағандай.
Румыниядан келген 30 жастағы қорғаушы Алин Серони де «Тараз» бапкерлерін тәнті ете алмаған сыңайлы. Есесіне, Украинаның көпшілікке танымал футболшысы Александр Алиевпен маусым соңына дейін келісімшартқа отырған секілді. Енді оның айып соққыларынан сақ болу керек.
11-орын. “Жетісу” (Талдықорған)
Соңғы төрт турда үш рет жеңіске жетіп, 10 ұпай олжалаған, сондай-ақ төрт саты жоғары өрлеген «Жетісу» ертең «Астанамен» кездеседі. ХІV-турдан бергі үзіліс кезінде құрамын Артем Касьяновпен нығайтып алды. Ертең осы жеңіліссіз жолы үзіле ме екен, әлде...
Бір қызығы, Талдықорған футболшылары биыл түзде тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүр. Тіпті өз қақпасына голды да түзде емес, үйде көп жібереді (21 доптың 13-ін өз алаңында жіберіп алды). Ендеше, ертең елорда клубын қара терге түсіруі әбден мүмкін.
12-орын. “Шахтер” (Қарағанды)
Қарағандының «Шахтері» ертең шабуылы жойқын «Қайратпен» өтетін ойын алдында қорғанысын нығайта түсті. Кеншілер командасы сапына босниялық Никола Василевич қайтып оралды. Оның тіпті үшінші нөмірлі жеідемен ойнайтындығы да мәлім болды.
Негізі, «Шахтердің» ең осал шебі қорғанысы емес, шабуылы еді. Бірақ 14 ойында бес-ақ гол соққан кеншілер командасы қалталары көтеретін сұрмерген таппай жүргендей.