Вернуться к списку статей

ҚФФ сайтына сеніп, ақпаратсыз қалдық

Футбол
2K
Тыныштық. Кешеден бері Қазақстан футбол федерациясы – тым-тырыс. Тіпті федерацияның ресми сайтында күні бойы тың ақпарат жарияланған жоқ.

Ал кеше таңертең «федерация қызметі туралы жаңалықтардың бірден-бір дерекөзі ҚФФ-ының ресми сайты» деп мәлімдеген болатын. Иә, Қазақстан футбол федерациясы тура осылай жазған-ды. Яғни барлық ақпаратты тек федерацияның ресми сайтынан алуымыз керек.

Бірақ аталған сайтта кешеден бері тың ақпарат жоқ. Қазақ тіліндегі нұсқасында соңғы ақпарат кеше кешкісін түсті. Орыс тілінде соңғы рет «Алтай» клубына жіберілген екі телефонограмманың көшірмесі жарияланды. Ол да кеше шыққан.

Онда біріншісінде 7 мамыр күні «Алтай» клубының өкілдерімен кездесу өтетіндігі жарияланған. Онда ФИФА талабын орындау үшін қолданылған шешім, яғни «Алтай» клубынан тоғыз ұпай шегерілгендігі жөнінде түсініктеме берілетіндігі жазылған.

Ал екіншісінде осы кездесудің 7-існен 11-іне ауыстырылатындығы мәлімденген. Себебі Шығыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мерекелік шаралар өткізеді екен.

Басқа ештеңе жоқ. Кешеден бері отандық спорт басылымдарында да футбол тақырыбындағы ақпараттар мен жаңалықтар да – жоқтың қасы. Тым аз. Жұтаң.

Енді олар қайдан алсын? Қазақстан футбол федерациясы тек өздерінің ресми сайтынан алу керектігін бадырайтып жазған жоқ па?!

Таразда бозбалалар арасындағы Шох турнирі көмбесіне таяп еді. Ол не болды екен? Финалдық кезеңге қай клубтар шықты екен? Кездесетін командалар жұбы белгілі болған шығар-ау.

Шымкентте әйелдер арасындағы Қазақстан кубогы да шешуші кезеңіне жеткен. Ел кубогын қай команда жеңіп алды екен?


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика