"Оқжетпес" – "Шахтер" – 3:1
Бірнеше жыл бұрын-ақ Еуропа лигасында атой салған "Шахтер" мен қазіргі "Шахтердің" арасы – жер мен көктей. Әсіресе, Қарағанды командасы осы маусымды аса сәтсіз бастады. Әлі бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. X турда да жеңіске жетеді деп айту қиындау.
Себебі өткен турда "Ақтөбені" сан соқтырған "Оқжетпестің" осалдық танытпайтынына сенім мол. "Шахтер" соңғы төрт ойында "Оқжетпесті" ұта алмай келеді. Тең ойынның өзі кеншілерге жаман нәтиже емес. Дегенмен бұл турда да 3 ұпай еншілеуі қиын. Менің болжамым бойынша көкшетаулық команда 3:1 есебімен жеңіске жетеді.
"Ақжайық" – "Тобыл" – 1:1
Оралдың командасы өз алаңында жақсы ойнайды. Әлі жеңілген жоқ десек те болады (кубоктағы пенальти сериясын айтпағанда). Өткен турда "Қайраттан" ойсырай жеңілген команда осы турда қамшы басар деп ойлаймын. "Тобыл" да – топ бастауға лайық командалардың бірі. Ойын Қостанайда болғанда бұл команданы фаворит ретінде санауға болар еді.
"Атырау" – "Қайсар" – 0:0
Маусымды сәтті бастаған қызылордалық команда соңғы турларда сүреңсіз ойнап жүр. Ал "Атырау" командасы ойыншыларының көңіл-күйлері – көтеріңкі. 6 кем ұпайлары алынып тасталды. Өткен турда "Таразды" ұтып, соңғы орыннан алға жылжыды. Сондықтан бұл ойында алаң иелері ұтылмаса керек-ті. 0:0 есебімен тең ойнайды деп ойлаймын.
"Ақтөбе" – "Тараз" – 1:0
Осыған дейінгі турларды есепке алғанда ең аз гол соққан команда – "Ақтөбе". Оныншы турда өз алаңында "Таразбен" ойнайды. Бұл ойында көп гол соғылмаса керек. "Ақтөбе" 1:0 есебімен жеңіске жетеді.
"Ертіс" – "Ордабасы" – 2:1
Қос команда арасындағы ойында аз гол соғылмайды. Кем дегенде екі гол болады. Ал алаң иелері фаворит екені рас. "Ордабасыға" бүйрек қанша бұрғанмен, "Ертіс" есе жібермейді деп ойлаймын...
"Астана" – "Қайрат" – 3:2
Қазақстан «Ел-класикосындағы» фаворитті анықтау оңай емес. Болжам жасау да қиын. Астана жаңа жасыл желегі төселген "Астана-Аренада" ойнайды. Бірнеше күннен бері алаңның жаңа жасанды желегіне бой үйретіп жүр. "Қайрат" ойыншыларына жасанды желегі бар алаңда ойнау қиындау.
Дегенмен алматылық ұжым үшін "Астана-Арена" "сәтсіздік мекені" емес. Кахабер Цхададзе жаттықтыратын "Қайрат" бұл маусымда әлі ұтылған жоқ. Бірақ тең ойындары көп. Сондай-ақ "Астанадан" бір ойын артық өткізіп үлгерді. Х турдағы "Астана" – "Қайрат" ойынынан ел күтпеген есеп күтемін. Менің болжамым бойынша алаң иелері 3:2 есебімен жеңіске жетеді.
Уәлихан Қосанбай жеті ұпай жинады
Өткен, ІХ турдың ойындарына vesti.kz сайтының қазақша нұсқасын жүргізетін, яғни шығарушы редакторы Уәлихан Қосанбай болжам жасап, жеті ұпай еншіледі. Төмендегі кестеден журналист, әрі комментатор әріптесіміздің болжамы мен алты матчтың нақты нәтижелерін салыстарып көре аласыздар.
Уәлихан Қосанбайдың ІХ турға берген болжамының қорытындысы
Ескерту:
* – VІІ турдың бір матчы кейінге шегерілген; Әрі Ғабит Сапарбеков екі ойынның нәтижесін дәл тапты. Уәлихан Қосанбай бес ойынның жалпы есебін және екі ойынның доп айырмасын болжап шықты.
** – VІІІ турдың екі ойыны кейінге шегерілген.