Бүгін Қазақстан Премьер-лигасы ХХІХ тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын бірінші кезеңде 6 ұпай жинап, финалға шыққан «Азаттық» радиосының журналисі Руслан Меделбек ұсынады.
Қайрат – Астана 2:1
Қазақстан біріншілігі шарықтау шегіне жетті. 30-шы турда ел чемпиондары анықталуы мүмкін. Егер «Астана» Алматыда «Қайраттан» басым түссе, қатарынан үшінші мәрте премьер-лигада топ жарады. Алайда бұл турда емес. Шешуші сында ұпай жоғалтқан «Қайрат» өз алаңында елордалықтардың тойлауына мүмкіндік бермес. Сондықтан «Астана» келесі аптадағы Еуропа лигасын көбірек ойлауы мүмкін. Қай турда чемпион болса да бәрібір емес пе? Ең бастысы енді чемпиондық атақтың тағдыры «Астананың» қолында.
Ордабасы – Ертіс 1:1
Үшінші орыннан «Ертіс» пен «Ордабасы» дәмелі. Екі команда Шымкентте шеберлік байқасады. Еуропа лигасына жолдама беретін орынға талас қыза түсті. «Ертіс» ұтылмаудың жолын іздейді. «Ордабасы» керекулік команданы қуып жетуге тырысады. Алайда төрешілер араласпаса тең ойын болады.
Ақтөбе – Оқжетпес 0:0
«Оқжетпес» те үздік үштіктен үміт үзген жоқ. Көкшетаулықтар жүлдеден шет қалған «Ақтөбеге» қонаққа барады. «Ақтөбе» алғашқы алтылықтағы командаларға ұпай тарату қызметін атқарып жүр. Бұл жолы Көкше командасы бір ұпай арқалап қайтуы тиіс. Жеңіске жетуге шамалары ғана емес, командадағы белді ойыншылардың бас бапкердің қаһарына ұшырауы да себеп болуы мүмкін.
Тобыл – Ақжайық 2:1
Төменгі топта «Тобыл» ғана премьер-лигадағы орнын сақтап тұр. Өзге командалар бірінші лигаға түсіп қалмауды көбірек ойлайды. Сондықтан «Тобылға» қарағанда «Ақжайыққа» жеңіс ауадан қажет. Бірақ биыл Орал командасы Бірінші лиганы жағалайтын шығар.
Атырау – Шахтер 2:2
Төменгі топтағы нағыз тартыс «Атырау» мен «Шахтер» арасындағы өтеді. Екі команда да бірдей ұпай жинап, төменгі сатыдан сәл ғана жоғары тұр. Деңгейлері қарайлас қарсыластар ұпай бөлісіп тарқасуы керек.
Жетісу – Тараз 1:1
Ұпай бөлісу матчы «Жетісу» мен «Тараз» арасында да жалғасады. Дәл қазір Алматы облысының командасы екі ұпай айырмасымен алды тұр. Бірақ «Тараз» жеңіске жетсе, оныншы орынға көтеріледі. Сол үшін алаң иелері қателік жібермеуді көбірек ойлап, тең түсуге ұмтылатыны анық. «Тараз» Талдықорғаннан ұпай алып қайтады. Бірақ жеңіске жетуі қиындау.
Ал өткен жолы ел чемпионатының 29-тур ойындарына «Азаттық» сайтының журналисі Руслан Меделбек болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 2 ұпай жазды.
Руслан Меделбектің ХХІХ турға жасаған болжамдарының қорытындысы | ||
Ойындар | Руслан Меделбектің болжамы | Ұпай |
Жетісу – Атырау 4:3 | 1:1 | 0 |
Ертіс – Ақтөбе 5:1 | 1:0 | 1 |
Қайрат – Ордабасы 1:1 | 2:0 | 0 |
Тараз – Ақжайық 2:1 | 1:1 | 0 |
Шахтер – Тобыл 2:3 | 2:1 | 0 |
Астана – Оқжетпес 3:0 | 2:1 | 1 |
«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі | |||
Орын | Журналист | Ұпай | Тур |
1 | Түгелбай Бисен | 6 | ХХV |
2 | Ермек Төрениязов | 5 | ХХVI |
3 | Әділбек Жақанов | 4 | ХХІV |
4 | Сәкен Сыбанбай | 3 | ХХVIII |
5-7 | Рауан Оқас | 2 | ХХV |
5-7 | Арай Ізбай | 2 | ХХVII |
5-7 | Руслан Меделбек | 2 | ХХІХ |
«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.