Вернуться к списку статей

Арай Ізбай – "Астанаға" екі турнирдің бірін таңдау қажет

Футбол
2K
27-тур ойындарына Арай Ізбай болжам жасайды
Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасы ХХVІІ тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын бірінші кезеңде 6 ұпай жинап, финалға шыққан National Geographic журналисі Арай Ізбай ұсынады.

Ордабасы – Оқжетпес 1:1

Бұл үшінші орынға таласып келе жатқан ұжымдардың шайқасы. Алайда көкшетаулық клубтың бір ойыны кем. Дегенмен де қос команда үшін бұл тартысқа толы кездесу болмақ. Қандай да бір ойыншы алаңнан қуылады десем қателеспейтін шығармын. Өйткенді қос ұжымда да мінезді ойыншылар жетерлік. Бахтияр Байсетитов ұжымы қарсыластарына қарағанда өз қақпасына көп доп жіберіп алған, ал қос ұжымның соққан голдары шамамен алғанда бірдей. Демек, ойын 1:1 есебімен тең аяқталуы тиіс деп ойлаймын.

Қайрат – Ертіс 3:1

27-ші турдың орталық кездесуі десем артық кеткен жоқ шығармын. Астанадағы жеңістен кейін Кахабер Цхададзе командасының көңіл-күйі тамаша болуы тиіс. Алматыдағы ойын «Қайрат» үшін осы чемпионаттағы ең жауапты кездесу болмақ. Сол себепті Бауыржан Исламхан бастаған жігіттер барын салады. Ал Павлодардан келген қонақтар өзіне тән қорғаныс мәнерінде ойнап, Роман Муртазаевқа сенім артатыны белгілі. Қалай дегенменде қорытынды есеп «Қайрат» пайдасына 3-1 есебімен аяқталса, таң қалмаймын.  

Ақтөбе – Астана 1:1

Алғаш айналымда өткен қос ұжым арасындағы кездесу барша жұрттың есінде шығар. Болмаса еске салайын, ел тарихында өз атын алтын әріппен жазған «Астана» өз алаңында батыстан келген қонақтарды қабылдаған болатын. Жеңіске жету үшін біраз тер төкті Каньяс бастаған жігіттер. Абырой болғанда «Ақтөбе» олжалы болып қайтатын еді. Олай болмады. 84 минутта Патрик Твумаси ойындағы жалғыз голды соғып, Станимир Стойлов үмітін ақтап, аренаға жиналған халықтың төбесін көкке жеткізді. Бұл жолы да осындай кездесу болмақ. Соңғы кездері керемет ойын көрсетіп жүрген «Ақтөбе» өз алаңында аянып қалмайтыны белгілі. Ал ел чемпиондарының алдында былтырғыдай қиын таңдау тұр. Еуропа лигасы ма, әлде ішкі біріншілік пе? Қос бағытта күрес жүргізу өте қиын. Былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен команда қандай таңдау жасағанын біз жақсы білеміз. Биыл да осындай сценарий қайталанады деген сөз көп. Алайда ЧЛ мен ЕЛ командаларын салыстыруға келмейтіні тағы бар. Бәлкім, былтыр Станимир Стойловта үміт болған жоқ шығар, ол өзін осы топтық кезеңнен ғана көрген шығар деген ой туады менде. Биыл жағдай мүлдем басқа. «Астананың»  өз тобынан шығуға шамасы жетеді.

Ақтөбелік жанкүйерлер өз командасына дем берсе, ойын 1:1 есебімен тең аяқталып қалатын шығар.

Атырау – Ақжайық 2:0

Алғашқы ойынға жүгінбей-ақ бұл ойында кім жеңіске жететінін айту қиын емес. «Атыраудың» жеңіске жете алмай келе жатқанына бір ай, төрт аптаның жүзі өтті. Бұл жолы Стойчо Младенов ұжымы осыған дейін қолынан келмегеннің барлығын аутсайдерге қарсы көрсетуге тырысады. Алдындағыдай опық жемес үшін «Ақжайық» қорғанысқа мейлінше көңіл бөлуге тырысады. Осылайша есеп 2:0 «Атырау» пайдасына аяқталады.

Тобыл – Тараз 1:0

Сырт алаңда қарсыластарына есе жіберген қостанайлықтар бұл жолы есесін қайтаруға тырысады. Өкінішке қарай, «Тобыл» әзірге тұрақты ойынымен көзге түсе алмай келеді. Өткен турда күтпеген жерден «Тобыл» кесте түбінде келе жатқан Орал ұжымына жол беріп қойды. Бұл қателікті түзеу үшін өз алаңында «Таразды» қабылдайтын жергілікті клуб, қанша қиын болса да үш ұпай алуға тырысып бағады. Есеп 1:0 алаң иелерінің пайдасына шешіледі.  

Жетісу – Шахтер 1:0

Кесте түбінде келе жатқан клубтардың шайқасы әрдайым тартысқа толы. Талдықорғанда өтетін ойында ереже көп бұзылады. Ақыр аяғында жер жанаты Жетісу ұжымы 1:0 есебімен жеңіске жетуі тиіс.

Ал өткен жолы ел чемпионатының 26-тур ойындарына «ҚазСпорт» журналисі Ермек Төрениязов болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 2 ұпай жазды.

Ермек Төрениязов ХХVІ турға жасаған болжамдарының қорытындысы

Ойындар

Е.Төрениязов болжамы

Ұпай

Астана – Қайрат 1:4

1:1

0

Ақжайық – Тобыл 1:0

1:0

3

Тараз – Жетісу 3:2

2:1

2

Шахтер – Атырау 3:0

1:1

0

Ертіс – Ордабасы 1:2

0:0

0

Оқжетпес – Ақтөбе 0:3

2:0

0


«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі

Орын

Журналист

Ұпай

Тур

1

Түгелбай Бисен

6

ХХIII

2

Ермек Төрениязов

5

ХХVI

3

Әділбек Жақанов

4

ХХІV

4

Рауан Оқас

2

ХХV

«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика