Жалпы ереже
Астана футбол федерациясының ақпараттық-сараптамалық порталы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдері барысында «Болжамшылар бәсекесін» ұйымдастырады.
Бәйгелерімізге қатысушылар әр турдағы ойындарға болжам жасап, біз оның қорытындысын шығарып отырамыз. Екі лигадағы бәйге қорытындысы топтық кезеңдер аяқталғаннан кейін шығарылады.
2016 жылғы Еуропа чемпионаты кезінде ұйымдастырған бәйгеміздегідей үздіктер плей-офф сатысындағы матчтарға болжам жасау құқығына ие болады.
«Чемпиондар лигасы» бәйгесі
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне 32 болжамшы қатысады. Олар Чемпиондар лигасындағы 32 клуб секілді сегіз топқа бөлінеді – “A”, “B”, “C”, “D”, “E”, “F”, “G” және “H”.
Әр болжамшы өз тобына сәйкес төрттіктегі командалардың ойындарына ғана болжам жасайды. Мәселен, “A” тобына түскендер «Арсенал», «Базель», ПСЖ және «Лудогорец» клубтары арасындағы ойындарға болжам жасап отырады.
Топтық кезең аяқталған соң, біздің бәйгеміз де плей-офф жүйесімен жалғасады. Яғни бізден де әр топта 1-2 орындарға ие болғандар 1/8 финалына шығады. Ал 3-4 орындарды қанағат тұтқандар Еуропа лигасына жөнелтіліп, 1/16 финалына болжам жасау құқығына ие болады.
«Чемпиондар лигасы» бәйгесіне қатысушылар төрт қоржынға (себетке) бөлінген. Бірінші қоржында – футболшылар, бапкерлер. Екінші қоржында – қоғам қайраткерлері. Үшіншісінде – футболға қатысы бар арулар. Ал төртінші себетте – Еуропа чемпионаты кезіндегі бәйгемізде ширек финалға шыққан және «Еурокубоктар» бәйгесінде жүлделі орындарға ие болған журналистер.
Төрт қоржындағы болжамшылар тізімін ертең жариялаймыз. Ал кімнің қай топқа түсетіні жұма күні белгілі болады. Яғни біздің жеребеміз 2 қыркүйек күні тартылады. Жеребе тарту рәсіміне келіп, өз көзіммен көремін деушілерге есігіміз – ашық.
«Еуропа лигасы» бәйгесі
Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі ойындарға болжам жасауға 16 спорт журналисі қатысады. Олар төрт топқа бөлінеді. Біреуі – “B” тобы, өйткені онда «Астана» клубы додаға түседі. Содан кейін құрамында азулы командалар бар – “A” және “K” топтары. Өйткені бұл топтардың ойындары қызықты және тартысты өтуі керек деп ойлаймыз. Ал төртінші топ жеребе тарту арқылы анықталады.
Иә, білеміз, Еуропа лигасының топтық кезеңінде 48 команда ойнайды. Бізге де 48 журналист табуға болар еді. Бірақ біз әр түрлі себептерге байланысты қытысушылар санын ықшамдап алдық...
Еуропа лигасының топтық кезеңдегі ойындарға болжам жасаушылар тізімін де ертең жариялаймыз. Олар да төрт қоржынға бөлінген. Ал жеребе жоғарыда жазғанымыздай, алдағы жұма күні тартылады.
Мұнда да әр топтағы командалар (“B”, “A”, “K” және ?) өздеріне тиеслі төрттіктегі клубтардың ойындарына болжам жасап отырады. Әр тур сайын қорытындысын шығарып, жариялап отыратын боламыз. Топтық кезең аяқталған соң, бұл бәйгеміз де плей-офф жүйесімен жалғасады.
Тек мұнда де әр топта 1-3 орындарға ие болғандар 1/16 финалына шығады. Оларға «Чемпиондар лигасы» болжам бәйгесіне қатысып, өз топтарында 3-4 орындарды қанағат тұтқандар қосылады. Сондай-ақ Қазақстан чемпионатының премьер-лигасының әр турына қатысып жүрген болжамшыларымыздың төрт үздігі де Еуропа лигасының плей-офф сатысында болжам жасау құқығына ие болады.