Ертең Қазақстан Премьер-лигасы ХХІ тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын алматылық спорт журналисі Ақын Ордабай ұсынады.
Астана – Атырау 1:0
Чемпиондар лигасының алғашқы ойынын сырт алаңда литвалық «Жальгирис» клубымен өткізіп, 0:0 есебімен тең ойнап қайтқан елорданың «Астана» үшін «Атыраумен» болатын кездесу жай бір қара жарыс іспеттес болатын шығар. Өйткені ел чемпионатының көшін бастап тұрған Станимир Стойлов шәкірттері үшін қазіргі кездегі басты мақсат Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі болып тұр. Сондықтан бұл ойында «астаналықтар» қонақтар қақпасына тек бір ғана гол соғады.
Жетісу – Ақжайық 2:0
«Жетісулықтар» өз жерінде чемпионат аутсайдері «Ақжайықты» қабылдайды. Оралдықтар намысқа тырысып, мінез көрсеткенімен Талдықорғаннан сағы сынып, салы суға кетіп қайтады.
Тобыл – Оқжетпес 1:1
«Тобыл» мен «Оқжетпес» футболшылары 1:1 есебімен тең тарқасуы ғажап емес. Өйткені қостанайлықтар қарсыластарын өз алаңында қабылдайды және үздік ойынымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп, қалайда осы маусымда үздік алтылықтың қатарынан көрінуді қалайды. Бірақ «Оқжетпес» те оңай шағылар жаңғақ емес, Қостанайдан бір ұпай алып кетуге шамалары жетеді.
Ертіс – Қайрат 1:2
ХХІ турдың орталық матчы «Ертіс» пен «Қайрат» арасында өтетін шығар. Екеуі ел чемпионатында екінші және үшінші орындарда келе жатқан азулы командалар. Екеуіне де үш ұпай алудың маңызы зор. Сонымен, менің ойымша бұл кездесу 2:1 есебімен Алматының командасының жеңісімен аяқталуы мүмкін.
Ордабасы – Тараз 2:1
Үздік бестікті түйіндеп тұрған Шымкенттің «Ордабасы» клубы үшін бар күшті чемпионатқа салудың реті келіп тұр. Олай дейтініміз, Еуропа лигасынан шығып қалды. Амал нешік, ішкі чемпионаттан жұбату іздейді. Шымкентке «Тараз» командасы қонаққа бармақ. Алаң иелері үшін жанкүйерлерінің көңілін аулаудың керемет мүмкіндігі туып тұр.
Ақтөбе – Шахтер 2:0
Премьер-лигада 8-ші және 10-шы орындарды түйіндеп тұрған «Ақтөбе» мен «Шахтер» кездесуі алаң иелерінің жеңісімен аяқталуы мүмкін. Шыны керек, дәл қазір «ақтөбеліктерді» жұмбақ команда деуге болатын шығар. Бірде жарқ етіп, жарқын ойын көрсетсе, бірде шашырап, тұйық мінезіне салатын әдеті бар. Өйткені, қазір «Шахтердің» басынан бақ тайған кезең. Қонған бақты ұстай алмаған өздері кінәлі.
Ал өткен жолы ел чемпионатының 20-тур ойындарына «Хабар» телеарнасының спорт редакторы Қанат Базылхан болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 4 ұпай жазды.
Қанат Базылханның ХХ турға жасаған болжамдарының қорытындысы | ||
Ойындар | Қ.Базылханның болжамы | Ұпай |
Ақжайық – Астана 1:5 | 0:1 | 1 |
Тараз – Ертіс 1:0 | 1:2 | 0 |
Оқжетпес – Жетісу 2:0 | 2:1 | 1 |
Қайрат – Тобыл 3:2 | 2:0 | 1 |
Атырау – Ақтөбе 1:1 | 1:1 | 3 |
Шахтер – Ордабасы 0:0 | 1:1 | 1 |
«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі | |||
Орын | Журналист | Ұпай | Тур |
1 | Ермұхамед Мәулен | 11 | VI |
2 | Жандос Айтбай | 8 | ХVIII |
3 | Қанат Базылхан | 7 | ХХ |
3-4 | Руслан Меделбек | 6 | ХІV |
3-4 | Сәкен Сыбанбай | 6 | Х |
5-6 | Арай Ізбай | 5 | ХІІ |
5-6 | Рауан Оқасов | 5 | ІХ |
7-10 | Ермек Төрениязов | 4 | VIII |
7-10 | Әділ Жақанов | 4 | ХІІІ |
7-10 | Руслан Бақытжан | 4 | ХV |
7-10 | Түгелбай Бисен | 4 | ХVII |
11-12 | Ғабит Сапарбеков | 3 | VII |
11-12 | Төлеубек Әділбекұлы | 3 | V |
13-15 | Нұржан Туғанбай | 2 | ХІ |
13-15 | Бек Төлеуов | 2 | XVI |
13-15 | Мақсат Сіләмбек | 2 | ХІХ |
15 | Есей Жеңісұлы | 1 | IV |
«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.