Вернуться к списку статей

Бек Төлеуов – "Қайрат" қазір нағыз бабында

Футбол
2K
Бек Төлеуов Премьер-лиганың 16-турына өз болжамын жасады.
Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Ертең Қазақстан Премьер-лигасы ХVІ тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын «Бақ.кз» сайтының спорт редакторы Бек Төлеуов ұсынады.

«Ертіс» – «Ақтөбе» – 1:0

«Ертіс» чемпионатты өте қарқынды бастап, біразға дейін жеңілмей келе жатқан еді. Кейіннен команда бастапқы қарқынын төмендетіп алды. Оның үстіне «Қайрат» та жақындап қалды. Қазір Павлодар мен Алматы командаларының арасын екі ұпай ғана бөліп тұр. Гогита Гогуа сияқты ойыншының басқа клубқа ауысуы Димитров бапкерге оңай тимегені анық. Әзірге грузиялықтың орнын басатын мықты легионер алынған жоқ. Ал «Ақтөбе» жеңіс тойын соңғы рет осыдан бір ай бұрын Қарағандыда тойлаған еді. Одан бері Уткульбаев шәкірттері төрт ойын қатарынан үш ұпайға қол жеткізе алмады. Соңғы турда өз алаңында «Тобылға» жеңіліп, тіпті жағдайларын қиындатып алды. Алғашқы алтылыққа ену үшін «Ақтөбеге» ұпай жоғалтуға болмайды. Сондықтан бұл тартысты кездесу болады деп ойлаймын. «Ертіс» пен «Ақтөбенің» Павлодарда өткен соңғы екі ойыны 1:0 есебімен аяқталған екен. Бұл жолы да солай болуы ықтимал. Менің болжамым бойынша «Ертіс» бір доп айырмашылығымен жеңіске жетеді. Кездесу 1:0 немесе 2:1 есебімен аяқталуы тиіс.

«Қайрат» – «Ордабасы» – 2:0

«Қайрат» маусым басындағы сәтсіздікті толығымен ұмытып, қазір нағыз бабына келді. Грузиялық бапкер жаттықтыратын алматылық команда 1 мамырдағы Астанадағы жеңілістен кейін қатарынан 7 ойында қарсыластарына бірде-бір ұпай берген жоқ. Соның арқасында чемпиондыққа таласты бастап кетті. Бауыржан Исламхан, Андрей Аршавин, Жерар Гоу, Исаэль секілді ойыншылар әрбір кездесуде нәтижелі ойын көрсетіп жүр. Жақында командаға чилилік Херсон Асеведо келіп қосылды. Бұл футболшы Ресейдің «Урал» сапында жақсы ойын көрсеткен еді. Алматы командасына өз көмегін тигізері анық. Ал «Ордабасы» соңғы кездесуде «Ертісті» 2:0 есебімен жеңді. Қытайда мергендік танытқан Азат Нұрғалиев дубльдің авторы атанды. Бірақ шымқалалықтар сырт алаңда алаң-құла ойнап жүрген команда. Сондықтан Алатау баурайында «Қайратты» тоқтатады дегенге сенбеймін. Бұл ойын 2:0 есебімен аяқталуы тиіс.

«Оқжетпес» –«Шахтер» – 0:0

«Шахтер» биылғы маусымда жинаған 13 ұпайының сегізін сырт алаңда еншілеген. «Кеншілер» қазір шабуылдайтын команда емес, қорғанысқа жамбастап жатып алып, бір ұпайды еншілеуді көбірек ойлайды. Сондықтан бұл матч тең аяқталуы ғажап емес немесе «Оқжетпес» 1:0 есебімен ұтуы мүмкін. Мен бұл жерде 0:0 дегенге тоқталмақпын.

«Тараз» – «Жетісу» – 1:1

«Тараз» алғашқы турда «Қайратты» жеңгеннен кейін өз алаңында үш ұпай иеленіп көрген емес. Бұл жолы жергілікті жанкүйерлерді қуантуға керемет мүмкіндік бар. Бірақ менің оған күмәнім бар. Жалпы екі команда 2013 жылдан бері тең түсіп көрмеген екен. Осы жолы матч тең аяқталуы ғажап емес. Алаң иелері Малик Мане, қонақтар сапынан Душан Савич көзге түсетін шығар. Болжам – 1:1.

«Тобыл» – «Астана» – 1:1

Омари Тетрадзе келгелі «Тобыл» соңғы екі ойында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде алтылыққа енуге жақындап қалды. Осы жолы «Астананы» ұтса, үздіктер қатарына қосылуы мүмкін. Бірақ елордалықтар оған жол бере қоймас. Стойлов бапкер еурокубок басталмай тұрып, ұпай қорын молайта түсуге тырысады. Бұл кездесуде тең аяқталып қалатын сияқты немесе бір доппен айырмашылығымен «Астана» жеңеді. Мен соның алғашқысына тоқтайын. Болжамым – 1:1.

«Ақжайық» – «Атырау» – 1:2

Батыс дербиі. Соңғы турда екі команда да жеңіске жеткен. Мұнайлы командаға жаңа бапкер келген. Бұл матчта қонақтар бір доп айырмашылығымен ұтатын тәрізді.

Ал өткен жолы ел чемпионатының 15-тур ойындарына алматылық спорт комментаторы Руслан Бақытжан болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 4 ұпай жазды.

Руслан Бақытжанның ХV-турға жасаған болжамдарының қорытындысы

Ойындар

Р. Бақытжанның болжамы

Ұпай

Астана – Жетісу 1:0

2:0

1

Шахтер – Қайрат 0:5

1:3

1

Ордабасы – Ертіс 2:0

1:2

0

Ақжайық – Тараз 2:1

1:0

2

Ақтөбе – Тобыл 0:1

1:1

0

Атырау – Оқжетпес 2:1

1:1

0

«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі

Орын

Журналист

Ұпай

Тур

1

Ермұхамед Мәулен

11

VI

2-3

Руслан Меделбек

6

ХІV

2-3

Сәкен Сыбанбай

6

Х

4-5

Арай Ізбай

5

ХІІ

4-5

Рауан Оқасов

5

ІХ

6-8

Ермек Төрениязов

4

VIII

6-8

Әділ Жақанов

4

ХІІІ

6-8

Руслан Бақытжан

4

ХV

8-9

Ғабит Сапарбеков

3

VII

8-9

Төлеубек Әділбекұлы

3

V

10

Нұржан Туғанбай

2

ХІ

11

Есей Жеңісұлы

1

IV

«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика