Вернуться к списку статей

Ханчжоудағы басты қуаныш қазақ каратэшілерінің жетістігі

Азиада-2023
374

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында каратэшілер қуантып жатыр. Үш жарыс күнінде олар үш алтын, екі күміс, екі қола медаль еншілеп, бейресми командалық есепте көш бастап тұр.

Алғашқы күні Нұрқанат Әжіқанов 75 келіге дейін салмақта топ жарды. Токио Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионатынының 2 мәрте қола жүлдегері финалда Хасан Масарвехті (Иордания) 8:0 есебімен жеңді. Былайша айтқанда қарсыласына мүмкіндік қалдырған жоқ.

Оған дейін Нұрқанат жартылай финалда Малайзия өкілі Рагоназан Шармендрадан, ширек финалда қырғыз спортшысы Назым Нұрлановтан, алғашқы айналымда Мұхаммед Шекху Аламнан (Непал) айласын асырған.

Ал Лаура Әліқұлға бұйырғаны күміс. Финалға дейін қиналмай жеткен жас спортшы шешуші кезеңде жарыс қожайыны, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері Цяоцяо Лиге жол берді. Айтпақшы, бұл әйелдер арасындағы 68 келіге дейін салмақ дәрежесіндегі бәсеке болатын.

«Финалдағы қарсыласым мықты. Шыны керек, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Әрине, бір қадам қалғанда алтын алуды қалағаным жасырын емес. Бірақ бұйырғаны осы болды», - деді Лаура Әліқұл жарыстан кейін.

Ерекше айта кететін жайт, отандасымыз жартылай финалда екі дүркін Азия чемпионы атанған индонезиялық Сейко Джорджия Зефаньяны тырп еткізбеді. Оның алндында вьетнамдық Хуонг Зи Динхқа да мүмкіндік қалдырған жоқ.

Екінші күні алтын медаль WKF каратэден 60 келіге дейінгі салмақтағы Қайсар Алпысбайға бұйырды. Ол 60 келіде қарсылас шыдатқан жоқ. ФиналдаКувейт өкілі Абдулла Шаабахты 7:5 есебімен жеңіп,Азия ойындарында жеңімпаз атанды.

Қайсардың жарыс жолындағы қарсыластары:

1/16 финал. Ка Хим Чау (Гонгонг) – 5:4

1/8 финал. Санкар Суреея (Малайзия) – 5:3

1/4 финал. Сивакон Муекзонг (Таиланд) – 8:0

1/2 финал. Ари Сапутра (Индонезия) – 12:3

Финал. Абдулла Шаабах (Кувейт) – 7:5.

Қыздардан 61 келідегі Әсел Қанай қола жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін бәсекеде ирандық татами шебері Атоуса Голшаднежадтан басым түсті. Қазақ каратэшісіне жеңіске жету үшін бір ғана ұпай жеткілікті болды.

Ұлттық құрама спортшысы іріктеуде Аднан Закияны (Малайзия), одан кейін Кристин Лиді (Филиппин), жартылай финалда Нгоан Тхи Нгуеннен айқасын асырды. Әсел былтыр Азия чемпионатында жекелей және командалық сында топ жарған.

Ал бүгін Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта топ жарды.

Ол финалда непалдық Арика Гурунгті 3:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Сөйтіп, Қазақстан қоржынына оныншы алтынды салды.

Отандасымыз ХІХ жазғы ойындарды ширек финалдан бастап, Жуд Олдрусты (Иордания) сенімді жеңген. Сосын жартылай финалда Филиппин спортшысы Изабель Арианна Бритодан басым түсті.

Ал ерлер арасында каратэнің кумите бағдарламасында сынға түскен Данияр Юлдашев күміс жүлде алды. Отандасымыз 84 келіге дейінгі салмақта финалда есе жіберді.

Одан бөлек, Дидар Әмірәлі 67 келіде қола жүлде тұрақтады. Үшінші орын үшін тартыста ирандық Амир Заде Махдиді жеңді. Есеп: 7-2.

Дидар үшін бұл жазғы Азиаданың екінші медалі. Ол 5 жыл бұрын Джакартадағы сары құрлық Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған. Ал қарсылас осымен төртінші Азия ойындарына қатысып тұр. Ирандық татами шебері 60 кг дейінгі салмақта 2014 жылы Инчхонда чемпион атанып, 2018 жылы Джакартада күміс жүлдеге ие болған. Тағы 2 дүркін әлем және Азия жеңімпазы деген атағы бар.

Сөйтіп, үш күнде 3 алтын, екі күміс, екі қола медальға ие болдық. Жалпы командалық есепте каратэден Қазақстан көш бастады.


12242

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика