Вернуться к списку статей

Хайрулло Хамидов: Қазақстанның Азияға оралғанын қалаймын

Футбол
5K

Өзбекстанның атақты комментаторы Хайрулло Хамидов қазақ спортына қатысты өзінің пікірін білдірді. «BEK Sport» YouTube-каналына берген сұхбатында маман Өзбекстан футболының қазіргі хал-ахуалы, Қазақстан спортына деген көзқарасы туралы айтты.

Ол жуырда Катарда өткен футболдан Азия кубогіне барып, матч жүргізген болатын. Сұхбат барысында ол осы турнирді және Қазақстан футболының аяқалысы туралы айтып берді.

– Сіз жақында Катарда өткен Азия кубогына барып келіпсіз. Өзбекстан құрамасына Қазақстаннан да біразымыз жанкүйерлік еттік. Жалпы, Азия кубогы көңіліңізден шықты ма?

– Әрине, Катар футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастырған соң, олардың Азия кубогын де жоғары деңгейде өткізетін анық еді. Трансляция тарату жағынан, стадионның дайындығы жағынан бәріне бес деген баға бере аламын. Катар жарыс қожайын болған соң, олардың қатысумен өткен ойындарда аздаған бұратартушылық болғаны өзге қатысушы елдердің жанкүйерлерін ренжітті. Мысалы, жартылай финалда Иран футболшыларының әрекеттері көпшілікте күмән тудырды. Сонымен бірге финалда Иордания жақсы ойнаса да, төреші қатарынан үш пенальти белгіледі. Біреуінде VAR-дың дұрыс позицияға қойылмағаны күмән тудырады. Осылайша, Катар екі рет қатарынан Азия кубогын жеңіп алды. Бұған дейін 2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Азия кубогында Катар құрамасы керемет нәтиже көрсеткен еді. Ал осы жолы жағдай сәл басқаша. Төрешілердің көмектескені байқалып қалды. Басқасы өте керемет. Ұйымдастыру жағы супер.

– Ширек финалда Өзбекстан болашақ чемпион Катардан пенальти сериясында жеңілді. Жігіттер пенальтиге дайын болмады ма?

– Өзбек құрамасының қатысуына келсек, соңғы ойында пенальтиден жеңілгеніміз – жалғыз Өзбекстанның емес, жанкүйерлерді ренжіткені анық. Пеналтилер сериясына келер болсақ, Одилжон Хамробеков («Пахтакорда» ойнайтын жартылай қорғаушы) ойыннан кейінгі сұхбатында «біз пенальтиге дайындалмадық» деп айтпағанда, жанкүйерлер рух жағынан есе жіберді деп ойлайтын еді. Бірақ Одилжон бәрін айтып қойды. Басқа да ойыншылар пенальти сериясына дайындалмағанын растап отыр. Одан кейін сыни сөздер көбейіп кетті. Өзбекстанның пенальти сериясына дайындалмауы бас бапкер Сречко Катанецке үлкен сұрақ. Тіпті плей-оффта Таиланд құрамасымен өткен ойында пенальтиге дейін жетуі мүмкін еді. Ол жерде де жеңіліп қалуымыз мүмкін еді. Сол үшін плей-оффта пенальти сериясына дайындалмаған құраманың финалға шықпауы әділетті деп ойлаймын. Басқа нұсқа жоқ.

– Өзбекстан халқы бұл жеңілісті қалай қабылдады? Не жетіспеді? Чемпионаттың алдында қандай мақсат қойған едіңіздер?

– Өзбекстан құрамасының жеңілісін әркім әр түрлі қабылдады. Кейбіреулер біз турнирде негізгі уақытта ешкімнен жеңілген жоқпыз деп ақтағандай болды. Бірақ көпшілік пенальти сериясындағы ойыншылардың әрекеттеріне наразы. Ойын барысында Катардан жақсырақ ойнағанымыз рас. Алайда мың есе жақсы ойнағанымызбен, гол соға алмағанымыздан кейін футболшылар пенальтиді тәртіппен тебу керек еді. Чемпионаттың алдында түрлі сайттарға, болжам жасайтын мекемелерге өзімнің ойымды айтқан болатынмын. Менің ойымша, Өзбекстан кемі жартылай финалға жетуі тиіс еді. Содан соң Азияның ең мықты командаларына тап келетініміз анық еді. Менің болжамым бойынша, біз Иранмен кездесуіміз мүмкін болатын. Катарды жеңгенде Иранмен кездесер едік. Көпшілік топта екінші орын алатынмызды топшылады. Иә солай болды. Катармен ширек финалда бәрібір кездесетін едік. Шындыққа тура қарайтын болсақ, Өзбекстан құрамасының жартылай финалға жетуі де үлкен жетістік болар еді. Кейбір жанкүйерлер ойбай неге Өзбекстан финалға жете алмайды деп ойлайды деуі мүмкін. Дегенмен, үміт ету мен шынайы жағдайды салыстыру басқа. Біздің тарихтағы ең үлкен жетістігіміз төртінші орын болған. 2011 жылы жартылай финалда Австралияда 0:6 есебімен ұтылғанбыз. Ол кезде де жарыс Катарда өткен. Бұл жолы да сол жетістікті қайталап қаламыз деген ниетпен барған едік десе де болады.

– Өзбекстанның қазіргі жұлдыздарының бірі – капитан Эльдор Шомуродов құрамаға жетіспеді деп жатыр. Бұған не айтасыз? Қазір Эльдордың жағдайы қалай?

– Эльдор Шомуродов Өзбекстан құрамасының негізгі футболшысы, Сречко Катанец келгелі құраманың ойын тактикасы Шомуродовтың ыңғайына қарап құрылатын болды. Бұл тактиканың жемісін өткен жылы Иранмен кездесуде көрдік. Сол кезде 0:2 есебімен ұтылып жаттық. Ол матчта Элдор алаңға орталық шабуылшы ретінде шыққан. Үзілістен кейін қапталда ойнауға ауысты. Сол тұста ирандық қорғаушыларды шатыстыра алдық. Олардың қорғанысында түсініспеушілік болды. Мүмкіндікті пайдаланып, соққы жасай бастадық. Эльдорды жауып жүргенде Азизбек Тургунбаев, Остан Уруновтар шалт қимылдай бастады. Остан екі рет тепті. Кейін ол әдемі гол да соқты Қазақстанда өнер көрсеткен Игорь Сергеевтің таразы басын теңестірген голы тіпті ғаламат. Эльдор Шомуродов таза шабуылшы болса да, Сречко Катанецтің «жасырын құралына» айналғаны рас.

Турнир басталардан бір ай бұрын Элдор жарақат алып, саптан шықты. Нәтижесінде үлкен проблемаға тап келдік. Ұлттық құрамадағы өзге ойыншылармен нәтиже көрсеткеніміз – жанкүйерлерге жақсы көрсеткіш болғанын еске салғым келеді. Турнир кезінде тағы 5-6 ойыншымыз жарақат алды. Катармен кездесуде екінші құраммен ойнағандай болдық. Жалпы алғанда ұлттық құраманың нәтижесіне көңіліміз толады.

– Осы күні Өзбекстан футболшылары көптеп Европа, Түркияға кетіп жатыр. Хусанов «Ланста», Шукуров «Кайсериспорда», Тургунбоев «Сивасспорда», Файзуллаев ЦСКА-да? Осы жетістіктің сыры неде? Өзбек футболшыларының топырлап шетелге кетуіне қандай жағдай әсер етті?

– Өзбекстан футболшыларының шетелге шығы бастағанының негізгі себебі – агенттердің жақсы жұмыс істеп жатқандығында. Мойындауымыз керек, бұрынғы кезде агенттеріміз өздерін көрсете алмаған және шетелге шығудың өзі қиын болған. Мәселен, Гейнрих, Қосимов Ресей командаларына ауысқанымен, ары қарай шетелге кетпеді.

Қазіргі ойыншылардан Машарипов топ клубтарға баруға лайық футболшы. Элдор Шомуродовтың Италияға бару – агенттердің нәтижелі жұмыс істеуінде. Сонымен қатар «Ланста» Хусанов ойнап жатыр. (6,22-6,37 сек). Ол Францияға барғанға дейін Беларусь чемпионатында ойнағанда, ашығын айту керек, оны Өзбекстан жанкүйерлері де танымайтын еді. Беларусь елінде жүріп ол өсті, тәжірибе жинады, сөйтіп «Лансқа» ауысты. Осы трансферде де агенттер тамаша жұмыс істеді деп ойлаймын. Өйткені қазіргі уақытта футболшының айналасында жүрген адамдар футболды жақсы түсінеді. Ойыншының қайда барса футболшы үшін де, өздері үшін де жақсы болатынын біледі. Осылай футбол агенттері Өзбекстанның талантты футболшыларын әлемге таныстыра бастады. Агенттері жақсы жұмыс істеген орта деңгейдегі футболшыларымыз да шетелге шыға бастады. Азия кубогынде ойнаған жігіттер де агенттердің, мамандардың көзіне түсті. Азиз Тургунбаевті, Аббосбек Файзуллевті айтуға болады. Файзуллев – нағыз талантты футболшы. Элдор Шомуродовтан кейінгі негізгі жұлдызымыз осы. Азия кубогынен кейін тағы да бағасы өскен шығар. Абоссбек ЦСКА сапында да, оның алдында «Пахтакорда» да ойнап жүргенде тамаша ойынымен көзге түскен еді. Дегенмен, қазір өзбек футболында талантты футболшылардың шоғыры пайда болды деп айта алмаймын. Мұнда агенттердің жұмысын ерекше атап өту керек.

– Осы күні Өзбекстан футболшылары көптеп Европа, Түркияға кетіп жатыр. Хусанов Ланста, Шукуров Кайсериспорда, Тургунбоев Сивасспорда, Файзуллаев ЦСКА-да? Осы жетістіктің сыры неде? Өзбек футболшыларының топырлап шетелге кетуіне қандай жағдай әсер етті?

– Қазақстан клубтарының УЕФА Чемпиондар, Еуропа, Конференция лигаларындағы кейбір ойындарын тамашалап тұрамын. Арасында жүргіземін. Мысал ретінде «Астана» және «Манчестер Юнайтед» ойынын айтуға болады. Соңғы кездері Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын тамашалап жүрмін. Ұнап жатыр. Біздің Өзбекстан құрамасына да қазақстандық жанкүйерлер Азия кубогында қалай қолдау көрсетілсе де, бізде де сондай жанкүйерлік бар.

– Қазақстанның Евроға былтыр жақсы мүмкіндігі болған. Өкінішке қарай, соңғы турда Словенияға есе жібердік. Енді алдағы айда тағы бір мүмкіндігіміз бар. Сырт көз сыншы дейді. Қазақстанның мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Өзбекстан мен Қазақстан құрамалары арасында жолдастық матчтар өте бастады. Мені Қазақстанның УЕФА-да ойнағаны сәл қынжылтады. Өзбекстан футболының дамуы үшін де Қазақстанның Азия футбол Конференциясында болғаны жақсы еді. Екі құрама бір конференцияда болғанда дерби ойындар көбейер еді. Қазір енді екі құрама екі жақта. Сондықтан Қазақстанның УЕФА-дағы іріктеу матчтарында нейтрал жанкүйер ретінде қолдап тұрамыз. Даниямен кездесуді тамашаладық. Өзімнің жеке ютуб арнамда Қазақстанның ойындарына талдау жасап тұрамын. Ол жерде қазақстандықтар пікір қалдырып жатады.

Қазақстан ұлттық құрамасында шешен ұлтының өкілі Магомед Адиев жұмыс істеп жатқандықтан ба соңғы минуттардағы камбэктерді байқаймыз. Яғни шешен ұлтына тән мінез бар.

– Ұлттық құрама көшбасшысы Бактиер Зайнутдинов бұрын ЦСКА-да ойнаған еді қазір Бешикташта жүр. Бактиерді білесіз бе?

– Элдор Шомуродовпен бір кездері бір клубта ойнаған Бақтиер Зайнутдиновқа ерекше тоқталып кеткенім дұрыс. Ол футболшы қазіргі таңда Түркия чемпионатында өнер көрсетіп жүр. Оның деңгейі бірден байқалып тұр. Бірақ мен лидер футболшыларды мақтағым келмейді. Көбіне сол лидер футболшыларға көмектесіп жатқан ойыншылар көбірек еңбек етіп жатқан сияқты. Ұлттар лигасында да, іріктеу кезеңдерінде де Қазақстан құрамасы Еуропаның ең үздік командаларымен ойнады. Сол бәсекелерде ерлік көрсету тек жетекші футболшыларға байланысты емес. Бұл жерде көбірек қара жұмысты істейтін жартылай қорғаушылар, қапталдағы футболшылардың еңбегі көп. Қазақстан құрамасы туралы айтар болсам, қазіргі құрамды ең таланатты футболшылар шоғырланған құрам деп айта алмаймын. Бұрынғылармен де салыстыра алмаймын. Бірақ ең мінезді құрам деп айтуға болады.

– Өзбекстанда 10 жаңа стадион бар деген ақпарат тараған еді. Кейін тек Бунедкордың стадионын салғанын естідік. Қалғаны реконструкция дейді. Осы туралы айтып берсеңіз? Инфрақұрылым жағы қалай?

– Өзбекстандағы стадиондар туралы айтар болсам, Азия чемпионатын өткізуге сәйкес келетін стадиондар саны соншалықты көп емес. Бірақ 2000 жылдары Өзбекстан телевизиясында сюжеттер жасаған кезде ең көп сынайтын дүниеміз – стадиондар, жасыл алаң шөптерінің сапасы болатын. Бір-екі ғана жақсы стадионымыз бар еді. Бұл стадиондардан басқа алаңдарда футбол ойнау мүмкін емес болатын. Бірақ қазір сол кезеңмен салыстырар болсақ, 10-15 жылдың ішінде орта деңгейлі стадиодар пайда болды. Әрбір облыста өз командалары ойнайтын жақсы стадиондары бар. Әрине, Катар стадиондары сияқты ірі турнирлерді қабылдай алмайды. Дегенмен, инфрақұрылым бірте-бірте қалыпқа келе бастады. Үлкен-үлкен қонақ үйлер салынып, жол транспортының бағыты, жүрісі дұрысталса, жақын жылдары Өзбекстан Азия чемпионатын өткізе алады. Жастар арасындағы Азия чемпионаттарын қазір де өткізуге шамамыз жетеді, мен ересектер арасындағы чемпионаттарды негізге алып айтып отырмын. Үкімет тарапынын шығарылған заңдар, бұйырқтар, әр облысытың футболға деген көзқарасының дұрысталуынан стадиондар жақсара бастады. Өзбекстан чемпионатының матчтарын жүргізгенде жақсы кадрларға куә болып жатырмыз. Өте тамаша болмаса да, бұрынғыдай шөптері сарғайып қалған, өспей қалған жерлерін көріп жатқан жоқпыз. Соның өзі жанкүйерлерге қуаныш сыйлайды.

– Өзбекстандағы балалар футболы да бізді қызықтырады. Осы жағы қалай болып жатыр?

– Балалар футболы ТМД елдерінің барлығында бірдей деңгейде деп ойлаймын. Яғни, аса мәз емес. Бізде өте көп таланттар бар. Элдор Шомуродов немесе Аббосбек Файзулаевтар сияқты жұлдыздары жарқ ете қалуы мүмкін. Қазір де мұндай балалар шығып жатыр. Бірақ талантты балалардың шығуы балалар футболының дамып жатқанында емес. Балалар академиясына қарайтын болсақ ол жерлерде жағдай аса мәз емес. Тек жекелей академиялар ашылып жатқаны қуантады. Одил Ахмедовтың, Бахтиёр Ашурматовтың футбол орталықтары ашылды. Осындай жекелеген академиялар сапаны арттырады. Талантты футболшыларды қадірлей бастайды. Сондықтан балалар футболы бұдан кейін жақсарады деп ойлаймын. Алайда қазіргі таланттарымыз өзбек ұлтының футболға деген көзқарасының арқасында шығып жатыр. Біздің елде футболды өте жақсы көреді. Футболды қатты сүйетін елдерде 10 баланың 9-ы футболға қатысады. Бұның нәтижесінде Отабек Шукуров немесе Элдор Шомуродов сияқты бір таланатты бала шығуы мүмкін. Өзбекстан құрамасының жақсы футболшылардың шоғырланып қалуы академиялардың жақсы жұмыс істеп жатқандығында емес. Ұлттың футболды қатты жақсы көруінде деп ойлаймын.

– Қазақстан журналистерін, комментаторларын білесіз бе? Кімдерді тыңдап көрдіңіз?

– Қазіргі уақытта АПЛ-дің Өзбекстан аймағында көрсету үшін «Сетанта» телеарнасы сатып алған. Сол жерде қазақстандық әріптестеріміз комментаторлық жасап жүр. Оларды жиі қараймын. Қазақстанда тұрып матчты жүргізіп жатқан әріптестерімнің жұмысына жоғары баға қоямын. Әрине, көбіне орысша жүргізеді. Жұмыстары керемет. Яғни, Okko-мен бір деңгейді жұмыс ітеп жатыр. Кей комментаторларда бір командаға бүйрегі бұрып тұрады деп ойлауы мүмкін, бірақ мен комментатор ретінде олай айтпаған болар едім. Мен көбіне қазақстандық футбол комментаторларын көбірек қараймын. Олардың «Сетанта» арқылы көптеген подкастарын да тыңдаймын. Сапасы өте жақсы және уақыт өткен сайын дамып келеді. Оларға тек сәттілік тілеймін.

– Боксқа қызығушылыңыз қалай? Қазақстан мен Өзбекстан бокста держава саналады?

– Шынымдай айтайын, боксқа аса қатты қызыпаймын және футболдан басқа спорт түрлерін жүргізбеймін. Сондай-ақ бірқатар спорт түрін мүлде көрмеймін.Қарамайтын спорт түрімінің бірі – бокс, жекпе-жек түрлері. Яғни, адамның қаты төгілетін спорт түрлерін көргім келмейді.Кім көргісі келсе көре берсін, оған қарсылығым жоқ. Бірақ мен көре алмаймын. Алайда Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларының жекпе-жектерінде араға түсіп қалған кездерім болған. Индонезияда өктен Азия ойындарында қазақстандық әріптестеріміз келіп болжамымды сұраған. Біз ол жақа жанкүйер болып барғанбыз, спортшыларымызға қолдау көресту үшін барғанбыз. Қазақ-өзбек боксы Азияда бір-бірімен кездесіп жатқандықтан кездесулер әрқашан қызық өтеді. Енді соны футболға ауыстыратын болсақ, өкінішке қарай бұл жақта мұндай теке-тіресті көре алмаймыз. Футболда да Қазақстан Азияда қалғанында қазір керемет дербилерді көретін едік. Өзбекстанның Еуропаға баруға ешқандай мүмкіндік жоқ. УЕФА-ға кіре алмайды. Сол үшін Азияға қайтуды әлі де ойланып көрсеңіздер жақсы болар еді. Егер Азияға келсеңіздер үздік төрттіктің қатарына кіріп, Әлем чемпионатынға шығуға мүмкіндіктеріңіз көп болады деп ойлаймын. Сондай-ақ «Қайрат» пен «Пахтакордың» бұрынғы сұрапыл дербилерінің де жалғасын көретін едік.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика