Қарағандыда бокстан ҚСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске түсіру халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Турнир дәстүр бойынша жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылып тұрады. Осымен ХХХІХ рет қолға алынған екен.
Сарыарқа төріне Қазақстан, Куба, Марокко, Ресей, Түркия, Ирак және Өзбекстанның боксшылары жиналды.
Сонымен жеңімпаздарға тоқталсақ, 48 келіде 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке тең келер ешкім болмады. Ол финалда Абай облысының боксшысы Ернар Қараптан басым түсті.
51 келі салмақта чемпиондық белдік кубалық боксшыға бұйырды. Финалда шымкенттік Рысхан Тәліппен жұдырықтасқан Жиовис Салфран отандасымыздан айласын асырды.
54 келінің финалында Дамир Әбдіқадыр (Алматы облысы) мен Карим Серкебаев (Қарағанды облысы) жұдырықтасты. Төрешілер бұл кездесуде жергілікті боксшының қолын көтерді.
Ал олимпиадалық салмақ 57 келіде Ақмола облысының тумасы Оразбек Асылқұлов өзінің үздігі екенін танытты. Махмұд Сабырханмен тең дәрежеде жұдырықтасып жүрген Асылқұлов Қарағандыда финалда Жасурбек Анорбаевтан басым түсті.
Қарағандының үздік боксшыларының бірі, ұлттық құрама мүшесі Талғат Сырымбетов 60 келіде топ жарды. Финалда Әділет Құрметовтің осал тұсын тапты.
63,5 келі салмақ санатында финалда ақмолалық боксшы Мұхаммедәлі Сыдық кубалық Эрисландиға жол берді. 67 келі салмақта да кубалық боксшының жұлдызы жанды. Түркістандық боксшымыз Әбдіғалым Әбдікәрім шешушы сында Жайро Рамирестан айласын асыра алмады.
Жастар арасында әлем чемпионы, негізі Қарағанды облысының тумасы, қазір Батыс Қазақстан облысының атынан сынға түсіп жүрген Сабыржан Аққалықов 71 келі салмақтың алтынын еншіледі. Финалда Алматы қаласының боксшысы Әлипаша Насыровты жеңді.
75 келі салмақта Марокодан келген боксшы Ясин Еловарз жеңіске жетті. Ол финалда астаналық Бақберген Әлиасқаровты ұтып кетті.
80 келі салмақта кубалық Жож Мануеэл Сото жерлесіміз Бекболат Әбдікерімнен айласын асырды. 86 келіде Алматы облысының өкілі Еркебұлан Әкімбай чемпион атанса, 92 келі салмақта Сағындық Тоғамбайға тең келер ешкім болмады. Ал аса ауыр салмақта тағы бір жерлесіміз Аманат Сабырғали топ жарды.
Әйелдер арасында 50 келі салмақта бас жүлдені Назым Қызайбай еншілесе, 54 келіде 1- орынды - Әнел Сақыш жеңіп алды. 57 келіде чемпиондық атаққа жерлесіміз Рано Пархатовамен таласқан марокколық Видад Бертал жетті.
60 келі салмақта бас жүлдені Римма Волосенко иеленсе, 66 келінің алтын жүлдесін түркиялық боксшы Сурменали Бусеназ қанжығасына байлады.
Әйелдер арасындағы ауыр салмақта (75 келі) астаналық боксшы Валентина Хальзова чемпион атанды.
Ғалым Жарылғапов – ҚР еңбегі сіңген бапкері, Қарағанды облыстық спорт комитетін басқарған тамаша ұйымдастырушы. 1984 жылы оның әріптестері мен коллегалары оның құрметіне алғаш рет турнир ұйымдастырды. Бұл турнир үш жыл ішінде үлкен спортқа талай боксшыларға жолдама берді.
Кезінде бұл турнирдің жеңімпаздары, келешектегі әлем және олимпиада чемпиондары - Ермахан Ибраимов, Василий Жиров, Олег Маскаев, Геннадий Головкин, Серік Сапиевтер шыққан. Ал 1999 жылы Жарылғаповтың 60 жылдығына арналған мерейлі турниріне ринге Феликс Савон шыққан.