Вернуться к списку статей

Сегіз ойынға жалғасқан жеңіссіз серия

Футбол
7K
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы қатарынан сегізінші ойында жеңіске жете алмады. Станислав Черчесов шәкірттері өткен аптада Алматыда Ұлттар лигасы аясында Словения футболшыларымен кездесіп, Балқан түбегі елінің өкілдеріне тағы да жеңіліп қалды.
«Тағы да» деп екпін түсіріп айтуымыз бекер емес. Өйткені кейінгі екі жылда Қазақстан мен Словения құрамалары Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі мен Ұлттар лигасы турнирінде жасыл алаңда төрт мәрте жолығып, соның барлығында да Словения футболшыларының мерейі үстем болды. Ең қызығы, біздің жігіттер биыл өткен соңғы екі ойында қарсыластың қақпасына бірде-бір гол соға алмай, өз қақпаларына бақандай төрт гол өткізіп алды. Осыдан бір ай бұрын Словенияда өткен алғашқы ойында алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Алматыдағы Орталық стадиондағы ойында жанкүйерлер Станислав Черчесов басшылығындағы Қазақстан ұлттық құрамасынан жеңіс күткен еді. Себебі Черчесов ұлттық құрамға келгелі бері ұлттық құрама әлі күнге дейін жеңіске жете алмай, жанкүйерлерді қуанта алмай жүр.
Сондықтан Алматыдағы ойынды біздің жігіттер жақсы бастады. Черчесов те Аустрияға қарсы өткен матчқа қарағанда аздаған өзгеріс жасап, алғашқы минуттан бастап алаңға Марат Быстров, Аслан Дарабаев, Александр Марочкин, Абат Айымбетов сияқты тың футболшыларды шығарды.
Бас бапкердің өзгерісі бірінші таймның алғашқы бөлігінде өз нәтижесін беріп, біздің жігіттер қарсылас қақпасына гол соғуға тырысты. Ойынның 10-минутында Абат Айымбетовтің алыстан тепкен добы қақпа бағанасына тиіп, кейін қарай серпілді. Словениялық футболшылардың да гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Беньямин Шешко екі рет, Адама Черина бір қауіпті жағдай жасады. Үш ретте де Игорь Шацкий тамаша сейв жасап, қақпамызды голдан аман сақтап қалды. Дегенмен бірінші таймда таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Үзілістен кейін қонақтар қарқынын арттырып, Шацкий қорғаған қақпаның алдын торуылдай бастады. Көп шабуылдаған Словения футболшылары ақыры 55-минутта өз дегендеріне жетті. Бұл жолы Ян Млакар мергендігімен көзге түсті. Голдан кейін қонақтар қарқынын алып, есептегі басымдығын арттыру үшін барын салды. Шабуылшы Шешко тепкен доп бір рет қақпа бағанасына тисе, Млакар гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Қорытынды есеп – 0:1.
Осылайша, Қазақстан құрамасы қатарынан төртінші ойында жеңіске жете алмады. Сонымен қатар Станислав Черчесов құрамаға келгелі біздің жігіттер қарсылас қақпасына әлі бірде-бір гол соққан жоқ. Осы жеңілістен кейін Қазақстан Ұлттар лигасының В дивизионындағы қалу мүмкіндігінен біржола айырылды.
Енді біздің жігіттер келесі ойындарын 14 және 17 қараша күндері өткізеді. Алғашқы ойында Аустрия құрамасын Алматыда қабылдап, келесі кездесуін үш күннен кейін сырт алаңда Норвегиямен өткізеді.
Станислав Черчесов: Бүгін жігіттер Аустриямен өткен ойынға қарағанда тәуір ойнады. Егер Норвегиямен және бүгінгі матчпен салыстыратын болсақ, онда мүлдем басқа футбол болды. Біз алға қадам жасап келе жатырмыз. Өкінішке қарай, бізде шабуыл жағы ақсап тұр. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егер бізде алға жылжу болса, онда біз дұрыс жолдамыз. Әр позиция үшін кем дегенде екі ойыншы қажет.
Матьяж Кек: Шынында бірнеше мың шақырымды тастап, Қазақстанға келу оңай емес. Ең қиыны, Қазақстанды төрт матч қатарынан жеңу. Алдымен Ұлттар лигасында топта бірінші орын алуымыз керек. Екі ойын қалды, жағдайды түзеп алуға болады. Қазақстан да тағы ұпай алып, жағдайды реттеп берсе жақсы еді. Бір рет Астанада, екіншісінде Алматыда ойнап тұрмыз. Астанада жасанды алаңда, мында табиғи. Мен Қазақстанға тағы келмес едім, өйткені бұл мемлекет алыс орналасқан.
 
Қазақстан – Словения – 0:1 (0:0)
Гол: Млакар 55
Ескертулер: Чесноков 9, Быстров 30, Исламхан 61, Әліп 75 – Иличич 42
 
Қазақстан: Шацкий (қ), Быстров, Марочкин, Әліп, Вороговский, Дарабаев (Пайруз 78), Исламхан, Тағыберген (к) (Скворцов 69), Зайнутдинов, Чесноков (Балтабеков 64), Айымбетов (Жақсылықов 64);
Резерв: Покатилов (қ), Заруцкий (қ), Жақсыбаев, Самородов, Шушеначев, С.Астанов, Қасым, Ульшин;
Бас бапкер: Станислав Черчесов.
 
Словения: Облак (қ) (к), Янжа, Бийол, Дркушич (Байрич 46), Брекало, Стоянович, Гнезда-Черин, Иличич (Петрович 71), Элшник, Млакар (Куртич 87), Шешко, Шпорар (Випотник 71);
Резерв: Векич (қ), Видовшек (қ), Балковец, Йованович, Целар, Зец, Я.Репас, Карич;
Бас бапкер: Матьяж Кек.
 
Төрешілер: Крейг Поусон, Ли Беттс, Нил Дэвис;
13.10.2024. Орталық стадион, Алматы, 19 783 жанкүйер
Яндекс.Метрика