Вернуться к списку статей

Қазақстанға «Челси» келеді

Футбол
3K
Қазақстан биыл еуромаусымсыз қалмады. Кәрі құрлықтың клубтар арасындағы турнирлеріне қатысқан төрт командамыздың арасында «Астана» топтық кезеңге өтті. Нақтырақ айтқанда UEFA Конференция лигасында ойнамақшы.
 
Енді Қазақстанға екі мәрте Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанған Лондонның «Челси» клубы келеді. Бұған дейін елорда клубы тағы бір ағылшынның мықтысы «Манчестер Юнайтпедпен» ойнаған.

Сонымен Григорий Бабаян жаттықтыратын «Астана» топтық кезеңге қалай өткенін тоқталайықшы.
 Елорда ұжымы бір апта бұрын іріктеу кезеңнің плей-офф бәсекесінің алғашқы ойынында Норвегияның «Бранн» командасынан жеңілген. Бұл сырт алаңдағы кездесу. Сол кезде қарсылас 2:0 есебімен басым түскен. Ойын бойынша да «Астанаға» мүмкіндік бермеді. Осыдан соң Бабаян шәкірттерінің топтық кезеңге өтетіне күмән көп болған еді. Сенетіндерден сенбейтіндердің саны басым болды. Дегенмен Алматыдағы қарымта ойын «Астананың» бағын жақты.
 
Бас бапкер негізгі құрамға өзгеріс те жасай қоймады. Бір апта бұрын Норвегия жасыл алаңында доп тепкендер қайта шықты. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ал екінші кезеңде жағдай өзгерді. Кездесудің 61-минутында әуелеп келген допқа бірінші жеткен Джеффри Чинеду басымен гол соғып, есепті ашты. Бұдан кейін де «Астана» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Арада 20 минут өткенде тағы да сол Чинеду екінші голды соқты. Нигериялықтың арқасы қос матчтың қорытындысы бойынша таразы басы теңесіп тұрған.

Бабаян бапкер бұл матчта көп ойыншы ауыстыра қоймады. Кездесудің 88-минутында Алекса Амановичтің орнына Исламбек Қуатты, 91-минутта матчтың қаһарманы Чинеду Джеффридің орнына Рамазан Кәрімовті қосты. Легионерлердің орнына кірген қазақстандық футболшылар қарап қалмады. Әсіресе, соңғы алаңға кірген бетте мергендік танытты. Қарсылас қорғаушыларының қателігін тиімді пайдаланған Рамазан ойынды негізгі уақытта бітірді. Әйтпесе, экстра-тайм көреміз бе деп едік.
Сөйтіп, «Астана» топтық кезеңге өтті.
 
«Астана» (Астана, Қазақстан) – «Бранн» (Берген, Норвегия) – 3:0 (бірінші матч – 0:2)
 Голдар: Чинеду, 60 (1:0). Чинеду, 81 (2:0). Кәрімов, 90+1 (3:0).
«Астана»: Йосип Чондрич (Қ), Ян Вороговский (Марат Быстров, 90+6), Алекса Аманович (Исламбек Қуат, 88), Бранимир Калайца, Кипрас Кажуколовас, Карло Бартолец, Назми Грипши, Макс Эбонг, Усман Камара, Чинеду Джеффри (Рамазан Кәрімов, 90+1), Марин Томасов;
«Бранн»: Матиас Дюнгеланн (Қ),  Йоахим Сольтведт, Рубен Кристиансен, Фредрик Кнудсен, Торе Педерсен,  Сандер Картум (Яфет Сери, 78), Эмиль Корнвиг, Феликс Мюре,  Оле Бломберг (Мадс Санне, 62), Борр Финне (Эуне Хеггебе, 62), Никлас Кастро (Ульрик Матисен, 78);
Бас төреші: Александар Ставрев (Македония).
 
«Бранн» командасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Вегор Лейкволл Моберг бұл жеңіліске қатты күйзелгенін айтты.

«Бранн» және Норвегия футболы үшін қатты қапалымын. «Бранның» гол соғатын мүмкіндіктері болды, бірақ Чинедудің хет-трик жасап кете жаздағанын да ұмытпайық. «Бранн» тарапынан әлсіздік пен қателік көп байқалды. Үшінші голдағы қателікті көру тіпті ауыр», - дейді Моберг.

 
Топтық кезеңде «Астана» Лондонның «Челси» клубын өз алаңында қабылдайды. Бұл ойын да Алматыда өтуі мүмкін. Сондай-ақ  Кипрдің АПОЭЛ және «Пафос», Португалияның «Витория» (Гимарайнш), Уэльстің «Нью-Сейнтс» және Сербияның ТСЦ командалары қарсылас атанды.
 
Елордалық ұжым өз алаңында «Челси», «Виторией» және ТСЦ клубтарын қабылдаса, сырт алаңда АПОЭЛ, «Нью-Сейнтс» және «Пафоспен» кездеседі.
 
Яндекс.Метрика